«Негізсіз тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек бюджетке өндірілетін болады»

395

0

Әлеуметтік жағдайы арқылы қай елдің болмасын бет-бейнесін көруге болады. Конституциямызда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны жазылған. Демек, бұл бағыттағы жемісті саясат Ата Заңмен де тығыз байланысты. Дегенмен, әлемдегі алдыңғы отыз елдің қатарына ену мақсатын қойған Қазақстан үшін әлі көп іс атқарылуы керек. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атаулы әлеуметтік көмекке келгенде қыжылды мәселе айқындалғанын айтып өткен еді. Бұл орайда Президент Үкіметке нақты тапсырма берді. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Төреахмет Жолымбетовпен газет тілшісінің сұхбатында өңірде жасалып жатқан істер мен алдағы жоспарлар туралы сөз болады.

–    Төреахмет Сайлау­бай­­ұлы, кешегі өткен Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Қа­зақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеу­мет­тік салаға ерекше көзқарас танытып, Үкімет пен аймақ бас­­шыларына бір­қатар міндет­терді жүктеген болатын. Осы мін­деттердің халықты әлеуметтік қор­ғау бағытындағы мәселелерін атап өтсеңіз және ол бойынша біз­дің өңірімізде қандай шаралар бар?

–    Ел Президенті өзінің сай­лауал­ды бағдарламасында да, Үкі­меттің кеңейтілген отыры­сында да Үкімет пен жергілікті әкімдердің алдына қойған негізгі міндеттерінің бірі – халықтың әл-ауқатын кө­теру арқылы өмір сүру сапасын жақсарту. Осыған байланысты, Пре­зидент халыққа көрсетілетін кепіл­дік берілген әлеуметтік қол­дау шараларының тұрғы­лықты же­ріне қарамастан, бірың­ғай жүйесін әзірлеуді, сонымен қатар әлеуметтік қол­дау көрсетудің нақты және ашық механизмдерін қалыптастыруды тапсырды және бұл ретте әлеуметтік көмек тек қана оған мұқтаж адамдарға көрсетілуі керектігін қадап айтты. Бұл мақсатта біздің өңірде де біршама жұмыстар атқырылды. Мәселен, ҚР 2005 жылғы 28 маусымдағы №63 «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына  енгі­зілген толық­тыруларға байланысты  кәмелетке  толмаған мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап  ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінде  мемлекеттiк жәрдемақы та­ғайындалып, төленуде. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап  кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасап отырған ата-анасына немесе қамқоршысына 1,05 күнкөріс деңгейінің мөлшерінде ай сайын мемлекеттік жәрдем­ақы тағайындалып, төленуде. Сондай-ақ, өздеріңізге бел­гілі, үстіміздегі жылдың 27 ақпанында Елбасының төр­аға­лығымен «Nur Otan» пар­тиясының кезекті XVIII съезі өтті. Бұл съезде Мемлекет басшысы  мү­гедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) 2019 жылдың 1 шілдесінен бас­тап  ай сайынғы мемлекеттік жәр­демақы мөлшерін 30 процентке көбейтілетіндігін және осы ша­раларды іске асыруға 2019-2021 жылдарға қосымша  қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осыған орай, республика бойынша  жәрдемақы алушылардың саны 100 мыңнан аса, оның ішінде облыс бойынша 5638   алушының жәрдемақы мөлшері  31183 теңгеден ал (1 шілдеден бастап) 41578  теңгеге көбейді. Соны­мен қатар, қолданыстағы зей­нетақы заңнамасына сәйкес  жасына байланысты зейнетақы төлем­дерін  есептеу кезінде бірінші топтағы мүгедекке, екінші топтағы жалғызілікті мүгедекке және 16 жасқа дейінгі мүгедекке  жұмыс жасауға мүмкіндігі болмай, соларға күтім жасаған  кезеңдерін  соттың шешімімен расталған жағдайда  күтім жасаушылардың   еңбек өтілдері есепке  алынады.

– Президент мүмкіндігі шек­­теулі адамдарды қолдау жүйе­сін де тілге тиек етті. Осы ретте, мүгедектігі бар адамдарды әлеу­меттік оңалту шараларына тоқталып кетсеңіз…

– Дұрыс айтасыз, елі­міз­де өкінішке орай, алғашқы мүге­дек­тік санатын алып жатқан адам­дар санының жыл сайын өсуі байқалады. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша  облысымызда «Мүгедектердің орталықтандырылған деректер қоры» ақпараттық жүйесі негізінде барлығы 30008 адам тіркелген. Департаменттің медициналық-әлеу­меттік сараптама бөлімдерімен 2019 жылдың 6 айында 5759 қызмет алушыларға «Мүгедектікті және (немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу) қажетті әлеуметтік қорғау шараларын ай­қындау» мемлекеттік қызметі көр­сетілді. Сонымен бірге,1193 қызмет алушыға алғашқы рет мүгедектік тобы тағайындалды.

– Өзіңізге белгілі, биыл­ғы жылдың сәуір айынан бас­тап халықтың табысы төмен топтарына мемлекет тара­пынан атаулы әлеуметтік кө­мектің жаңа форматы енгізілді. Осыған байланыс­ты ел Президенті Үкімет ал­дына атау­лы әлеуметтік кө­мек тағайындау барысын­да алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық фактілерін бол­дырмау және алдын алу үшін мемлекет тарапынан бақы­лауды күшейтуді тапсырды. Бұл бағытта қандай шаралар қолданылатын болады?

–    Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Президент атаулы әлеуметтік көмектің жаңа фор­маты енгізілгелі оны алу­шылардың үлесі үш есеге артқандығын атап өтті. Мұнда кейбір азаматтарымыздың қайтсе де аталған көмекті алудың небір айлаларын тауып, мәселен әдейі ажырасу, істеп жүрген жұмысынан шығу, мүлкін өзгелердің атына аудару секілді әрекет жасап, табысын азайтудың тәсілдерін қолданып жүргендері бар. Мұндай деректер қосымша қаржыландыруға және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға, сондай-ақ табысы жеткілікті әрі тұрмыс жағдайы жақсы адамдарға атаулы әлеуметтік көмек  тағайындауға байланысты бюджет қаражатын тапшылыққа әкелетінін, нәтижесінде көмекке нақты мұқтаж азаматтар мемлекет тарапынан демеу ала алмайтын жағдай туындауы мүмкін. Осыған байланысты, қазіргі таңда тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралып жатыр. Алдағы уақытта, ха­лыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындау шараларына мемлекеттік бақылау жүр­гізу біздің департаменттің құзырына берілетін болады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған мемле­кеттік органмен қатар, құжат­тарды тапсырған адам (отбасы) да тексеріліп, негізсіз тағайындалып, төленген атаулы әлеуметтік көмек бюджетке өндірілетін болады.

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<