«Отбасы банкке» он сұрақ

2787

0

Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану ережесі жарияланғалы бері оқырмандарда сауал көп.  23 қаңтардан бастап Зейнетақы қорындағы қаражатын кәдеге жаратушылардан электронды өтініштер қабылдана бастады.  

Біз бүгін қордағы қаржыны игеруге республика бойынша оператор болып бекітілген банктің бірі – «Отбасы банк» тұрғын құрылыс үй жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаевқа ең өзекті сұрақтарды қойдық.

– Алдымен ең қарапайым сауалдан бастайық. Зейнетақы шотындағы ақшаны пайдалануға өтініш берудің шектеулі мерзімі бар ма?

– Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану уақытына байланысты әзірге шектеулер жоқ. Бізде бар ақпаратқа сүйенетін болсақ, бұл жоба алдағы уақытта да жүзеге асырылады.

 – Зейнетақы қорында жас мөлшеріне сәйкес шекті сомадан асқан қаражаты бар адам ең бірінші не істеуі керек?

www.enpf-otbasy.kz арнайы платформасы арқылы электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦП) қойып, өтініш береді. Қаражат иесі өз жинағын жақындарына яғни,  апа-ағаларына, аке-аналарына және ерлі-зайыптылар бір- біріне аударып беруге құқығы бар. Қаражатты алу барысында ЖССБ 24 қосымшасы арқылы міндетті түрде арнайы шот  ашылуы қажет. Шот тегін ашылады. Отбасы банкінде салымы жоқ азаматтардың да арнайы шот ашуға мүмкіндігі бар.

Өтінішті 5 күн ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қарап, осы арнайы шотқа аударады. Егер қаражат 45 күн ішінде таңдалған мақсаты бойынша пайдаланылмаса, қордағы шотыңызға қайтарылады.

– Жинақ қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсайтындарға қандай мүмкіндіктер ұсынылып отыр?

– ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талабына сәйкес салымшылар жинақ қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 7 мақсатқа пайдалана алады:

Олар – ипотекалық қарыз бойынша қаражатты толық немесе бір бөлігін өтеу, ипотекасыз тұрғын үй сатып алу, «Отбасы банкте» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алу, ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарна салу, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеу, жеке тұрғын үй салу (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда), ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру.

Қордағы ақшаны құрылыс салуға пайдаланатындарға қолма-қол ақша берілмейтіні белгілі. Бұл жұмыс қалай жүзеге асырылады?

 – Ол үшін арнайы құрылыс компаниясымен келісім-шартқа отырып жұмыс жасауға тура келеді. Себебі қаражат жеке тұлғаларға қолма-қол берілмейді. Тек заңды тұлғалардың шотына аударылады.

DCIM\100MEDIA\DJI_0050.JPG

– Зейнетақы шотындағы қаржыға алынған жылжымайтын мүлікті сатуға қойылған 5 жылдық тыйым туралы таратып айтып берсеңіз…

– Баспана сатып алу үшін осы күнге дейін алынған несиелерді жабуға немесе үйдің толық құнын өтеп сатып алуға пайдаланған жағдайда ешқандай шектеулер қойылмаған.

Егер қордағы қаражатты баспана сатып алу үшін алғашқы жарна ретінде пайдаланса және заем мерзімі 5 жылдан жоғары болған жағдайда ғана үйді 5 жылға дейін  сатуға рұқсат етілмейді. Мысалы, зейнетақы қорындағы қаражатты пайдаланып баспана сатып алдыңыз, несие мерзімі 4 жыл 11 айға есептеп берілсе сізге үйді сатуға қатысты ешқандай шектеу қойылмайды.

Күн жылына салысымен үй құрылысына, жөндеу жұмыстарына кірісетін ағайынды мазалаған тағы бір сұрақ бар. Қордағы қаржыны үй жөндеуге бере ме?

– Қаражатты тұрғын үй жөндеу мақсатына пайдалануға рұқсат етілмеген. Алдағы уақытта шешімін табады деген үміттеміз.

– Қордағы қаржыны алғанда ұсталатын салыққа қатысты сұрақ та, түсініспеушілік те көп. Осыны таратып айтып берсеңіз…

– Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға өтініш беру барысында әркімнің таңдау еркі бар. Бірінші, қаржыны пайдаланар алдында жеке табыс салығын бірден төлеуге болады. Екінші, зейнетке шыққаннан кейін бөліп төлеуге де мүмкіндік қарастырылған. Дегенмен, бұл таңдаудың зейнеткер кісілерге еш қатысы жоқ. Тек жасы зейнет жасына жетпеген азаматтарға қатысты.

– Ата-анасының зейнетақы қорындағы қаржыны баласы үй алуға пайдалана ала ма?

– Әрине пайдалануға болады. Зейнетақы қорындағы қаражатты бір ата-анадан туған бауырлар, әкесі бір анасы бөлек болып есептелетін ағайынды азаматтар, ата-аналары балаларына, ерлі-зайыптылар бір-біріне аударып беруге құқылы. Бірақ, үшінші тұлғаға беру қарастырылмаған. Мысалы, ата-анасы ұлына жинағын аударып бергенімен, ол келіншегіне немесе баласына қаражатты бере алмайды.

–  Бүгінге дейін қанша шот ашылды, қанша өтінім қабылданды?  

– Республика бойынша  «Отбасы банктен» 107774 арнайы шот ашылды,  бірыңғай зейнетақы төлемдерін алуға банк платформасы арқылы                                        83436 қазақстандық өтінім қалдырды, оның ішінде 49257 азамат өз қаражаттарын пайдалануға мақұлдама алды.

Қазіргі таңда платформаның мүмкіндіктері  кеңейтілді. Егер өтінім беруші деректерді жазу кезінде қате жіберсе, біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мақсатын өзгерткісі келсе, жеке кабинетіне кіріп өтінімді жоя алады.

«Отбасы банк» қаражатын пайдаланушыларға қандай да бір жеңілдіктер  ұсына ма?

– БЖЗҚ қорындағы қаражатты пайдаланушылар үшін «Отбасы банк» тарапынан барлық шегерімдер мен проценттер шегерілді. Мысалы, несиені мерзімінен бұрын жабу немесе бір бөлігін өтеу зейнетақы қорындағы қаражат есебінен жүзеге асырылса, банк тарапынан ешқандай айыппұл салынбайды.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<