ПРАЙМЕРИЗ – ашық бәсекеде мықты көшбасшыларды таңдау

1896

1

Қазір қоғамда «Nur Otan» партиясы өткізгелі отырған ішкі партиялық іріктеу – праймериз мәселесі қызу талқыланып жатыр. Алайда оның мәні мен мазмұнын біреу біліп жатса, енді біреуге беймәлім мәселе. Осы орайда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешовамен сұхбаттасқан едік.

– Ләйлә Бегалықызы, алдымен жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз.

Жасыратыны жоқ, праймериз сөзін көпшілік біле бермейді. Бі­реу­лер сайлау өткелі жатыр деп қабыл­дауда. Түрлі деңгейдегі депутаттық фракцияны қалыптастыру үшін қолға алынғалы отырған бұл жа­ңа­шылдық еліміздегі өкілетті орган­дардың тыныс-тіршілігіне жаңа сер­піліс әкеледі деп сенеміз. Деген­мен, праймериз сөзін түсінікті тілмен  жет­кізіп берсеңіз…

– Расында да, праймеризді көбісі біле бермеуі мүмкін. Себебі, бұрын-соңды біздің партиялық-саяси жүйенің тарихында мұндай шара кең көлемде өткізілмеген. Түсіндіріп өтейін, алдын ала партияішілік іріктеуді праймериз деп атайды. Яғни, праймериз арқылы ашық бәсекеде мықты көшбасшылар анықталады.

Осылайша, сайлаушылардың мүд­де­лерін білдіре алатын, белсенді аза­маттар, одан әрі партиялық тізімдерге енгізу үшін іріктеледі.

– Демек, партияішілік іріктеудің міндеті жаңа көшбасшыларды анық­тау дейсіз  ғой…

– Бізге халық арасынан шығып, қоғамда қалыптасқан жағдайды білетін және қолынан іс келетін беделді азаматтарды партия қатарына тартып, елді дамыту мәселелеріне іс жүзінде атсалысқаны керек. Сондықтан да праймериз «Мықты лидер – мықты партия» қағидасын ұстанатын болады.

Іріктеуде сенімге ие болған ондай азаматтар Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттыққа, сон­дай-ақ, партия филиалдарының орган­дарына және мемлекеттік органдар­дағы лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партиялық тізімге енеді.

Түптеп келгенде, осылайша біз депутаттыққа мықты, елге қызмет ететін тұлғаларды ұсынамыз.

– Праймериз қалай өткізіледі және оған кімдер қатыса алады?

– Партияішілік іріктеу арнайы бе­кітілген Ережеге сәйкес өткізіледі, оны партия сайтынан көріп танысуға болады.

Естеріңізде болар, өткен жылы праймериз Сырдария ауданында пилот­тық режимде өткізілді. Бұл бізге біраз тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Ал енді биылғы жылы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында алғаш рет бар­лық өңірлерде толыққанды прай­мериз  өткізу белгіленді. Ол 5 кезең бо­йынша өткізілмек. Яғни, бірінші кезеңі  кандидаттарды ұсыну және тіркеу. Екінші – кандидаттарды үгіт­ке даярлау. Үшінші – үгіт-насихат жұмыстары. Төртінші – дауыс беруді өткізу. Бесінші – тізімдерді дайындау.

Кандидаттарды ұсыну бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін – өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Кандидаттар бір облыс, қала, аудан шегінде праймериз өткізудің бекі­тілген ережесінде көрсетілген талап­тарға сәйкес ұсыныла алады. Қатысу­шыларға байланысты айтарым, ірік­теу партияішілік болғандықтан, оған қатысатын азамат міндетті түрде пар­тия мүшесі болуы қажет. Ал партия мүшесі емес кандитаттар тіркеу мерзімі аяқ­талғанға дейін партияға кіруі тиіс.

Жоғарыда атап өткенімдей, ашық әрі әділ бәсекеде партия тарапынан өкілетті органдарға үміткер ретінде шынымен де іскер, беделді, білімді азаматтар іріктеледі деп есептеймін.

– Дұрыс айтасыз, бәсеке болған соң барлық үміткерлер өзін жан-жақты көрсетуге талпынады. Осы жерде үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Үгіт – насихат жұмыстары күн­тізбелік жоспарға сәйкес жүргізі­леді. Кандидаттардың үгіт жұмысы және олардың үгіт материалдары пар­тияның жарғылық және бағдар­ламалық құжаттарына қайшы кел­меуі тиіс. Сондай-ақ, үгіт жұмысы кандидаттардың дербес қаражаты есебінен жүргізіледі. Сол үшін де кандидаттар ұйымдастыру комитет­терінің талаптары бойынша үгіт жұмысына жұмсалатын қаражаттың сомасы туралы ақпаратты ұсынады.

– Олардың арасында дебат­тар яғни, пікір-таластар ұйымдасты­рылады ғой….

– Иә, ереже бойынша үміткер­лердің барлығы жария пікір­са­йыстарға қатысуы міндеттелген. Бұл жария пікірсайыс 3 деңгейде өт­кізіледі. Бірінші  базалық деңгей – праймериз барысында, екінші дең­гей – партияның аудандық және қалалық филиалдарының конфе­ренцияларында, үшінші – партияның облыстық филиалдарының конфе­ренцияларында.

Праймериз ережесінде кандидаттар­дың жария пікірсайыстарға қатысу тәртібі қарастырылған. Мәселен, ау­дандық және қалалық мәслихаттарға үміткер кандидаттар кем дегенде 1 рет. Ал, облыстық мәслихаттарға үміткер кандидаттар кем дегенде 2 рет, ҚР  Парламенті Мәжілісіне үміткер кандидаттар кем дегенде 3 рет пікірсайыстарға түседі.

– Дауыс беру қалай және қанша­лықты ашық жүргізіледі?

– Үміткерлерге дауыс беру партия мүшелері арасында жүргізіледі. Пан­демияға байланысты праймериз өткізу ережесіне өзгерістер енгізіліп, дауыс беру онлайн-форматта өткізілетін болды. Бұл азаматтар денсаулығының қауіпсіздігі және ашықтық пен қолжетімділікті арттыру үшін жасалған нақты қадам деп қабылдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, біздің өңірде интернет желісіне қолжетімділік төмен шалғай елді мекендер де бар. Мұндай елді мекендерде бастауыш партия ұйымдарының базасында  дәстүрлі түрдегі дауыс беру жүргізіледі. Осы жерде атап өту керек, барлық  дауыс беру барысынан фото-бейнежазба жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сон­дықтан, праймериз барынша әділ әрі ашық өтетіндігіне сенім мол. Негізінен праймериздің өткізілуін бақылауды Партиялық бақылау комитеті, өңірлік және аумақтық партиялық бақылау комиссиялары жүзеге асырады. Сондай-ақ, үміткерлердің партия мү­шесі болып табылатын сенімді өкілдері де дауыс беру процесіне байқаушы ретінде қатыса алады.

Осы жерде атап өту керек, партия­ның орталық аппараты шетелдік озық тәжірибелерді зерттей келе, тиісті ІТ мамандарымен бірлесіп «Электронды партия» жобасы аясында «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірледі. Ол веб-портал мен мобильді қосымшадан тұрады. Онда жеті базалық қағидат басшылыққа алынған.  Атап айтқанда, олар қолжетімділік, автономдылық, айқындық, сенімділік, легитимділік, көп функционалдық және қауіпсіздік қағидаттарын қамтиды. Бұлар жүйені қолдануға жеңіл етіп, ақпараттық қауіпсіздікті, сайлаушының «таңдау құпиясын», сырттан араласу мен бұр­малау тәуекелдерінен қорғауды қам­тамасыз етеді. Сонымен қатар «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтіп, сауалнамаларды жедел жүргізуге, түрлі бастамалар мен заң жобаларын талқылауға, шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының пікірлерін тыңдауға мүмкіндік береді. Жаңа цифрлық мүмкіндіктерді халық та қарқынды қолданатын болады.

– Бұл праймериз сайланбалы ор­гандарға ең мықты деген аза­мат­тарды анықтап, партиялық тізім­ді қалыптастыру дедік. Ендеше пар­тиялық тізімде қоғамның түрлі өкіл­дерінің мүдделерін білдіретін бөлініс белгіленген бе?

– Елбасы еліміздің сайланбалы ор­гандарында әйел азаматтардың үле­сін 30%-ке жеткізуді тапсырды. Бұл пар­тияішілік іріктеу праймеризде ес­­ке­ріліп отыр. Яғни, партиялық ті­зім­дердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30%, сол секілді 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 процент болуы шарт. Көпбалалы аналардың, қандастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілмек.

– Жаңа бастамалардың ел мүддесіне қызмет жасауын тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<