Қауіпсіздіктің қырағы қызметі

1566

0

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларының еңбегі әркез үстем тұрады. Олардың қызметінде біз біле бермейтін қаншама қажырлы іс, өлшеусіз еңбек, тынымсыз тірлік бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 23 маусым – Полиция күні қарсаңында облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанмен сұхбаттасып, қиын да жауапты қызметтің жай-жапсарын әңгіме арқауы еткен едік.

Бектөре Жеңісбайұлы, мерекелеріңіз құтты болсын. Полиция қыз­метіндегі барлық әріптестеріңізге тілектестігімізді жеткізгіміз келеді.


Лебізіңізге рахмет. Осындай ізгі тілегін білдіріп жатқан барша тұрғындарға өз әріптестерімнің атынан зор ризашылығымды білдіремін.


– Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қаншама жұмыс атқарылып келеді. Білуімізше, соңғы кездері облыс­та қылмыс деңгейі төмендеген. Демек, алдын алу шаралары күшейтілген секілді?


– Дұрыс айтасыз. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу бағытында маңызды іс-шаралар кешенін қолға алып отыр. Тәртіп сақшыларының өлшеусіз еңбегі өз жемісін беруде. Дерекке сүйенсек, биылғы жылдың бес айында тіркелген қылмыс өткен жылмен салыс­тырғанда 34 процентке азайған. Ол аса ауыр, ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстар қасақана ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, бұзақылық секілді қылмыс түрлерінде көрініс беруде. Сондай-ақ, осындай жағдай ұрлық, пәтер, мал, ұялы телефон ұрлығы, алаяқтық қылмыстар бойынша кездеседі. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамдық орындарда, көшеде, топтасып, мас күйінде жасалған қылмыстар азайды. Бұрын сотты болғандар, жасөспірімдер тарапынан, қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар да кеміді. Жол-көлік оқиғаларының дерегі төмендеп, жол апатынан қайтыс болғандар және жарақат алғандар саны азайды.


Жер-жаһанды жайлаған қатерлі індет біздің елімізді де сырт айналып өткен жоқ. Осындай жауапты кезеңде тәртіп сақшыларының белсенділігі айқын аңғарылды. Ал карантин кезінде азаматтардың өтініштерін қабылдау қалай жүргізілуде?


– Қатерлі індетпен күрес – баршамыз­дың ортақ міндетіміз. Бұған әрбіріміз баса назар аударуымыз тиіс. Бұл бағытта полиция қызметкерлері де үлкен үлес қосып отыр. Қай уақытта болмасын, біз үшін тұрғындар өтініштеріне өз деңгейінде көңіл бөліп келеміз. Карантин кезінде азаматтардың өтініштері пошта және бейнеконференция байланыс жү­йесі арқылы қабылдануда. Сондай-ақ, азаматтарды жеке қабылдау мәселесі – полиция қызметіндегі басты бағыттың бірі. Атап айта кете­йін, полиция департаментінің басшылығы азаматтардың өтінішін қарау мәселесіне күнделікті назар аударады.
Елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды. Дегенмен, карантин шаралары әлі де жалғасуда. Бұл режимнің сақталуына байланысты азаматтарды жеке қабылдау арнайы өкімге дейін тоқтатылатынын еске сала кеткеніміз орынды. Өтініштер жазбаша түрде қабылданады. Сонымен қатар, қылмыстық процесске қатысушылар қозғалған қылмыстық істер шеңберінде санитарлық нормаларды сақтай отырып, жедел тергеу қызметкерлеріне жүгіне алады. Әрбір өтініш бо­йынша тиісті тексеру жүргізіледі. Оларға міндетті түрде жазбаша жауап қайтарылады.


Жол-көлік оқиғасының алдын алуда қандай жаңа бастамалар бар? Жақында бұл мақсатта арнайы құрылғы іске қосылғанын білдік.


– Полиция қызметінде жол-көлік оқиғасының алдын алу – ең маңызды міндеттің бірі. Облыс орталығында «Аркан» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылды. Бұл құрылғы автокөліктер көп жүретін көшелерге қо­йылды. Атап айтқанда, Астана даңғылы, Жаппасбай батыр көшесінің Белкөл кенті және Бейбарыс Сұлтан көшесі тұсында, ­Н.Назарбаев даңғылының облыстық медицина орталығы және күзет агенттігі ғимараты аумағында, ­А.Байтұрсынов, Қорқыт Ата көшелерінде, Журба көшесіндегі «Технодом» сауда үйі маңында, Тәуелсіздік даңғылындағы сол жағалау­ға өтетін көпір астында және «Арай-2» шағын ауданында, Қожа Ахмет Яссауи және Ғ.Мүсірепов көшелерінің аумағында орнатылды. Аталған камералар екі бағыттағы жылдамдықты да түсіреді. Сонымен қатар, нөмірлік белгілерді, көліктің түсі мен маркасын автоматты түрде таниды. Жылдамдық арттыру жағдайын оптикалық түрде тіркеп, учаскедегі трафикті есептейді.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы ақпарат және нақты уақыт режиміндегі бейне автоматты түрде деректерді өңдеу орталығына жіберіледі. Айыппұл туралы ұйғарымды қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Қазіргі таңда облыста аталған тесттік режимде жылдамдық асырған 13 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру ережесін бұзбауды және белгіленген қозғалыс жылдамдығын сақтауды сұраймыз.


Автокөлік жолдарында үй жан­уарлары салдарынан жол-көлік оқиғасы туындап жатады. Осының алдын алуда нендей тәсілдер бар?


– Бұл жағдай біздің ұдайы назарымызда. Қызылордалық полицейлер оған қатысты тиісті іс-шараларды атқарып келеді. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында біздің тарапымыздан нақты жоспар жасалған. Қала аралық жолдар бойындағы көлік қозғалысына кедергі келтіретін үй жануарлары иелеріне өзінің малына жарық шағылыстыратын алқа тағуға кеңес берілді. Әсіресе, көктемгі уақытта тұрғындар тарапынан оларды бағу ережесі сақталмайды. Соның салдарынан қараусыз малдардың жолға шығып кету жағдайы жиі кездеседі. Жалпы, тәуліктің қараңғы мезгілінде малды жол бойында жаюға және қараусыз қалдыруға тыйым салынған. Алайда, көпшілік арасында оған көңіл бөлмейтіндер көп. Былтыр рес­публикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» жолының бойында мал қағудың 8 дерегі тіркелді. Өкініштісі, ол 2 адамның қаза болуына әкеліп, 13 адам түрлі дене жарақатын алған. Полиция қызметкерлері жұртшылық арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отыр.


– Ауылдағы ағайынның тіршілік көзі – төрт түліктің ұрлану жағдайы да ойландырады. Бұған қандай амал жасалып отыр?


– Айта кетерлігі, оған қатысты тиісті іс-шара жоспары жасалған. Мәселен, 8-12 мау­сым күндері облыста «Мал ұрлығы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Ол мал ұрлығының алдын алу, болдырмау және оны жасауға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік туғызды. Сол арқылы ұрыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі ескерілді. Сондай-ақ, аталған шара барысында бұрынғы жылдарда жасалған қылмысты ашу дерегі де тіркелді. Атап айтқанда, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылына қарасты «Қырық» деп аталатын учаскеде ауыл тұрғынының сиыр сойып алып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен күдіктілер қолға түсті. Олар жасаған қылмысын толығымен мойындады.


Қазіргі таңда елді есірткі мәселесі де алаңдатып отыр. Кейбір азаматтар оны оңай табыс табудың жолы ретінде қарайды.


– Бүгінгі күндері өңірде республикалық «Қарасора-2020» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Ол 1 маусым мен 30 қазан аралығында жүзеге асады. Мақсат – есірткі заты бар өсімдіктерді өсіріп-баптаудың алдын алу, героин трафигін жою, есірткі, оның ішінде жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу. Оған есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Бүркіт» арнайы жасағы, криминалдық және жергілікті полиция қызметтері, кинологиялық қызмет орталығы және өзге де мамандар қатысуда.


– Биыл – Қазақстан поли­ция­сының құрылғанына 28 жыл. Әріп­тес­теріңізге қосар тілегіңіз…


– Егемен еліміздің тұрақ­тылық негіздерінің бірі – Қазақстан полициясының құрылғанына 28 жыл толып отыр. Осы орайда салада жемісті еңбек атқарған ардагерлерді және жеке құрамды полиция күні мерекесімен құттықтаймын. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, қылмысқа қарсы табанды күрес жүргізуде белсенді қызмет атқарып келетін әрбір тәртіп сақшысына алғыс білдіремін. Қашанда жастарды тәрбиелеуге, полиция дәстүрін сақтап, оны дамытуға зор үлес қосып жүрген ардагерлерге деген ризашылығымыз ерекше.
Полиция қашанда халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуі жолында қырағы қызмет жасайды. Тәртіп сақшыларының сол жолдағы еңбегі әрқашан жемісті де табыс­ты бола берсін демекпін. Олардың игі қызметтеріне алғыс білдіре отырып, отбасыларына амандық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін.

Әңгімелескен

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<