Сан ғасырдың сырын түйген

2253

0

Ел тарихының құнды деректері мен ұлтымыздың санғасырлық тіршілік қалыбын айқындайтын жәдігерлер музейлер қорында сақталған. Байыптап қарасаң, әрбір бұйым өз алдына сыр шертеді.

 Мамыр айының 18-і – Халықаралық музей күні. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаевпен сұхбат әзірлеген едік.

– Сапар Әлиасқарұлы, төл мереке құтты болсын! Жалпы облыста қанша музей бар? Биыл жұмыс барысында қандай тақырыптар қамтылды?

– Облыс бойынша барлығы 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Олардың жалпы қорында 156140, ал облыстық музейде 65430 экспонат бар. Осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында қор 1178, оның ішінде облыстық музей  534 экспонатпен толықты. Сонымен қатар, музейлерде экскурсиялар, лекциялар, көрмелер ұйымдастырылады. Келушілер саны  да өсіп келеді.

Биылғы іс-шаралар Қызылорда облысының 85 жылдығына орай «Музей энциклопедиясы», «Тарих көмбесі», «Тұлғатану», «Бір әулеттің тарихы» атты жобалардан бастау алды. «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс музейлері бойынша «Жәдігерде бір сыр бар», «Тарихтағы сандар», «Музей энциклопедиясы», «Музей радиосы», «Жас өлкетанушы», «Құнды жәдігер», «Жәдігербаян», «Музей Тур»  жобалары  жүзеге асуда.

– Осы орайда жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар жайлы тарқатып айтып берсеңіз…

– Облыстық музейде бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2021 жылдан «Qyzylorda» телеарнасымен бірлескен «Құнды жәдігер», «Шалқар» ұлттық арнасында «Музей радиосы» жобалары жүзеге асырылып келеді. Осыған дейін «Құнды жәдігер» жобасы бойынша 20-дан астам тарихи-танымдық фильмдер насихатталса, «Музей радиосы» жобасы аясында белгілі тұлғалармен арнайы сұхбаттар халық назарына ұсынылды. Сонымен бірге, жобалардың нәтижесі республикалық «Egemen Qazaqstan», облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттерінде жарияланып келеді.

Бұдан бөлек, былтырдан бастап «Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» ғылыми жобасы шеңберінде Сыр бойындағы ұсталар және ұстаханалар зерттеліп, нәтижесінде музей қоры этнографиялық экспонаттармен толықтырылды.

Биыл музей қызметкерлері тарапынан «Сыр бойындағы діни-ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» жобасы басталды. Атақты Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы (1848-1921 жж.) мен Марал ишан ұрпағы Әмит ишан Әбдірахманұлының (1905-1961 жж.) пайдаланған араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған кітаптарының мазмұны аударылып, 8 кітаптың электронды көшірмесі алынды. Алдағы уақытта аталған жобалар жалғасын табады. 

– Биыл Сыр перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтуде. Осынау тарихи датаға байланысты музей тарапынан қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Мемлекет қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Тарих. Тағдыр. Тұлға.» атты көрме ашылып, Астана қаласының Бірлескен музейлер дирекциясы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі және «АЛЖИР» музейінің бірлесуімен «АЛЖИР» музейінде «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда ұлт қайраткерінің өміріне қатысты құнды деректер айтылды.

Тағы бір жаңалығымыз, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде Шымкент қаласында өткен республикалық этнофестивальде біздің қордан Сыр өңірінің тарихы, мәдениеті, өнері және облыста өндірілетін тауарлардан толық мәлімет беретін экспозициялық-композициялық көрме ұйымдастырылып, «Үздік киіз үй» номинациясымен марапатталды. Бұдан бөлек, ҚР Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитетімен /ЮНЕСКО/ бірлесе отырып, Наурыз мерекесі қарсаңында және Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияның 20 жылдығына орай балалар арасында «Алтын тақта» атты тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан турнир ұйымдастырылды.

– Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл. Тұранның төрі, Алаштың алғашқы астанасы болған аймағымыздың тарихында талай сыр жатқан болар?

– Иә, әрине. Облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай Қарағанды, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейлері арасында көрме ұйымдастыру, тәжірибе алмасу бағытында арнайы меморандум жасалды. Бұл меморандум аясында Сыр өңірі тарихы мен мәдениетін, көненің көзіне айналған жәдігерлерімізді, киелі өлкеміздің мәдениеті мен рухани құндылықтарын Арқа жұртшылығына таныстыру, ұмыт қалып бара жатқан ата-бабамыздың көне, бай мұрасын жас ұрпаққа таныстыру, аманаттау бағытына назар аударылған. Осы орайда Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ұйымдастырылды. Онда мәдени құндылығы аса жоғары археологиялық артефактілер, бірнеше ғасырлық тарихы бар жәдігерлер, сан  ғасырлар  сынынан  өтіп  шираған, қазақ  халқының  табиғи  дарынымен  өзектес,  халық  өмірімен, тұрмысымен  бірге  өсіп, біте  қайнасып  келген  қолөнерінің әсем үлгі-нұсқалары, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар Арқа жұртшылығының назарына ұсынылды.

«Қазанғап мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты дәулескер күйшінің жанына серік болған домбырасының көшірмесін музей қорына қабылдау рәсімі өтті. Бабадан қалған жауһар жәдігерді жаңғыртып, ел игілігі үшін табыстаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Ұлжан Байбосынова домбыраны салтанатты түрде табыс етті.

Ал 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық музейі қорының «Ақтөбелік ұлт мақтаныштары» атты жылжымалы көрмесі ашылды. Көрмеге қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлік жолы көрсетілген құнды материалдар, әскери киімдер, соғыс кезеңінде пайдаланған  қару түрлері қойылды.

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшесі, ұста, зергер Бекзат Жақыповтың «Құсқанат ғұмыр» және галерея қорындағы туындылардан жасақталған  «Ұлы дала тарихы» атты  көрмесі, жергілікті қолөнер шебері Пахриддин Садықовтың  «Қолөнерден өнеркәсіпке» атты  көрмесі, ҚР Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшесі Ұлмекен Маутованың «Көңілдегі керуен», ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әбілда Абызбековтың  «Дала үні», ҚР Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі Көлбай Әбілханұлының «Толқынды Арал» атты шығармашылық көрмелері ҚР Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Осындай көрермен сұранысына сай іс-шаралар жыл бойы атқарылатын болады.

– Сұхбатыңызға рахмет! Мерекеңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<