Өрелі биіктерге шыққан ел анасы

814

0

Тарих пен тағдырдың байланысы ешқашан үзілмек емес. Қайбір кезеңнің де өзіне тән ұлы мұраттары мен ұлы ұғымдары болатыны шындық. Кешегі кеңес дәуірінде ел игілігі үшін деген сенім бәрінен де жоғары тұрды. Ол сөз қазір де айтылады. Бірақ, нарықтық қатынас пайда мен зиянды екшеуге, сол арқылы әрекет етуге үйретті. Ортақ мүддеден гөрі жекелік сана басым болғандықтан да кетіп жатқан кемшіліктер аз емес. Рас, көп нәрсе әр адамның жеке басының адалдығына, әділдігіне, азаматтық пайымына тікелей байланысты. Біздердің әрқайсымыздың ақыл-парасатымыз, мінез-құлқымыз, ерік-жігеріміз арқылы қоғамдық дамудың жүзеге асарын естен шығармағанымыз абзал. Сондай ерік-жігері мықтылығымен өрелі биіктердің төріне шыққан Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваны Сыр жұртшылығы ұмыта қоймас.

Сонау ілгеріден ауыл адамының тірлігі мен тіршілігі атакәсіп – мал мен егінге тәуелді болғаны анық. Сондықтан да ауыл баласы жастайынан осы шаруаларға бейімделіп, біртіндеп ысылып шығады. Ұлбала Алтайбаева да сол үрдістен алыс кетпеді. Колхоз жұмысына ерте араласты. Алғаш ұжымның дала жұмысына  жегілгенде ол небәрі 17 жаста ғана еді.

Ерте көктемнен бастап, арық-атыз тазалау, жапты көтеру жұмыстары бірінші кезекте атқарылатын шаруалар қатарында. Ол кезде бұлар негізінен қол күшімен атқарылады. Талдырмаш болса да қолы қарулы екен, осы жұмыстарды ер азаматтардан қалыспай атқарған жас қыз үлкендердің ілтипатына ерте ие болды. Жаз бойы егіннің отағын шабу, суғару, көң тасу, тағы басқа бірінен кейін тізбектеліп келе беретін шаруалар ауыл балаларын осылайша ерте есейтетін-ді. Ұлбаланың колхозшылар қатарына қосылған 1940 жылының да қабағы қату болды. Ал келер жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, ауыр тірліктің салмағы елде қалған әйелдер мен жас балалардың арқасына артылды. Мұнда зеңбірек атылып, мина жарылмаса да тылдағы бейнеттің ауыртпалығы еңсені басар қиын болғаны ақиқат нәрсе.

Алғашында Күнбай ағасына көмекші болып қара жұмысқа жегілген Ұлбала ел басына күн туып, ер азаматтың етігімен су кешер қатерлі заман келген соң, еріксіз майданға аттанған ағасының орнын басып, диқаншылықты қолына алды. Абыройсыз болмады, әйтеуір. Атақты диқан Ким Ман Санның еңбек дәстүрінен тәлім алған ол кейіннен жақаевшылар қозғалысының топ басында жүрді. Еңбек жолындағы жетістіктеріне өзінің өмірлік жолдасы Сұлтанхан Төрениязов жәрдем беріп, қолдау көрсеткенін айтқанымыз орынды болар.

1972 жылы күріштің әр гектарынан 109 центнерден өнім алған ерен еңбегі үшін Ұлбала Алтайбаева Социалистік Еңбек Ері атағын алып, Алтын Жұлдыз бен Ленин орденін кеудесіне тақты. Ал 1974 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайлануы, сонан көп ұзамай Одақтық кәсіподақтардың ХVІІ съезіне шақырылуы өмір белестерінің биігі еді. Мұны тағдырдың тартуы деп түсінген жөн болар. Ұлбала апа – Еңбек Ері ғана емес, он бала өсірген қос жұлдызды Батыр ана!

– «Ұлы Отан соғысының оты лапылдаған жылдары өршелене ұмтылған жауға етекті бастырмау үшін барша қауым қайсарлық танытып, күндіз-түні еңбек майданында жанқиярлық көрсетсе, кейінгі елу, алпысыншы жылдары соғыс салған зардапты қалпына келтіруге күш салды. Көптен қалыспай сол шаруалардың ортасында жүрдік. Ел деп соққан жүрегін жалау етіп, көп үшін аянбайтын небір айтулы азаматтармен бірлесе еңбек еттік. Атқарған жұмысың үшін алатын ақыңды сұрау ойға да келмейтін. Дегенде сол кездегі басшылықтағы азаматтар обал-сауапты білетін, кешегі қиыншылықтарды мойнымен көтергендер еді. Сондықтан да жамағаты «адал еңбек етсең, алдыңнан ақ жол ашылар, ел-жұрттың алдында еңсең биік болса, қалғанын бір Алла өзі жеткізер» деген ұғыммен ортақ тірліктен еш қалыс қалмайтын-ды. Осы ұғымның нәтижесі кейін елге ырыс әкелді», – деген еді бізбен бір сұхбатында Ұлбала апа.

Бір қызық болғаны бар, Алтайбаеваға Еңбек Ері атағы берілгенінен хабардар болған, Сыр бойында өз сапарларымен жүрген атақты әнші-сазгерлер Ескендір Хасанғалиев пен Әсет Бейсеуов және арқалы ақын Мұхтар Шаханов Еңбекшіге ат басын арнайы бұрып, екі күн бойы ауылда қонақ болды. Дуылдатып ән салып, өлең оқығаны күні кеше секілді еді. Тойға той ұласқан сол бір кез елдің иманға ұйыған берекелі шағы екен-ау.

Жетпісінші жылдардың ортасында Мәскеуде Азия әйелдерінің конгресі болып өтті. Осы алқалы жиынға Қазақстаннан қатысқан үш делегаттың бірі – Ұлбала Алтайбаева еді. Бұл конгреске тұңғыш әйел-космонавт Валентина Терешкова басшылық жасап, жиын аса бір ынтымақты түрде өтті. Бұрын атын естімеген елдерден келген делегаттарды көріп, тілі жақындарымен тілдескен Ұлбала апа бір жасап қалғандай қуанышты күйді басынан кешірді. Жер-жерден жиналған қыз-келіншектер Мәскеудің көрнекті жерлерінде суретке түсіп, бір-біріне ескерткіш сыйлап мәре-сәре. Қызықтың көкесі «Россия» қонақ үйінде берілген кешкі банкетте болды. Үш-төрт адамнан соң тілек айту кезегі Қазақ Республикасы делегаттары атынан Ұлбала апаға беріліп, ортаға шақырды. Әшейінде сөзге үйірсектігі жоқ апамызға шаршы топтың ортасында сөз сөйлеу, оның үстіне орыс тілінде айту қиынның қиыны болып көрінді. «Сөйлей алмайтын едім» деп отырып қалу – тағы да ұят. Еңбек Ері деген дап-дардай атағы бар, Қазақ деген алып елдің өкілі. Тәуекел деп орнынан көтерілген Ұлбала апа тайсалмастан Мәскеудің төрінде қазақ тілінде былай деді: «Қазақ халқы – кең пейілді халық. Көңілденгенде ән салады. Мен тілегімді әнмен жеткіземін», – деді де іркілместен халық әні «Сәулем-айды» шырқай жөнеледі. Мына тосын әрекет жұртты да таңғалдырса керек. Бәрі қарай қалысыпты. Соңынан қол шапалақтап қазақ әйелінің өнеріне құрмет көрсетті. Риза болған Валентина Терешкова қайта-қайта Ұлбаланың бетінен сүйіп, мойнына сый ретінде орамал салады.

Иә, жақсының артында ізгілікті ісі қалады. Биыл туғанына 100 жыл толған Еңбек Ерінің ұрпақтары шырайлы Шиелінің топырағында әр салада толымды еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Замандастарына игілік, өнеге көрсетушілердің алғы шебінде.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<