Қайсарлықпен жетілген

287

0

Адамзаттың асқар жасы сексеннің бесеуіне келген КСРО және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Халықтар достығы» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Базарбай Асанбайұлы Атабаевтың тағылымды өмір жолын жұрт назарына ұсынудың сәті түсіп отыр.

Қазақ тарихындағы қасіретті 1937 жылдың 10 қарашасында дүние есігін ашқан Базекеңнің балалық шағы да кешегі Отан соғысымен, одан кейінгі қиын жылдармен тұстас келді. Оның үстіне соғысқа қатысқаны, тұтқында болғаны аздай, әкесі Асанбай ақсақал елге келгеннен кейін Мұстафа Шоқайдың туысы деп КарЛагқа айдалды. Содан жүрегі жаралы Базекең жарты ғасырдан астам уақыт ғазиз әкесін айыптаған құжатты, мәңгілік мекен еткен жерін іздеумен болды. Сәті түсіп оларды тапты. Сан жыл іздеген құжатты алдына ашып тастап, ретсіз жаза тартқан әке тағдырымен сырласты. Айрықша егілді. Дәл үстінен шықпаса да, басқа да кеңестік құрбандар жайғасқан, қазір жермен-жексен болып кеткен бейіттер орналасқан төбеде болып, сан жылдар күйінішіне тағы да ерік беріп, ерекше езілді. Қасындағы біз де оның тағдырына толқымай тұра алмадық. Базекеңнің кейін «Қасірет көрдік, жетімдік, қайсарлықпен жетілдік…» деп кітап жазуының осындай сыры бар. 

Аяулы Батсайы әжесі мен Күлшара анасының аялы алақандарының айрықша жылуы Базекеңді ешкімнен кем етпей өсірудің қуатты негізі болды. Олар қолдан келгеннің бәрін жасады, жетімдікті жеңілдету үшін ештеңені аямады. Аналар қуаты бөлек қой! Өзінің өзгеге ұқсай бермейтін ерекше ерік-жігері де ертерек жетілуге мүмкіндік жасады. Орта мектепті ойдағыдай бітіріп жан-жағына, алды-артына ой жүгіртті. 1958 жылы Қызылорда медицина училищесін бітіріп, екі-үш жыл фельдшер және 1967 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, Қызылорда қалалық және облыстық ауруханада балалар хирургі болып оқу орындарында алған мамандығын өмірлік тәжірибемен, күнделікті тірлікпен ұштай түсті.

1973-1982 жылдары Шиелі аудандық және облыстық аурухананың әдістемелік ұйымдастыру орталығының жетекшісі  қызметтерін атқарды. Әрине, ол кез қысқа жіп күрмеуге келмейтін, қай салада болмасын кадр тапшылығы көрініп тұратын. Әсіресе, жоғары білімді медицина саласының мамандары саусақпен санарлық. Аудандарда типтік ауруханалар, халқы жиі орналасқан ауылдық жерлерде медициналық пункттердің өзі жоқтың қасы болатын. Шиелі ауданы кеңшарларында учаскелік ауруханалар мен фельдшер-акушер пункттерін ашуға белсенді қатысып, бұл дәстүр облыстық денсаулық сақтау басқармасында жалғасты. Осылай емдеу шаралары халыққа жақындай түсті. Соның нәтижесінде облыс бойынша халық саны 200-ден асатын 287 елді мекенге жаңадан селолық дәрігерлік амбулаториямен қатар дәрігерлік пункттер ашылды. Дәрігерлердің білімі мен тәжірибесін одан әрі молайта түсу үшін Мәскеу, Ленинград, Киев, Ташкент қалаларындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарына жылма-жыл оқытудың жоспары жүзеге асырылды. Осындай жүйелі жұмыстың басы-қасында Базекең де болған еді.

Облыстық денсаулық басқармасында орынбасар болып жүргенде жұқпалы аурулар ауруханасының, Тереңөзек аудандық ауруханасының құрылыстарына ықпал еткенін айта кетсек артық болмас. Мұның барлығы сыйласа білудің құдіреті, таза еңбектің нәтижесі, азаматтық болмыстың шынайы көрінісі болатын. Осылай қарапайым қатардағы фельдшерден облыстық деңгейде лауазымды қызметтер атқарып, Базекең облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары, өз істерінің майталман мамандары София Мақашева, Ернияз Омаров, Тұрғанбай Маханов, тағы басқалар сапында өзіне лайықты орын алды.

Он жеті жыл басшыларға орынбасар болып жақсы тәжірибе жинаған ол 1988 жылдан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының басы-қасында болып, құрылыс біткен соң он екі жыл бас дәрігер қызметін атқарды. 150 орындық аурухана кейін 210 төсек-орынға ұлғайды. Сыр өңірінің ерекшелігін есепке алған ауруханада аса қауіпті деген ауруларды емдеуге қажетті бөлімдер ашылды. Тағы бір айта кететін мәселе – науқастарға дәрілер осы аурухананың дәріханасы арқылы берілді. Диагнозы бір болғанымен әр науқас организмінің өзіндік ерекшеліктерін ескеріп емдеуге мүмкіндік жасалды. Зейнетке шыққаннан кейін де көп жыл осы аурухананың ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі болып, жас мамандарға 40 жылдық кемеліне келген тәжірибесін бөлісті.

Осы арада Сыр бойы денсаулық сақтау саласына ерекше еңбегі сіңген Ернияз Омаровтың: «Базарбай! Сегіз қырлы, бір сырлы ел азаматы, денсаулық сақтау саласының тұлғасы, оқ десе оққа тұратын жаужүрек ел ағасы» дегенін еске түсіре кетсек, артық болмас. Бұл Базекең қоян-қолтық қызметтес болған ұстазының сөзі. Бұған қосарымыз жоқ, тек қосыларымыз бар. 

Базарбай Асанбайұлының басқаға көп ұқсай бермейтін бір қасиеті туралы айтпай кетуге болмайды. Алланың пендесіне берген бір аманаты қатарымен жарасымды сыйласу, үлкенге бауыр болу, кішіге аға болу, яғни қамқорлық жасау сияқты қасиеттерден ол еш кем емес. Осынысымен сыйлы, осынысымен қадірлі. 2012 жылы жарық көрген «Қасірет көрдік, жетімдік, қайсарлықпен жетілдік…» атты кітабының «Асыл қазынам – ағайын, әріптесім, дос, жолдасым» деген бөлімі жерлесіміз, елімізге танымал белгілі хирург, профессор, медицина саласының үлкен ұйымдастырушысы Ш.Абдуллаевтан бастап, Сыр өңірі медицина саласының тұлғалары Ернияз Омаров, Аманхан Садуақасұлы, медицина саласының қаржылай, материалдық-техникалық өрлеуіне үлкен үлес қосқан, ақынжанды азамат Тоқтаған Исмайылов, т.б. замандас-қатарластары мен інілері туралы естеліктері жылы сезім мен ыстық ықыласқа толы. Мамандығы дәрігер болып, осы салада көп жылдар қызмет етуі, күнделікті өмірде көппен араласа білуден жинаған рухани қазына  Базекеңе қалам ұстатпай қоймаған.

Бүгінде сексеннің бесеуіне келген Базарбай Асанбайұлы туралы сөз еткенде оның өміріндегі аса мәнді де киелі жұмысты айтпай кетуге болмайды. Онсыз Базекең өмірі толыққанды ашылмайды. Ол жиырма жылдан астам әлемге танылған тұлға Мұстафа Шоқай қорының төрағасы болғаны. Осы хабарды алғаш естіген ауылдағы Сейдуәлі ағасы (Мұстафа Шоқайдың Әліш ағасының ұрпағы): «Бала, сен бұл жұмысты қой! Араласпа! Көзіңді енді ғана ашқанда сен де құрып кетейін дедің бе? Менің ақылымды алып, бұған жолама» деп үзілді-кесілді қарсы болады. Кешегі талайдың тағдырын тозаққа айналдырған (оның ішінде өзінің әкесі де бар) тарпаң дүниенің жүректегі жарасы әлі толық жазыла қоймаған кезде айтылған ағасының жанашырлық пікірін Базекең жақсы түсінді. Бірақ замана ағымының өзгере бастағанын, Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік таңымен Отанына оралғанын жақсы білетін, қайсар Базекең аға қамқорлығына риза көңілін танытты да бет бұрмай, бұл жұмысқа бел шешіп кірісіп кетті.

Бала күнінен Мұстафа Шоқайдың ата-тегін, олар туралы аңыз-әңгімелерді ауылдағы көзіқарақты ақсақалдар толықтыра түсті. Сол кездердегі облыстың әкімдері С.Нұрғисаевқа, М.Құл-Мұхаммедке арнайы хат жазып, облыс басшыларының назарын аударуды мақсат етті. Бұл өз нәтижесін берді де. Мұстафа Шоқай туралы өз білгенін ұлы тұлға туралы алғаш қалам тартқан жазушылар Бейбіт Қойшыбаев, Әнуар Әлімжанов мақалаларымен, тарихшылар Мәмбет Қойгелдиев, Әбу Тәкенов, Талас Омарбеков еңбектерімен, мұстафатанушылар Бақыт Садықова, Түркиядағы қандасымыз Әбдуақап Қара, т.б. монографияларымен байыта түсті. Осындай себептермен көптеген зерттеуші ғалымдардың Мұстафа Шоқайдың дүниеге келген жерін, өсіп-өнген ортасын, өмірге алғашқы рет талпынып, аяқ басқан кездерін, ата-тек деректерін, тағы басқаларға қатысты кейбір қайшылықты пікірлерді Базекең толықтырып, кейде айқындап отырғаны да бар. Осы сәтте бір фактіні еске түсіре кетейік. 1991 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институты «История Казахстана: белые пятна» деген атпен бір топ ғалымдардың мақалалар жинағын шығарған болатын. Ресми бір жиында сондағы Мұстафа Шоқайға қатысты кешегі кеңестік кездің қайшылықтары елес берген жолдар жөнінде Базекең пікірімен сол кездегі институт директоры келісіп, ризашылықтан бір шумақ өлең жазғаны да бар. 

Базарбай Асанбайұлы «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» ұйымымен де байланысып, соның арқасында Астана, Ташкент, Түркістан, Анкара қалаларында болған жиындарға қатысып, баяндамалар жасады. Ұлы тұлғаның бүкіл түрік халықтарының бірлігін, тұтастығын сақтаудағы асқақ ой жүйесі, алдына қойған мақсаты, соған сай терең білімі, сол кездегі әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің тілін жетік білуі, өзіндік саяси көзқарастардың прогрессивтік мәні, ұлттық дүниетанымының айқындығы, әлемдік саясаттағы сарапшылығы, т.б. мәселелердегі ұстанымы туралы естіген айғақтары мен оқып-білгендерін жұртқа паш етті. Жерлесі әрі тумасы ретінде Мұстафаның өмір тарихының жұрт біле білмейтін сыры мен әлі толық ашыла қоймаған беттерін баяндауы бірсыпыра зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарды риза етті. Стамбулда өткен конференцияда Базекең мінбеден түсе бергенде бір топ Стамбул университетінің атақты ғалым-профессорлары ыстық құшақтарын айқара ашып, зор ілтипат білдіріп, шағатай тіліндегі Мұстафа Шоқайдың үш том кітабын сыйлаған болатын.

Мұстафа Шоқай 20 жылдай тұрған Францияға сапардың сәті алғаш рет 2007 жылдың наурызында түсті. Базекең париждік қандастарымыз құрған «Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығы ассоциациясының» шақыруымен алғаш осында келді. Бұл сапарында Ножан-Сюр-Марндегі Мұстафа мен Мария Шоқай тұрған үйде, бейіт басында болып, діни рәсімдерін жасады. Рахатынан қиыншылығы көп болған тағдырлар елесін есіне жиі алуға мәжбүр болды. Ал 2010 жылғы қазан айында Ножан-Сюр-Марн қаласындағы тұрған үйінің жанына биіктігі 125 см тұғырға «Мұстафа Шоқай» деген французша және қазақша жазумен, астына туған және қайтқан жылдары көрсетілген қоладан құйылған ескерткіш-бюст орнатылған үлкен жұмыстың басы-қасында Базекең де бар еді. Бұл тиісті екіжақты келісімнің негізінде жүзеге асқан аса бір игілікті жұмыс болды.  

Міне, осы аталғандардың барлығы Мұстафа Шоқай қорының қызметімен тікелей байланысты болды. Базекең қордың алдына қойылған  талаптар деңгейінен көріне білді. Осынымен мұстафатану ғылымына өзіндік үлес қосты. Ұлы есімді елге оралту, таныта түсу жолындағы бүкілхалықтық тірлікке қосқан үлесі, жазған хаттары, жасаған баяндамалары мен танымдық мақалалары 2015 жылы «Халық жадында қайта жаңғырған ұлы есім» атты үш бөлімнен тұратын кітапта жарық көрді. Осы бағыттағы Базекең қызметі жоғары бағаланып, оған ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі атағы берілді.

Сөз соңында Базекеңнің отбасы туралы да бірер сөз айта кетуді жөн көріп отырмыз. Құдай қосқан жары, жеңгеміз Гүлбараммен төрт бала тәрбиелеп, оларға жоғары білім берді. Ұрпақтары отбасын құрып, ұл-қыз өсіруде.

Қалдыбек АЙТБАЙҰЛЫ,

Әбдіжәлел ҚОШҚАРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<