Шәкірттерін шарболаттай шыңдаған

370

0

Жаңақорған ауданындағы үстел теннисі спортының негізін қалаушы Ниетәлі Қуатбековті еске алуға арналған облыстық турнир басталады.

Ниетәлі Қуатбекұлының өмірі ғибратқа толы. Ердің жасы елуге келген, сымбатты да қайратты жігіт ағасы 5-сыныптан 11-сыныпты бітіргенше бізге жетекшілік етіп, ең сүйікті тұлғамызға, ұстазымызға  айналған-ды. «Адамды тәрбиелейтін қаталдық емес, мейірім» дейтін қағиданы берік ұстанған ұстазымыз осы жылдар ішінде барлығымызға өз баласындай қамқорлық көрсетіп, әр ісімізге бағыт-бағдар беріп отырды әрі әкелік қамқорлығын аяған жоқ. Сыныптан «Жас тимуршылар» командасын жасақтап, ауылдағы жалғызілікті қария-қарттарға қолкөмек жасап, әжелеріміздің ақ батасын алатын. «Әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, бата алып жүріңдер! Ақ ниетпен берілген бата небір жамандықтан сақтайды» деп батаның құдірет-қасиетіне ерекше мән беретін.

…Әлі есімде 1993 жылы күз мезгілінде мектеп алаңында ойнап жүріп, досымның оқыс қимылынан аяғым шалынып, омақаса құлағаным бар. Мен де ашуға булығып аузыма келген бейауыз сөзді айтып қалыппын. Үстімнің шаңын қағып, басымды көтерсем, қалай келгені белгісіз жанымда Ниетәлі ағай тұр. Ақталатын жерім жоқ. Ұяттан өрттей қызарып, әдепсіз қылығым үшін кешірім сұрадым. Үндеген жоқ. Бар болғаны «Ұятыңды ұмытпа, ойла» деді. Осы сәт маған өмірлік сабақ болды. Есіме түскенде жүзімді ыстық жалын шарпып өтеді. Әркез ағайдың осы сөзі жадымда жаңғырып тұрады.

1996 жылы Қорқыт ата университетінің «Денешынықтыру және спорт» мамандығына оқуға қабылданып, қуанышым қойныма сыймай жүргенде Ниетәлі ағай қасына әкем Мергенбай мен Құралбек ағамды ертіп, Қызылордаға келді. «Осы университетте профессор досым бар, сені сол досыма таныстырайын» деп арнайы келгенде көңілім толқып, ерекше күйге бөленгенімді қалай ұмытайын? 1995 жылы ұстазымыз бізді алтын ұя мектебімізден қанаттандырып ұшырса, профессор Жақсыбек Егізбайұлы ұстазым қанатымды қатайтып, ғылым биігіне шығарды. Сол үшін алғысым да, құрметім де шексіз, әркез басымды иемін. Ниетәлі ағай шеберлігімді шыңдап, шабыттандырып, жетістікке жетуіме үлесін қосып, ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын еді. Қазір тамшыдай табысқа жетсем, ұстазымның сол кездегі еңбегінің жемісі деп білемін.

2000 жылы Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов өмірден өткенде, «мұндай бокс бекзадасын қазағым әлі талай сағынатын болады» деп жүрегінің шын қиналысын жеткізгені бар. Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы университетте әйелдер арасында өтетін баскетболдан Қазақстан чемпионатына арнайы барып, алған әсерімен бөлісіп жүретін еді. Бұл да ағайдың спортпен жаны егіз екенін білдіреді. Өзі де соғыс алаңында қаруын тастамай шайқасқан нағыз жауынгердей қолына сүйікті теннис қалағын ұстаған қалпы спорт залында өмірден кете барды.

Ниетәлі Қуатбекұлы шәкірттеріне айрықша қамқор бола отырып, үлкен мақсаттарға ұмтылдыратын, қиындықтан қашпауға, керісінше оны жеңіп шығуға шыңдайтын. 1995 жылы жоғары оқу орнына түсе алмай мектепке үйірме жетекшісі болып жұмысқа орналасқанымда «сенің бағың – спорт. Мақсатың мен бағытың айқын, оқуың керек. Ол үшін ерінбей тер төгіп, ізденуден жалықпа. Көп оқы. Талмай еңбектенген адам ғана үлкен жетістікке жетеді» деп шарболаттай қайрап, пәс түскен көңіліме демеу болды. Шыңдалып, табысқа жетуіме себепкер болған ерекше еңбегін қалайша ұмытамын?

Ағайдың отбасына, ұл-қыздарының ізеттілігіне құрметім шексіз. Әсіресе, Қайрат ағамыз ұстазымды еске салады. Кездескенде жаныңа жылылық сыйлап, сөйлескенде әзіл-қалжыңы жарасып тұратын абзал ағаның жанынан алыстағың-ақ келмейді. Себебі, аяулы ұстазымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, пайым-парасаты Қайрат ағамыздың бойынан есіп тұрғандай сезініп, ерекше күйге бөленесің.

Қанымша анамыз Ниетәлісіз өткен жиырма жылда қиындықтың батпан жүгін арқалап, ұл-қыздарын жеткізіп, немере мен шөберенің ортасында отыр.

Ұстазымыздың жарқын жүзі, асыл бейнесі біз сияқты сағына іздейтін шәкірттерінің жүрегінде сақталады.

Жандос ЕСІРКЕПОВ,

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің

қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<