«Барлық ғылымның бастауында математика бар»

668

0

ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Американың математикалық қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығының иегері, ҰҒА академигі Уалбай Өмірбаев Сыр елінде болып, «Сыр медиа» академиясында өңірдің қаламгер қауымымен кездесті.

Ғалым математика адамды жүйелі түрде ойлануға тәрбиелейтінін айта келе, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі оң өзгерістер туралы ойларын да бөлісті. Ғылым саласының дамуы, басқа да өзекті мәселелер туралы журналистер сұрақтарына жауап берді.

Уалбай Өмірбаев – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. 1977-1982 жылдары Новосібір мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алған. Әлемдегі озық жоғары оқу орындарында дәріс оқып келеді. 1972 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жапон ғалымы М.Нагатаның есебін 2001 жылы, ағылшын математигі П.Конның есебін 2004 жылы шешті.

Ғалымның еркін форматта өткен кездесуде айтылған ойларының бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Бүкіл ғылымның жетекшісі

Өмірдің барлық саласы математика. Айталық, ағылшын тілін еркін меңгеру сол тілдік ортада жүрген адамдар үшін жеңілірек. Сол секілді, математика тілін білген адам ғылымды жеңіл игереді. Себебі, математика – ғылым тілі.

Математиканың бір қасиеті өзінен-өзі дами береді. Мысалы, Ферма теоремасы деген бар. Ең әйгілі әрі ең күрделі теоремалардың бірі. Пьер Ферма 1637 жылы тұжырымдаған осы теореманың шарты орта мектеп білімі деңгейінде тұжырымдалғанымен, соны дәлелдеу үшін мықты математиктер бес жүз жыл бас қатырды. Осылайша, бір ғана теорема үшін осы уақыт ішінде қаншама иструменттер пайда болды. Ол иструменттердің барлығы кейін ғылымда қолданылып, оны жаңа деңгейге көтерді.

Ньютон мен Эйнштейнді алайық, екеуінің айырмашылығы неде? Ньютон өз заманына сәйкес жаңалықтарды ашты. Өз жұмысына сол кездегі математикалық тілді пайдаланды. Эйнштейн кезінде математика әрі қарай дамыды. Соның арқасында күрделі математика пайда болып, жаңа теориялар жасалды. Эйнштейн сол тілге сүйеніп өз жаңалықтарын ашты.

Мысалы, мен студент болып жүрген жылдары категория деген пайда болды. Сол кезде категория деген абстрактілі нәрсе болып көрінетін. «Осының керегі не?» деп ойлайтынмын. Арада қырық жылдай уақыт өтті. Қазір сол категория бағдарламалау саласында көп қолданылады. Математика – бүкіл ғылымның жетекшісі. Өмірдің қай саласында математика қолданылса, сол саланың тез дамитыны содан.

Жастар бармаса, ғылым дамымайды

Қазір жастардың ғылымға бара бастағаны қуантады. Елдегі кейінгі жұмыс орным –  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Қазір  шәкірттерімнің көбі сонда жұмыс істеп жүр. Сондағы мен меңгеруші болған алгебра және геометрия кафедрасын шәкірттерім басқарып отыр.

1980-1990 жылдар елімізде математика бір белеске көтерілген уақыт болатын. Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұхтарбай Өтелбаев, Тынысбек Қалменов, Асқар Жұмаділдаев, басқа да математиктердің арқасында сала біраз күшейді. Бірақ Кеңес үкіметі ыдыраған соң белгілі математиктердің барлығы шетелге ұмтылды. АҚШ, Латын Америкасы елдеріне қоныс аударды. Одан кейінгі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық жағдайға байланысты саябырлады. Жастар ғылымға бармай қалды. Одан кейін белгілі ғой, жастар барып, жаппай жұмыс жүрмеген жерде ғылым дамымайды. Дегенмен, кейінгі он жыл көлемінде  жас математиктер буыны өсіп келе жатқан сияқты. Ілгерілеу де жоқ емес. Қазір гранттың барлығын жарияланған мақала санына байлап қойған ғой. Көп мақалалар жазылып та жатыр. Бұл – үлкен ұмтылыстардың басы.

Менің әкем – математик. Маған ықпал еткен сол кісі. Физика-математика мектебі туралы, оған қабылдауға конкурстар өтетінін көп адам білмейтін. Әкем соны тауып, сұрастырып, Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне конкурсқа қатыстырды. Кейін Новосібір мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алуыма да себепкер болды. Осы секілді жастарға жақсы жағынан ықпал ету, бағыт беру маңызды.

Бірнеше жыл бұрын Қазақстан ақылды елдер рейтингінде оқушылардың үлгерімі бойынша Ұлыбритания, Израиль, Швейцария сынды мемлекеттерді артта қалдырып, тоғызыншы орынды иеленді. Бұл нені білдіреді? Олимпиада дегеніміздің өзі – елдің білім саласының көрсеткіштерінің бірі. Себебі олимпиада жүлдегері болып жүрген балалар мектепте дайындалады. Ал, мектеп мұғалімдерінің деңгейі университеттермен тікелей байланысты. Елімізде талантты балалар, жастар өте көп. Математика, компьютерлік ғылымдар немесе жаратылыстану ғылымдары саласында болсын, сырт елдерде жұмыс істеп жүрген жастарымыз да баршылық.

Өзгерістің түпкі мәні қандай?

2025 жылға қарай Қазақстан ғылымды дамыту үшін жалпы ішкі өнімінің 1 процентіне тең қаржы бөле бастайды деген жақсы бастама айтылып жатыр. Бұл жерде ғылымды қолдауда тұрақтылықтың маңызды екенін ескерген жөн. Ғылымға қатысты саясаттың да, қолдаудың да тұрақты болғаны дұрыс.

Оған қоса, қазір «Жаңа Қазақстан» деген сөз жиі айтылып, қоғамдық санада, саясатта көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Бірақ өзгерістің түпкі мәні қандай, бағыттары мен міндеттері қалай болмақ?

Бұл жерде ең әуелі кез келген мемлекетте қылмыс істеген адам жазасын алуы керек деген қағиданы басты назарда ұстаған жөн. Өзгеріс те осы бағытта болса екен деймін. Мысалы, өткен жылға дейін АҚШ президенті болған Дональд Трампқа қатысты көптеген сот процестері жүруде. Соған қатысты Парламентте де тыңдаулар жүріп жатыр. Ешкім оны жайына қалдырып жатқан жоқ. Сол сияқты, әрбір қылмыс істеген адамның қызметі, әлеуметтік жағдайы, лауазымына қарамастан, заңсыз әрекетіне байланысты тергеу жүргізіліп, заң аясында сотқа тартылуы керек.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<