СЕКРЕТАРИАТТЫҢ СЕРІКОВІ

560

0

Газеттің апталық жоспары бекітілісімен редакция секретариатында қарбалас жұмыс басталып кеп береді. Кезекті нөмердің макет нобайын сызу, көркемдік жағын ойластыру, бастысы – салмағы мен пайым-парасатына қарай мақалаларды реттеп орналастыру мәселелері бір-бірімен жалғасып жатады. Оның үстіне, аймақта өтетін жиындар мен шараларға, семинар-кеңестерге газет тілшілерін жіберіп, дайындалған хабар-ошарларды басшылардың біріне үстінен оқытып алу секілді жауапкершілік жетіп артылады. 

«Үйдегі көңілді, базардағы нарық бұзады» демекші осындай қым-қуыт шаруалардың бәрі-бәрі бір сәтте тас-талқан болып, газет беттеуді басынан қайта бастауға тура келетін жағдайлар да редакцияда жиі кездесіп тұрады. Ол, әрине, жоғарыдан түсетін тапсырмалар мен ел үшін өте маңызды жиындардың өтуіне байланысты туындап жатады. Кезекті газет номерінің соңғы нүктесін қойып, редактор бекіткенше кейде таң да атып та қалатын жағдайлар бар. Сонда ғана корректор мен кезекші редакторды үйіне аттандырып, газеттің жауапты хатшысы иығынан жүк түскендей «уһ» деп демалады. Бұл да уақытша ғана жеңілдік, ертесіне әлгі әрекеттер қайта басынан басталып, өмірі таусылып бітпейтіндей желісті жүріс жетектей жөнеледі. Бір ай, екі ай болса мейлі ғой, дөңгелеген дүниенің тегеріші осылай жыл он екі ай айналады да тұрады. Сол айналма алқаптың ортасынан біз үнемі журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Расул Серіков ағамызды көрер едік.

Бұл бекетте талай та­лант­ты журналист пен қа­лам­герлердің ат терлет­ке­­нін көргенбіз, алайда дәл Ре­кеңдей ісіне бекем, жау­­ап­кершілігі мықты, ба­рын­ша ұқыпты жауапты хат­шы­ны байқай бермеппіз. Осы басылымның бірсы­пы­ра уақыт руханият бөлі­мінің тілшісі, кейіннен ай­мақтық тілшісі ретінде жи­наған жаңалығымыз бен дай­ындаған мақаламызды ре­дакция секретариатына өт­кізе жүріп, оларымыздың бірде-біреуінің шашау шық­­қаны ойымызда жоқ. Бәрі де рет-ретімен үнжа­рия­ның бетінен табылып жа­тар еді. Апталық жос­пар бекітілді ме, іле-ша­ла Рекең әр кабинетті аралап, журналистерге жауап­кер­ші­­лігіндегі материалдарды өз уақытында тапсыру­ды ес­кертіп жүргені. Қалам­гер­лерің де айтыла салысымен «ләппай» дей қоятын тілалғыштардың қатарынан емес, әрқайсысының өзіндік әлемі, өзіндік көзқарасы бар жандар. Сондықтан да олармен тіл табысудың жө­­нін білмесе, басшыға да жеңіл тимейді. Әсіресе, Дүй­сенбек Рекеңнің уысы­нан сытылып кетудің оқуын оқығандай.

– Әлеуметтік тақырыпқа дайындалуы тиіс мақаланы ертеңнен қалдырмай тапсыр, газеттің үшінші бе­тіне саламыз, – дейді жауапты хатшы нықтап. Ма­құл деп бас изеген Дүй­секең ертесіне де, ар­ғы күні де әлгі тапсырманы орындауға асыға қой­май­ды. Ақыр соңында басын сипалай тұрып айтады: «Реке, «Көшеде кемпір отыр» деген мақала жазылмайтын болды, – дейді күрсініп. «Неге?» Жауапты хатшының дауысы қаттырақ, әдеттегіден ащырақ шығады. «Ол кісі кеше қайтыс болыпты, бүгін жаназасы!»  «Ой, оңбаған-ай, айтылған кезде сөйлесіп, жазып тастайтын адамсың ғой, енді не болды?» Бұл шағын көрініске куә болғандар төмен қараған күйі, иығы бүлкілдей күле отырып, өз мақалаларын жазуын жалғастырып жатар еді…

Расул Тәжібайханұлы облыстық «Сыр бойы» газетінің секретариатында отыз жылдан астам уақыт еңбек етті. Оның жиырма жылдан астам мерзімі жауапты хатшылық лауазымы. Газеттің күнделікті қара шар­уасында жүріп, осы жолда қарымды қа­ламгерлер, газеттің бас ре­дакторлары Нұрділда Уәлиев, Әскербек Рахым­беков, Жақсылық Рахма­тулладан көп нәрсені кө­ңіліне түйді. Белгілі журналистер Шайзада Рахметбеков, Айжарық Сәдібеков, Шәкізат Дәрмағанбетов, Әб­дібай Уәлиев, Оразбек Мақсұтұлы, Қази Да­на­баев, Жолдасбек Ақсақа­лов­тармен әріптес ретінде сыйлас бола жүріп, ақпа­рат­тандыру саласының сал­­­­­мақты жүгін иығы­мен кө­­терді. Өзінен кейін­гі іні-қарындастары Дүй­сен­­­бек Аяшұлы, Қаны­бек Шә­­рібекұлы, Ыды­рыс Тә­жі­ұлы, Гүлжа­зира Жал­ғасова, Қуат Шара­бидинов және сек­ре­тариаттағы Күл­зипа, Бисен, Жаңылған, Әсия, Гүлмира, Айгүл, Бақыттар Рекеңді туған ағасындай сыйлап жүрді.

– ҚазГУ-дың журналис­тика факультетіне түскен­ше, ауыл кітапханасында 3 жылдай кітапханашы  болып істедім. Әдеби кітаптар мен қоса деректі дүниелерді де қызыға оқитындығым, журналист болуға деген құштарлығымды арттыра түскендігі анық. Өзім­нің өскен ауылым Майлы­то­ғайда еңбек ете жүріп, газет-журналдарға жазған-сызғандарымды жолдап жа­татынмын. Көбісі жарық көріп, оқырмандарға жақ­сы таныс болған кезім. Бір­де, ауылдағы электр жа­рығының тұрақсыздығы жөніндегі жазған мақалам аудандық газетте жарияланды да, іле-шала жөндеу жұмыстары басталып кетті. Газет сынының, баспасөзде жарық көрген мәселелердің аяқсыз қалмайтын кезі, ауыл клубы және қойма туралы жазған ұсыныстарым да жүзеге асырылды, – дей­ді Рекең өткен күндерді ес­ке алып.

Жалпы басылым сала­сындағы қырық жыл­дық қызметінде Расул Тәжі­бай­­ханұлы сый-құрмет пен ма­­рапаттан құрала­қан қал­ған емес. Өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жылдар соңындағы елуінші бе­ле­сін тойлаған шарада «Май­лытоғай ауылының құрметті азаматы» атағы беріліп, ауылдастары жылы лебіздерін арнап, шапан жауып, ат мінгізген-ді. Сонан бері де талай Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын иеленді. Әрине, бұлар азаматына деген ел­дің ықыласы мен құрмет ишарасы ғой, бастысы – оқырман мен билік арасын жалғаған үнжарияның көп көңілінен шыққаны емес пе?!

2000 жылдары аптасына бес рет жарық көріп, үздіксіз оқырмандарына жол тарт­қан аға басылымның бір тізгінін ұстап жүру де азамат үшін үлкен сын, зор жауапкершілік екендігі ақи­­қат. «Газеттің өзі бір күн­дік болғанымен сөзі мың күндік» демекші, елі­міздің жетістігін үндеген қа­ламгер, Қазақстанның Құр­метті журналисті Расул Серіков міне, жетпісінші бе­лесінің төріне шығып отыр. Жан жары Сәуле екеуі қыздарын тәрбиелеп, еліміздің адал перзенті етіп өсірді. Немере сүйіп, ата-ана ретінде бақытты күй кешуде.

– Баспасөз – қағаз бе­тін­дегі ар-ождан деп тү­сі­немін. Сол сеніммен ең­­бек жолымды бастап едім, сол сенімнен айнымай зейнеткерлік жасқа да жеттім. Сегізінші сы­ныпта сабақ берген мұға­лімім Дүйсенбай Сыз­ды­қов әр әріпті көркем тү­сірумен бірге, әр сөз­дің артында адалдық тұ­руын үйреткен еді, сол кісі­лер­дің айтқаны әлі де ойым­нан бір шыққан емес.  Кей­інгі жастарда ізденіске мүм­кіншілік мол, алайда олар ақиқаттан айнымаса екен деп тілеймін. «Сыр ме­диа» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігі бар­лық аудандардағы басылымдар мен облыстың аға газеттердің басын бір ша­­ңырақ астына ұйыс­ты­рып, жақсы бағыт беріп ке­леді. Жас журналис­тер­дің күні кеше ғана Аста­наға барып тәжірибе ал­мас­қанын, Мәскеу асып, жур­налистиканың жаңа үр­дістерін мәністегендігін естіп, сүйсініп қалдым.  Бұл деген замана ағымын сезіну деген сөз, – дейді Рекең.

Көш-керуен алға қарай тынбастан жылжи береді. Кешегі жаңалық, бүгінгі та­рих болып хаттала бермек. Міне, осы жолда Май­лытоғайдан шыққан тұң­ғыш журналист, әріптес аға­­мыздың өзіндік ізі жатыр.

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Ақпарат саласының үздігі.

                                     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<