Сүгір сыйға тартқан Телқоңыр

1294

0

Парасат-пайымы жоғары, ақыл-ойы асқақ, сезімі сергек, ойлауы терең, табиғаты таза, жүрегінде нұр тұнып, тілінен бал тамып тұрған, өрісі кең, өресі биік, бітімі бөлек, төрт қаруы сай, өзі де, өмірі де бір қасиетті адамдар болады. Мен сондай қарттардың қатарына өз әкемді жатқызар едім. Кез келген ақсақалдар отырысында, дастархан басында қамырдан қыл тартқандай жүйелі әңгіменің, сырлы сұхбаттың  шылбырын да, жүгенін де ұстайтын. Өкінішке қарай, бұл кісі жазылмайтын ауыр науқасқа шалдықты. Адамзаттың нағыз өмірсүйгіштік, төзім, сабыр, шыдам, шүкірлік сияқты қасиеттер осындай тағдырлы сын сағаттарда айқындала, айшықтала түседі екен. Бұл кісі ерік-жігерінің мықтылығы арқасында сарыуайымға салынбады, жігерін құм қылмай, өлімнің суық белесіне бойын алдырмай, қасқайып тұрып қарсы алды, езілмеді, егілмеді, еңсесін түсірмеді, ешкімге салмақ салмады.

Жетпіс төрт жасқа қараған шағында әкемнің айтқанын 50 жылдан кейін әкемнің жасына жеткенде қағазға түсіріп отырмын. Бұл – оның дүниеден өтер алдындағы аманаты. Осы әңгіме әйгілі шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы туралы өрбімек.

Әкем марқұм әңгімесін қоңыр даусымен былай бастап еді:

– Тұрекең екеуміз Тоқтамыста дүние есігін ашыппыз. Қатар өстік, ол кезде білім алатын оқу орны жоқ. Тиіп-қашып «Қосүйеңкі» яғни, қатар жатқан Қырғызалы ағайындардың ауылына бардық.  Бар-жоғы 3 ай ауыл молдасынан шалажансар бірдеңе алдық. Оны оқыдық деуге болмайды. Тоқтамыста Алтыатаның бір тармағына жататын ағайындар тұрдық. Ол кездегі ауызбіршілік қандай еді десеңші?!

Тұрекең жастайынан домбыраға құштар болды. Ауылда жалғыз домбыра Кәреней атамыздың үйінде еді. Ол кісі мандытып тарта алмайды, тек бес-алты ауыз өлеңі бар, кешкісін далаға текемет жайып, айтып отыратын. Сол кездің өзінде Тұрекең домбыраны үйреніп қалған, бірақ емін-еркін тарта беретін домбыра жоқ. «Шіркін, бір домбыра болса екен» деген арман ғана.

Осылай жүргенде Шиелі жақтан Түркістанға түсіп бара жатқан көш кешке таман біздің ауылға келіп, құдайы қонағымыз болды. Жаңабай, Кәреней ағаларымыз кісілерді қонақ етті, мал сойылды. Киім киісі, жүріс-тұрысы біздің ауыл адамынан өзгешелеу. Тамақ асылып, шай қойылып жатыр. Біз сығалап, сыртынан бақылап жүрміз. Сол кездері 14-ке келіп қалған бозбала кезіміз-ау. Тамақ келді, әңгіме-дүкен құрылып, арты өлең-жырға ойысып кетті. Бір кезде бір әйелдің әні Тоқтамыстың түнгі аспанын түріп өтті. Көпшілік қошеметпен әйелге көйлек-орамалдық мата әкеліп жатты. Ақкөңіл Кәреней ағамыз өзінің домбырасын алдырып, халық әні «Ақсұңқарды» әуелетіп жіберсін. Жасы 40-қа жақындап қалған жігіт ағасы арбаның үстінен қос домбыра алып келді. Біреуінің құлағын келтіріп еді, ойынан шықпады ма, екіншісін алып қағып-қағып жібергенде аласапыран күйдің зары билеп кетті. Тұрекеңнің екі көзі күйшіде, аузынан суы ағып, екі қолы тыным таппай тыпырлап күйші жігітке, «аға, домбыраңызды бере тұрасыз ба, сіз тартқан күйді қайталап көрейін» деді.

Күйші жігіт сеніңкіремей, селқос күйде ұстата салды. Тұрекең домбыраны қағып-қағып жібергенде, оның екі бетінен от жалыны шыққандай  қызарып, сүйкімді жүзі ажарланып кетті. Әзер дегенде өзіне келген болу керек. Бір кезде сұлу сазды күй аңырап бір кетсін… Мейман күйшінің домбырасының дыбысынан Тұрекеңнің тартқан, яғни қайталаған күйі керемет боп шықты. Жұрт «Айналайын, қолың талмасын, атың қазаққа жайылсын» деп шулап кетті. Сол кезде домбыраның егесі қыпшақ жігіт орнынан тұрып, «кел, бауырым, сенен үлкен күйші шығады екен» деп, құшақтап ақ батасын беріп, сол тартқан домбырасын сыйлап кеткен.

Содан бастап күнде кешке бір үйге жиналып Тұрекеңнің күйін тыңдаймыз. Арасында Кәреней ағамыздың әндерін және жеңгелеріміздің сыңғырлаған дауыстарын да ести бастадық. Осындай мамыражай дәуірде Тоқтамыстың басына қара бұлт орнады. Бір Тоқтамыстың халқы емес, бүкіл елде дүрбелең басталды. Николай патша құлады, елде ірілі-ұсақты байларға кәмпеске басталды. Қолдағы малды большевиктер тартып алып, халық жаппай ашаршылыққа ұрынды. Малдан айырылған ағайындар Өзбекстанға қарай ағыла бастады.

Сол тобырмен мен де Өзбекстанға кеттім. Ашаршылықтың азабын аз тартқан жоқпын. Бірақ Тұрекең туған жерден табан аудармай, атақоныста азғантай ағайынмен қалды. Тұрекеңнің  екінші бір өнері – асқан етікшілігі еді. Бойжеткен қыздарға биік өкшелі етік, кебіс, мәсі, ерлердің етіктерін керемет тігетін. Тоқтамыста қалған жиырмаға жуық ағайынды осы қолөнерінің арқасында ашаршылықтан аман алып қалды. Ең арғысы ауыл ақсақалдары мен балалардың шашын, қариялардың сақал-мұртын алу мойнында еді. Ағайынға деген қамқорлығы, бауырмалдығы сондай, бір тостақ бидайы болса, үй-үйді аралап бөліп беруші еді. Мұндай бауырмалдықты тек адамгершіліктің нәріне шомылған адам ғана жасай алады. 

Елден кеткеннен 1946 жылы Тоқтамысқа оралғанымда, Тұрекең алдымнан жылап шығып, екеуміз сағыныштан көз жасымызды көл қылғанымызды қалай ұмыта аламын. Ол қиын кез еді. Соғыс жаңа аяқталған, халық есін жимаған, екі үйдің бірінің боздақтары майданнан оралмаған. Сол кездегі айналайын ағайын-ай, көңілінде кішкентай қалыс пікір жоқ еді ғой… Ал, қазір ше? Оны айта  алмаймын, – деп  әкем  жөтел қысып біраз дем алды.

– Содан мен 1946 жылы «Қызылмақташы» колхозының бір отар малын қабылдап алдым. Тұрекең баяғы өзінің  атақонысында қалды. Жазға салым үйіне соғып шай ішіп отырғанымда:

– Мынау баяғы қыпшақ көшіп бара жатқанда беріп кеткен домбыра ғой, – деді.  Танымай қалдым, неше түрлі өрнектермен көмкерген домбыраны қағып қалғанда, баяғы бала кездегі тыңдаған дыбыс бірден ойыма оралды.

– Баяғы күйлеріңізге тағы күй қостыңыз ба?– дегенімде, қатарынан адамның жан жүйесін балқытып жіберетін шертпе күйлерді  ағытсын-ай…

– Мына күйлеріңізді бұрын-соңды естіген жоқ едім. Мұның егесі кім?– дегенімде Тұрекең маған қарап:

– Әй, Әбдіғапбар сенің анаңның төркіні Созақта емес пе еді? Сол Созақта атақты Әліұлы деген сұңғыла күйші бар деп радиодан естідім. Сол радиодан тыңдап домбыраға түсірдім, –деді.

Тұла бойым балқып жүре берді. Бұл ұмытпасам 1951 жыл болуы керек. Сол кезде үш батареясы бар радио шыққан болатын. Соны Қосүйеңкіден бір кісі ұзататын қызына етік тіккізгенде ақысына берген.  Айтып отырған радиосы сол.

– Ай, құрдас, ойымнан кетпей жүр. Сүгір деген күйші тірі екен, қазір 69 жаста көрінеді. Радиодан «Сүгірдің күйлері» деген хабардан естідім. Арманым – сол кісінің алдына барып, өз көзіммен көріп, алдынан күй тыңдасам. Сол кісіге арнап бір аттың пұлы болатын шегірен етік тігіп қойдым. Соған екеуміз барып келсек қайтеді? – деп қолқа салды.

– Алдымда колхоздың 800 бас малы бар, оған кім қарайды? – дедім.

– О жағын маған тапсыр. Колхоз басқармасы Ақылбек бір етік тігіп бер деп қоймай жүр. Соған айтам, біз барып келгенше малға еге болатын адам бер деймін. Сол өтінішті орындасаң етік тігіледі деп хабар жіберемін. Одан қам жеме деді,– Тұрекең.

– Жарайды, – дедім мен де.

Екі күннен кейін колхоздан Фазыл деген ініміз келіп, малға иелік етіп,  екі құрдас «Қайдасың, қасиетті Созақ мекені?»  деп екі атпен маусым айының ортасында араға бір түнеп жеттік. Созақ сахарасының сайын даласына дейін, күмбірлете күй төгіп, әуелете ән салып тұрады деп еститінбіз. Өйткені бұл – өнер қонып, бақ дарыған өлке. Талай талантты дүниеге әкелген. Теріскей топырағында кешегі Ықылас  Дүкенұлы, Сүгір, берідегі Жаппас Қаламбаев сынды  дүрлер өмір сүрген. Сүгірдің «Телқоңыр», «Майдақоңыр», «Шалқыма», «Ыңғайтөк», «Қосбасар», «Бесжорға», «Бозінген», «Үлме», «Ақжелең», «Аққу» күйлері болған.

Ендігі мақсат – Сүгірдің үйіне бару, күй тыңдау. Барған бойы Ахметжан деген нағашым қарсы алып, бір семіз ісекті аударып тастады. Шай ішілді, қазанда семіз ет бұрқ-бұрқ етіп қайнап жатыр. Байқаймын, Тұрекеңді ас-ауқат қызықтырып отырған жоқ. Есіл-дерті Сүгірдің алдына барып, сәлем беріп, өзінің тартып жүрген күйлері дұрыс па, бұрыс па  соны білу және білмейтін күйлері болса үйреніп қайту. Оған күй үйренудің еш қиындығы жоқ, Сүгір бір тартса, өзіне ізбе-із қайталап беретініне сенімді.

Ет те пісіп, алдымызға тамақ келді. Жеп отырғанда Ахметжан нағашыма шақыртушы бала келді.

– Сізді Сүгір атам шақырып жатыр. Сонау Ұлытау жақтан бес-алты домбырашы келген екен, солардың ішінде болсын деп, – деді де, бала жүгіріп кетті.

Тұрекеңе қарасам өңі өрттей, томағасын шешкен бүркіттей тыпыршып кетті. Тамақ жеп те жарытпады. Ахметжан нағашыма айттым:

– Біздің бірінші мақсатымыз – сізге сәлем беру. Екінші мақсатымыз – қасымдағы туысқаным да асқан домбырашы, Сүгірдің күйлеріне сыртынан құмартып, бір көріп, күйін тыңдасам деп жүрген. Бізді де сол жерге өзіңізбен бірге ала барасыз ба?

– Ойбай-ау, ол не дегендерің? Біздің Сүкең адам жатырқамайды. Әсіресе домбыра тартып, күй шертетін адам  кездессе, баладай қуанатын өте мейірімді адам, – демесі бар ма?

 Екі туысқан «көктен іздегеніміз жерден табылды ғой» деп сыбыр ете қалдық. Үшеуміз намаздыгер шамасында алты қанат ақбоз үйге маңдай тіредік. Сәлемдестік. Ұлытаудан келген меймандардан төмендеу отырдық. Бір жағы олар бізден бес-алты  жас үлкен сияқты көрінді. Таныстық басталды, артынша семіз марқа қозының еті де дастарханнан орын тепті. Сүгірге қарап:

– Сүке, біз де домбыра тартып жүрген азаматтармыз, күйлеріңізді сізден басқа біреуден үйренгенбіз. Соның дұрыс-бұрыстығын өзіңізден тыңдап, қатесі болса соны түзеткелі келдік, –деді. – Бесеуміздің  алып келген бес байталымыз бар, қазығыңызға байлап қойдық.

– Несіне әуре болдыңдар, мен күйімді сатпайтын адаммын,– деді Сүгір.

– Жоқ, Сүке, олай емес. Бұл Ұлытаудан сізге алып келген қыстық соғымымыз,– дегенде:

– Жарайды онда,– деді.

Домбырасын алып біраз тыңқылдатып отырып, бірден «Қосбасардан» бастап 15-16 күйді бір-ақ тартып тоқтады. Тұрекең үнсіз отыр.

– Әбдіғапбар, менің тартқаным қате екен кейбір жерлері,– деп далаға жүгіріп шығып кетті де, атының жанында ілулі тұрған домбырасын алып келді. Әй-шайға қараған жоқ, қатарынан 16 күйді құдды күйшінің тартқанындай етіп қайта тартып берді.

Сүгір орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де байқамай:

– Келші інім, бауырыма қысайын,– деп бауырына қысып біраз  тұрды да, – сендердей азаматтар аман тұрғанда менің күйлерім жоғалмайды екен, – деп балаша қуанды.

Әкем әңгімені біраз тоқтатты.

– Артынша Ұлытаудан  келген бес күйші бірінен соң бірі тартты. Алдыңғы екі күйшіден кейін қолын көтерді.

– Күйге қиянат жасамаңдар айналайын, атала-ботқасын шығарып жібердіңдер, – деп реніш білдірді. – Қалған үшеуі шамалы дұрыстау, кем-кетігін жөндеп аларсыңдар, енді демалайық түннің бір уағы болып қалды, – деп далаға шықтық.

Ертеңіне ұлытаулық домбырашылар көңіл-күйі болмай, еліне аттанып кетті. Мен Тұрекеңе.

– Біз не қыламыз? – дегенімде, – жан бауырым, мұндай адам енді кездесе бермейді ғой. Нағашыңа айтсай, Сүгірдің үйіне тағы бір қонайық. Атақты күйшінің ішін, яғни асқазанын тағы бір аударып көрейік,– деп қиылды.

Нағашыма айтып едім:

– Қазір шай ішіп болғаннан кейін кешегі әкелген етіктеріңді  кигізіңдер, мүмкін сол кезде Сүкең жайылып, тағы біраз күйлерін ақтарар,–  деді.

Шай ішіп болған соң:

– Аға, сізге арнап өз қолымнан тігіп әкелген қырым етігім бар еді. Соны сыйласам, тапсырсам ренжімейсіз бе?– деп дорбадан шығарған кезде Сүгірдің көзі жайнап кеткенін байқап қалдым. Дереу оң аяғын киіп тұрып:

– Өнерің өрге өрлей берсін. Сендей шәкіртім барында мен қарайламай-ақ кете берсем де болады екен,– деп көзіне жас келіп қалып еді. Міне, күй құдіреті деген осы болса керек.

Ертеңіне Сүгір күйші күнгейден  келген дәулескер күйші інісіне арнап мал сойып, әңгіме-дүкенді ағызып еді-ау,– деп әкем терең күрсініп, ойға кетті.

– Күйші былайша аса момын адам сияқты көрінгенімен, домбыра тартқан кезінде ұшуға даярланған қыран құстай қанатын қомдап, басқа бір күйге түсіп кететінін байқадым. Нағыз жігіттік, яғни, күйшілік өнерді барынша меңгерген шағында Ұлытауда найманның Жырық руының Ибеке атасынан тараған, Есенбек, Есенғабыл деген ағайынды батыр әрі дәулетті кісілердің Есенбегінің кіші қызы Мафруза домбыраны Тәттімбет үлгісінде шертіп, Орта жүз, Арғын-Найман елінің арасында өзіне теңдес күйші болмай көңілі құлазып жүр екен деген әңгімені Сүгір де естиді. Жолға жиналады. Мафруза елдің құрметіне бөленіп отырған ерке қыз болып шығады. Өзіне сенімді қыз еркінсіп «Домбырада күй сайысынан мені кім жеңсе, қойшы-қолаң, жарлы-жақыбай демей, шал болса да қартсынбай тиер едім» дегенін де естіген. Дегбірі қашып,  күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Көңілі алабұртып, жүрегі  өрекпіп беймаза бір күйге түседі. Ұлытау баурайында жатқан сұлу да сылқым қыз түсіне кіріп, күйшінің жанын жай таптырмайды.

Осы ынтызарлықпен әкесінің қалауынан тыс жолға шығып, Ұлытауға келіп ат шалдырып отырған беті еді. Айтса айтқандай Мафруза мінезіне ақылы, ақылына көркі сай өнерлі қыз екен. Сүгір әкесінің «Не айтып тұрсың? Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы тозатын, көз көрмеген, құлақ естімеген, қайдағы бір қиялды айтасың, Ол қызды жеңгеніңмен мұратыңа жете алмайсың. Өйткені қырық жетіні матап беріп, құда түсіп қойған»  дегеніне қарамай, айшылық-айлық жерден ат сабылтып келгеніне өкінген жоқ.

– Айтпақшы ауылдан шығарда мынадай бір әңгіме болып еді,– деп Сүкең әңгімесін одан әрі қарай жалғастырып кетті. – Әлінің баласының аяғына тұсау болып жүргенін естіген ауыл қариялары жиналып үйіне сау ете қалады. Құлтас бастаған ел жақсыларын Әлі құшақ жая қарсы алады. Сый-құрмет көрсетіп, төрінен орын береді. Құлтас би сөз бастайды:

– Әлі шырақ, адамнан түрлі бала туады. Біріншісі – үй баласы, екіншісі – ел баласы. Үй баласын ата-анасы билейді, ел баласын ел ағасы билейді. Сенің балаң ел баласы болайын деп тұр екен, оны өзің білесің, шақыр балаңды!

Сүгір үйге қол қусырып, сәлем бере кірді.

– Балам, естуімше барар жерің алыс көрінеді, жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас деген, қасыңа үш-төрт жігіт ертіп ал. Бәрінің бір-бір өнері болсын! Әумин!– деп бата береді.

Әлі үлкен ұлы Сатыпалдыны жолсеріктікке қосады. «Аттың мықтысын мініңдер, киімнің тәуірін киіңдер, жортқанда жолдарың болсын, Қыдыр баба  шылауларыңда болсын, Әумин!» деп бата береді.

Сайдың тасындай бес-алты жігіт, таңмен таласа жолға шығады. Сарысу өзенін жағалай отырып, Қаражардан Сарыкеңірге өтті. Одан әрі өрлеп, Ұлытауға да жетті. Сүгір көк майсалы бал бұлақты көркем кеңістікке тігілген сегіз қанатты ақшаңқан киіз үйге келіп түседі. Сән салтанаты жарасқан, біркелкі киінген, масат жүзді жігіттерді үстіне бейқасап қамзол, аяғына шытырмалы кебіс-мәсі, шаштарында шолпы-шашбауы сылаңдаған, сыңғырлаған келіншектер қарсы алады. Қырдың қызыл түлкісіндей жайнаңдаған қыздар қымыз сапырып отыр. Шөл басып, ентік басылып көңіл демдеген соң, екі жақ жапатармағай жөн сұрасып жатты. Көкорайдағы киіз үй іші би түсетіндей әдемі безендіріліпті. Ноғай келін, ортада шашақты орамал масатымен жабылған үстел, оның үстінде он екі тілді сырнай, ырғайдан істелген қазмойын домбыра, керегелерде түлкі, бұлғын, қасқыр терілері, қамшы, құс мылтық уықтарға ораған сан түрлі оюлы сырмақтар, бәрі-бәрі жұтынып тұр. Қалың етіп төселген көрпенің үстіне бірнеше құс жастық тасталған.

Мынадай салтанатты бұрын-соңды көрмеген Қаратаудың қырандары айналасына ұрлана қарап отыр. Осы кезде үйге қыз жеңгесі келіп дастарқанға бауырсақ төгіп, сабадан үлкен ыдысқа қымыз құйды да, оны сапыра бастады. Беті көпіршіктенген қымыз иісі мұрынды жарып жібере жаздады. Шөл қысып келген жігіттер байқатпаған болып, жұтынып та алды. Жолаушылар қымызды ала бергені сол еді, есік алдына дейін келіп, топ етіп түскен әлдекімнің дыбысы естілді. Сөйткенше болмай ерекше киінген,  онысы денесіне құйып қойғандай жараса кеткен қағылез қыз іркілмей үйге еркін кіріп келді. Жат жігіттерден именген, жанарын жасқап, төменшіктеген де жоқ. Жағалай отырғандарға иегін изеп амандасып, жеңгесі мен апасының ортасына келіп тізе бүкті. Сол қалпымен айналасындағыларға тәкіппар жүзбен қарап қойды. Мынасы «менімен домбыра тартысатындай сендер кімсіңдер?» дегендей болып көрінді.

Қыз жеңгесі ұсынған бал қымызды сарқып ішті де, шегіне отырып, домбырасын қолына алып, оның құлақ күйін келтіріп, саусағымен бірер мәрте дың-дың дегізді де, күмбірлетіп ала жөнелді. Қысылмай-қымтырылмай домбыра тартып отырған бойжеткенге, қонақтар таңырқай қарады. Ол іркілместен үш күй тартты. Осы кезде қыз жеңгесі қозғалақтап, «Еркежан, өзің ғана тарта беремісің, қонақтарға да кезек берсеңші» деп тіл қатты. Ескертуді қыз ұната қоймады. Дегенмен жеңге өтінішін жерге тастамады. Ол домбыраны керегеге сүйей салды. Кезектің келгенін білген Сатыпалды домбыраны іліп алып, өзі білетін күйді шертіп, серігіне берді. Ол бір күй ойнап, серігіне ұзатты. Осылай домбыра жағалап отырып, Сүгірге тиді. Бұл қонақтардың  «ешқайсымыз қаражаяу емеспіз» деген белгісі еді. Сүгір солақай болатын, ол домбыраның құлақ тегін келтіріп өзіне ыңғайлап алды. Сірә домбыраның құлағын қаттырақ бұрап жіберді-ау, қыз жақтырмай тыржың ете қалды. Қызды қыздыра түскісі келді ме екен әлде басқа бір ойы болды ма, домбыраның құлағын одан сайын қаттырақ бұрады. Сосын баптанып отырып қыздың тартқан үш күйін нақышына келтіріп басқа бір әуен жолымен тартып шықты. Күйге жаңа екпін, жаңа ырғақ, құбылмалы қайырмалар үстемелеп, түрлендіріп тартқанда, бойжеткен байыз тауып отыра алмады. Түсі мың құбылып, іштегі арпалысын жасыра алмады. Ұлытаулықтар күйді ұйып тыңдады. Сүгір мүдірген жоқ. Қыздың тартқан күйін қаз қалпында қайталап, домбыраны алдына тастай салды.

Күй тартыстың ережесі бойынша бірінің күйін бірі тартып, қарсыласына өз күйімен жауап берді. Әрине, қарсыласының  күйін қайталай алмаса – жеңілгені. Кезегін алғанда аянып қалған жоқ. Күмбірлеген күй тау суындай тасқындады. Дода ұзаққа созылды. Тыңдармандар сілтідей тынып, сайыстың соңы немен бітерін күтіп отыр. Ұлытаулықтар қыздарының шабысына дән риза болып, тамсана қарайды. Жерлестері қолдап отырғасын ба Мафруза екпін ала бастады, бір уақытта Сүгір аз-кем тыныс алып келуге қыздан рұқсат сұрады. Жергілікті жігіттер мұны қонақтардан күш қайтты дегенге ұқсатып, желпініп қойды.

Үйден ұзаңқырап шыққан Сүгір көкке қолын жайып, Алладан медет тіледі. Қарабура атасынан жәрдем күтті. «Уа аруақ, қолдай гөр, қызды өз аяғыммен іздеп келіп едім, жүзімді төмен қаратпа» деп Жаратқанға жалбарынды. Осы кезде күйшінің төбесінен екі қанатымен көкті қайырғандай, алып бір құс зымырап өте шықты. «Уа аруақ, тілегімді қабыл ете гөр» деп  қуанып қалды. Сол замат денесі сергіп сала берді. Көңілі де жаңағы төбесінен ұшып өткен құстай көкке көтерілді. Сері сезім оны әлдилеп бойын сергітті. Ол үйге ерекше тың  шабытпен оралды. Иін тіресіп отырған қыз-жігіттер орталарынан орын ашты. Домбыраны іліп алып қос ішегінің асты-үстін салалы саусағымен бірдей іліп, кезек шерткенде, күй желіден босатылған құлындай ойнап шыға келді. Мұндай әуен бұрын-соңды естілмеген еді. Тіпті даладағы малға дейін тынышталып, күй күмбірі тынық түнде алысқа тарап жатты.

Манадан бері тәкаппар күйде отырған қыз күй ырғағына бой алдырып қойды. Ол күйдің ырғағынан жаңылысып қалды. Япыр-ай, күй желісі қалай-қалай ширатылатын еді? Қыз домбырасын әрі-бері сабалағанымен, Сүгір шерткен күйдің ізін таба алмады. Қипақтап «жол сізден, ізет бізден» деді естілер-естілмес.

Осы кезде айналада отырғандар шу ете қалды.

– Мафруза, жеңілсең жолыңды жаса!

Сол кезде:

– Елге берген «жеңілсем кім де болса, етегінен ұстаймын» деген сертім бар, сол сертім – серт,– деді. Сосын Сүгірдің тізесін баса отыра кетті. Ол жігіттің аса дарындылығына риза болды. Мафруза тебіреніп отырып бір күй тартты.

– Бұл саған арнаған толғауым, күйдің аты – «Толғау»,– деді.

Сүгір де домбыраны қолына алып бір күй тартты.

– Бұл сенің толғауыңа жауап – «Кертолғау» болсын,– деді. – Осыдан кейін «екеуміз тел өскен қозыдай бірге жүрейік» деп «Телқоңыр» күйін тартқан  екен, – деп әкем марқұм тағы да шаршап қалды.

Біраз демалған соң:

– Балам, мен сауатым жоқ адаммын, сенің сауатың бар ғой. Бір кездері осы айтқаным есіңде болсын,– деді.  Түс ауа әкем жанына шақырып:

– Бағанағы әңгіменің соңы болып қалды, айтып үлгерейін, – деді. – Осылай Сүгір күйші басынан өткен оқиғаларды тегіс айтып берді. Бірақ оның бәрін айтуға менің шамам келмейді, ауру еркіме жібермей тұр. Ертеңіне аттанар кезде Сүкең домбыраны қолына алып «Телқоңыр» күйін  нәшіне келтірді де, бізге қарап:

– Күнгейден келген қандас бауырларыма, әсіресе Тұрабай інім, саған өте ризамын домбыра тартқаныңа. Әттең, шағын ауылдан шыға алмай қалған екенсің,  кеш болып қалыпты. Менің саған сыйлығым – ала құнанды мінгізгелі тұрмын. Мұның атын өзім «Телқоңыр» деп атап едім, осы құнанды ағаңның көзі деп мініп жүр, деп Тұрекеңе мінгізіп еді,–  деп әкем талықсып кетті. Әрі қарай шамасы келмей қалды.

Міне, белгісіз қалған күйші Тұрекең жәкеміздің осындай ашылмаған сырын 50 жылдан кейін қағазға түсірдім. Кем-кетігі болса, Тұрекеңнің ұябасары кешірер.

Орынбек қажы Әбдіғапбарұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<