Заманынан озып туған

706

0

Биыл Исатай Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледждің құрылғанына 90 жыл толады. Өткен ғасырдағы үш орта арнаулы оқу орындары – политехникалық, ауылшаруашылық және теміржол техникумдарын біріктірген білім ордасының өңірімізге, елімізге орта арнаулы мамандық иелерін дайындаудағы маңызы өте зор. Әр жылдары бұл оқу орындарын беделді де тәжірибелі адамдар басқарып, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан орта буын кадрлар легін дайындауға көп еңбек сіңірді.

Міне, сондай жандардың бірі, тіпті бірегейі деуге болатын, кезінде есімі көпке танылған басшы Цой Алексей Николаевич еді. Ол Қызылорда политехникалық техникумына 20 жыл басшылық еткен кезеңде өзін реформатор тұлға екенін дәлелдей алды. Оның басшылығымен Қызылорда политехникумы ерекше білім ордасы саналып, беделі асқақтады.

А.Цой қай уақытта да бірінші бола білді. Ол Кеңес Одағындағы орта оқу орындарына басшылық жасағандардың арасында бірінші болып бөлек екі заманауи оқу корпусын тұрғызғанын айта кету керек. Қызылорда политехникумы сол уақыттары КСРО-дағы мелиоративті бағыттағы орта оқу орындарының арасында бірінші орынға ие болып, оның базасында одақтық Мелиорация және су шар­уашылығы министрлігіне қарас­ты орта оқу орындары басшылары қатысқан семинар өткізілді. Ол – КСРО-дағы техникумдар директорлары арасында бірінші болып, өз телеорталығын құрып, оқуға түсу емтихандарын ашық трансляция жасаған адам. Оқуға түсуге талап қылған әр талапкердің ­ата-аналары мен жанкүйерлері фойеде отырып, теледидар арқылы кешегі оқушының, жұмысшының, солдаттың қалай емтихан тапсырып жатқанын бақылай алды. Сонымен бірге облыста бірінші болып өз студенттері үшін жабық жүзу бассейні мен тир салдырған және студенттерге арналған санаторий-профилакторий ашқан. Қазақстанда бірінші болып гидромелиорация музе­йін жабдықтаған.

Өткен ғасырдың 70 жылдары  қалада алғашқылардың бірі болып, үрмелі аспаптар оркестрін құрды, белгілі шаралардың бәрі онсыз өтпейтін. Сол уақыттағы көптеген шараларда көркемөнерпаздар техникумның заманауи музыкалық аппаратын пайдаланды. Ал спорт залдары мен клубы спортшылар мен көркемөнерпаздардың игілігіне жарап тұрды. Клубта сол кездегі одақтың көптеген жұлдыздары өнер көрсеткені жұртшылықтың есінде. Техникум қабырғасынан шыққан спорт жұлдыздары да жеткілікті.

Әрине, Алексей Николаевич ең бірінші кезекте техникумды бітірушілердің таңдаған мамандығы бойынша кәсіби маман болып шығуын  басты назарда ұстады. Лабораториялар мен аудиториялар сол кезеңдегі ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы жетістіктеріне сай келетін техникалық қондырғылар және көрнекі құралдармен жарақтандырылды. Студенттер сан түрлі техникалардың түрлі режимде қалай жұмыс істейтінін, бөгеттегі судың әртүрлі қысымға шыдамдылығы, электр желісі қимасының энергияны жоғалтуға әсерін көздермен көріп үйренді. Техникум қабырғасынан шықпастан құрылыс материалдарының ылғал мен аязға төзімділігін лабораторияда анықтай беретін. Сол секілді геодезия құралдарын пайдалануды меңгеруді үйренді. Топырақтың физикалық және агрохимиялық ерекшеліктерін зерттеп, түрлі конструкцияларға сынақ жасайтын мүмкіндікке ие болды. Болашақ электриктер кәсіби шеберлікке полигондарда жаттықты. А.Цой осы игілікті істердің бәрін жүзеге асыратын жоғары білікті мамандардан құралған мықты команда жасақтаған еді. Олардың есімдерін бір мақалаға сыйдыру тіпті мүмкін емес. Техникум түлектеріне сұраныс өте үлкен болды. Олар астаналық жоғары оқу орындары түлектерімен салыстырғанда өндіріске тез бейімделіп кете алды. Ресейдің беделді жоғары оқу орындарына оқуға түскен Қызылорда политехникалық техникумының түлектері сол оқу орындарының мақтанышына айналып шыға келетін. Өйткені, Қызылорда политехникумы қабырғасында алған білімі мен тәжірибесі қай ортада да алып шығатын.

Ол қарым-қатынаста қарапайым жан еді, сонымен бірге талапшыл және әділ басшы болды.  Ұжымның әрбір мүшесінің отбасы жағдайын ескеріп жүретін. Пәтер бөлу, балабақшадан орын немесе оқытушыға сағат беру мәселелерін әрқашан әділдікпен шешетін. Қиын жағдайға ұшырағандар оның қолдауын, қамқорлығын нақты сезінетін. Сондықтан да болар, оның үстінен ешқашан арыз түскен емес. Алексей Николаевичтің тәрбие мектебінен өткен мыңдаған түлектердің ішінде АҚШ, Израиль, Германия және тағы басқа елдерге қоныс аударып, табыс­ты және абыройлы өмір сүріп жатқандар аз емес. Ал еліміздің ­әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосқан, есімдері елге танымал болған азаматтар қаншама десеңізші?!

Міне, осындай заманынан озып туған тұлғаны ұмыт қалдыру – тарихқа қиянат. Оның есімін ардақтау – оның шәкірттерінің, ізбасарларының, қазіргі буынның міндеті. Осы ретте Исатай Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледждің құрылғанына 90 жыл толуына орай, колледждің политехникалық бөлімін және облыс орталығында бір көшені А.Цой есімімен атауды ұсынамыз. 1975-1980 жылдары политехникумда оқытушы және комсомол хатшысы болған Кеңес Маханбетов дәл осындай ұсынысын 2012 жылғы «Кызылординские вести» газетіне жазған мақаласында жариялаған болатын. Сол ұсынысты қолдап әрі жандандырып отырмыз. Оның есімі ұмыт қалмауы тиіс. Бұл бүгінгі күні өмір сүріп жатқандар мен болашақ үшін қажет.

Еркетай ИМАНБАЕВ,

ардагер-ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<