«Атқа мінетін қазақ азайды»

3041

0

Шабандоз бала қиғылық салып тұр. Ұлы Абайдың дүбірлі тойына арнайы әкелген аттың иесі «бұл бәйгеге жарамайды» дегені оны шынымен састырды. Расымен, бәйгеге шабар күні таңертең Сұңқар бір аяғын басудан қалған еді. Шоқырақтап әзер жүр.

– Қасымхан аға, атты қосу керек, – деп шабандоз бала қасарысып бақты.

– Несін қосасың, өзі зорға тұр. Атты қосам деген ағама да осындағы ветврачтар қарсы болды емес пе?! – дейді ол. Қасымханның ағам деп отырғаны Әуезхан. Бүкіл Сырға белгілі атсейіс.

Сұңқар ақсаған күйі бәйгеге қосылатын болған. 140 ат шабатын аламанға қосу шынымен күлкілі еді. Көргендер сырттай мысқылдап, кейбірі мүсіркеп жатты.

Аламан басталды. Сөреден жұлқына шыққан тұлпарлар бір-бірімен құйрық тістесе… Ғажап көрініс қой бұл. Ысқырық пен делебесі қозған дүйімнің айқайы жер жарады.

–  Шап, жануар!

– Қарағым-ай, бауырының жазуын қарашы.

– Мынаның бітімі тым бөлек екен, ә-ә!

– Ойпырмай, манағы ақсағың алға шықты-ау…

Соңғы дауысқа жұрттың бәрі елең еткен. Әлгінде ғана сөлбірейіп тұрған жылқы төрт аяғын тең тастаған күйі ұшып барады. Жұрт ішегін тартқан.

– Мынауың жын шығар. Гу-гулескен қызыққұмар жұрт енді ақсақ аттан көзін айырмайды…

…Иә, аяққа түскен ісікке қа­рамастан, сол бәйгеде Сұңқар төр­тінші келген еді. Елде алдына қара салмай жүрген жануар жаралы аяққа қарамастан, жұлқына көсілді. Адам сықылды. Тым намысшыл еді. Бәйгедегі халық шын сүйсінді. Көңілі бос кейбірінің көзі жасаураған. Бас бәйгені алған да, одан кейінгі екінші, үшінші орынды иеленген ат иелері де Сұңқарға қызыға да, қызғана қарап еді.

– Мынаның аяғы ақсап, бізге абырой болғанын қарашы. Осылай деп біреуі күңк еткен. Керісінше, басқасы келіп Сұңқардың маңдайын ризашылықпен сипап кетті. Қызылорданың абыройын аспандатқан текті тұлпардың намысқойлығына иесі Әуезхан да біразға дейін таңғалып жүргені бар.

– Сұңғар, Ызғар, Кастет. Үшеуі де Брек деген мықты тұлпардың тұқымы. Бректі кезінде Алматыдағы жылқы зауыты жарамсыз деп шығарып тастаған. Сол жақтан әдейіліп алып келдім. Жарықтық, жылқы малының төресі еді. Мал болмайды деп күлген жұрттың сөзіне құлақ аспадым. Шиеліге әкеліп, әбден жаратып, бәйгеге де қостық. Алдына қара салмады. Тұқымын да алдық. Олардың нәтижесі жаңағыдай.

Иә, 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық тойында Сыр бойының мерейін үстем қылған сол үшеуі. Үш бірдей темір тұлпарды алғанымыз да осы кез. 20 шақырымдық топ бәйгеде Ызғар алғашқы орында келді. Құнан еді. Соған қарамастан, намысты қолдан бермеді. Ал аламан бәйге 40 шақырым. 140 бәйге аты шапты. Бұған қосқанымыз Сұңқар мен Кастет. Сұңқар төртінші, ал Кастет алтыншы болып мәрені кесті. Сұңқардың бәйге алдында басқа аттармен тебісіп, бір аяғын ақсатып алғаны да осы кез. Сонда да шабысынан танбады. Ол кезде алғаш келген он тұлпарға көлік берілетін болып шешілген, – деп өткен күнді тебірене еске алды Әуезхан ақсақал.

Кейін елге оралған соң талай бәйгеде үшеуінің атағы дүркін-дүркін шығып тұрды. Жан-жақтан құда түсушілер де көбейген. Бәйге десе қаны қызатын қазақ тәуір жылқы десе, құлағын тігіп жүреді емес пе?!

– Бала күнімде ат түгіл, есек міну арман болды. Әкеміз соғыстан қайтпады, төрт баламен шешем қалды. Жесір қатынның баласына астындағы атын кім көлденең тартсын?! Сонда да қатты құмар болдым. Жас күнімнен атқа мініп-түсуді армандап жүріп, тракторист, шофер болып жұмыс істедік. Әскерден келген соң жылқышы Құрманбек шалға көмекші болдым. Міне, осы кезде жылқы ішінде жүріп, ат тануым басталды, – деп шешіле сөйледі Әуезхан ақсақал.

Атсейіс қарияның айтуынша, халық нақылында айна-қатесіз шындық бар. «Алып анадан, ат биеден туады». Жақсы аналықтан келіскен құлын шығатынын қазақ ежелден білген. Айғырынан тек жылдамдығы секілді қасиет даруы мүмкін. Ал оның мықтылығы, ұзақ шабысқа шыдамдылығы өз енесі – биеден болады. Сондықтан көп жерде атсейістер шабатын аттың құлындаған енесіне мән береді.

Жасынан жылқы баққан Әуезхан Парманқұл, Құрманбек сияқты қариялардың тәлімін әбден меңгерді. Көкпар мен бәйгеге түсетін қазақы жылқының ерекшелігін көшпелі ата-бабадан сабақтаса жеткен әдіс-тәсілдер арқылы үйренді. Ол кезде бір жылқышыға 100 жылқы бағу талап болса, Әуезхан 600 жылқыны жалғыз өзі қайырыпты. Шиелінің Гиганты мен Қарғалысының көп үйіріне өзі ие болды. Осы уақытта қасиетті қылқұйрықтың қыр-сырына зер сала үңілген. Ауырған жылқыны өзі емдеп, бәйге аттарын да жылқышы болып жүріп шығарды.

– Жылқы сезімтал. Айсыз қараңғы түнде сені жем жеген жеріне алып келеді. Жершілдік қасиетке ие. «Қазанатты аяқтан қалды деме» деген сөз бар. Біз қазір ең керекті тұқымнан айырылып қалдық. Ол – қазақы жылқы. Өзіміз жаратып келген тұқымды жабы деп атаймыз. Өте төзімді, ыстық пен суығыңа төтеп беретін осы жабыны жоғалтып алудың алдындамыз. Мойындау керек, түрлі будандастыру арқылы «асылдандырамыз» деп өзіміздің қол тұқымын жоғалтып алғанымыз қиын-ақ. Қазір жылқыны тек жемесең, шабыс пен басқа тіршілікке жарамайды. Бәрі будан, – дейді атсейіс.

Қазақы жабының ерекшелігі – ерте төл береді екен. Ал бу­дандасқанның көбі кеш құлындап жүр. Демек, екі арада екі-үш жылғы төлден айырылып отырмыз. Дон дейді, Көшім жылқысы, Владимир аталатын ауыр салмақтағы жүк жылқысы, мұның бәрі де сондай.

Бүгінде жылқы жайына әбден қанық Әуезхан ақсақалды Арал мен Жаңақорған арасынан бөлек, өзге облыстағы атсейістер де жақсы таниды. Сырттай құрмет тұтып, кейбірі әдейілеп соғып, әлі де бәйге тұқымын жаратуда кеңесін тыңдайды. Ауылына шақыртып, атын сынататындар жетерлік. Бірақ қазіргі буынның жылқыға деген көзқарасы шиелілік атсейісті қынжылтып жүр.

–  Атқа мінетін қазақ азайды. Ат деймін-ау, бұл елде есек мініп жүрген бала көрмейсің. Бәрі сол есекке мініп, одан құлап, сол қызықтан басталатын еді-ау. Екіншіден, атқа міну мәдениетін білетін үлкендер азайды. Бұрын біздің елде бір көшенің бойынан 10-15 атқа дейін суытатын. Қазір ол жоқ. Шыны керек, бүгінгі ат бапкерлері бәйгеге шабар бала таппай жүр. Сенсең, мына Жамбыл облысы немесе көрші мемлекет Қырғызстаннан бір баланы жалдап алу – 300 мың теңге. Ол жақта атқа міну, бәйге ұйымдастыру жақсы дамыған. Селекция жасау, бәйге мен көкпар атын дайындауда олар беріле жұмыс істейді. Қазір Қазақстандағы көкпар аттарының дені сол қырғыздардан келген.

Сосын атсейістер салмағы 25-30 келіге жетпейтін тастақым баланы табуда қиындық көріп жүр. Табуын тапқанмен, оны пәлен сомға жалдап, ақыр соңы бәйге атын емес, оның үстіндегі баланың аман-саулығын тілеп отыратын болған. Негізі баланы жасы үлкен, салмағы аз болғаны жақсы ғой. Бірақ қазіргі ата-аналар баласын өбектеп, атқа мінгізуге қарсы болып отырады. Жазым болады деп қорқады, – деп ойын ашық жайып салды ақсақал.

Бәйге атымен бірге баланы дайындаудың да машақаты бар. Оны психологиялық тұрғыдан әбден дайындап, жарыс жолында қарсыластардан болатын небір құйтыртқы кедергілерді құлағына сіңіреді. Ең бастысы, баланың өзі мінетін атын жақсы көріп, соған құмар болса, онда бұл жұмыстар әлдеқайда жеңілірек болатын көрінеді.

– Қазір жылқы тұқымы ауысып кетті ғой. Неше түрлі шетелдік түрі көбейді. Біздің дайындаған жылқылар шыны керек, олардан төмен қалпында қалды. Қанша жерден будан жасап, өзіміздің жылқыны дайындағанмен, сенің атыңды шаңға бөктіріп кететіні рас. Бұны қазіргі ат жаратып жүргендер де растайды, – дейді аз-кем сұқбат Әуезхан ақсақал.

Осылай. Адал еңбегімен абырой жинаған атсейіс жайлы бір қайырым сөз желісі осындай. Әуезхан ақсақал, әрине, жылқы жайын таңды таңға ұрып айтады. Алайда, ұлттың дара өнерін дәріптеп жүрген осындай жандар шын мәнінде лайықты құрметтеліп жүр ме?!

Қылқұйрықтың қамқоршысы Қыдырбаевтың еңбегін ел біледі. Оның Шиелі ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар төккен маңдай тері бар. Жылқы тұқымын өсіріп, асылдандыру жұмыстарына көп үлес қосты. Социалистік жарыстың жеңімпазы болып, «Озат жылқышы» атанды. «Құрмет белгісі» орденінің иесі болды. ҚазССР Ауыл шаруашылығының және облыс әкімінің Құрмет грамотасын да алды. Көптеген медальді кеудесіне тақты.

Ол істеген өлшеусіз еңбектің ең биік шыңы – бәйге аттарын жаратуы. Аймақ намысы Әуезхан жаратқан тұлпармен байланысты еді. Ұлт спортына ерекше ықылас қойған атсейіс әлі де қазақ пен жылқының тұғырдан түскенін қаламайды. Ал, бұл еңбек Елбасы көтерген рухани жаңғыруға дем беретін ұлт ұстынын әйгілейді. Қысқасы, төл өнерді төрге оздыруға тұтас ғұмырын арнағандай ел азаматтары ардақтауға лайық.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<