Канзас кітапханасындағы іс-шара

2476

0

Әмина қызым екеуміз Канзастағы (АҚШ) Лоуренс қаласының қоғамдық кітапханасында қала тұрғындарына арналған іс-шара өткіздік. Өткен жылдан бастап, әр жексенбі сайын кітапханада қала тұрғындары отбасымен жиналады, кішкентай бүлдіршіндерін ертіп келеді. Оларға түрлі халықтардың ертегілері оқытылып, сол халықтардың салт-дәстүрлерімен, тілімен танысуы ұйымдастырылады. Біз де қалыспай, Қазақстанмен таныстыруға ниет білдірдік.

Біраз дайындық жұмыстарын жасадық. Канзастықтарды қазақ халқының мәдениетімен, оның ішінде қазақ дәстүрлерімен, тілімен, ертегілерімен таныстырдық. Қызым екеуміз «Дәуіт пен қарлығаш», «Мақта қыз бен мысық» атты танымал және өзіміз жақсы көретін ертегілерді ұсындық. Оларды ағылшын тіліне аударып, екі дауыспен оқыдық, проектордан суреттер көрсеттік. Балаларға қатты ұнады! Артынша бізге жақындап, ризашылығын білдірді.

Сонымен бірге, американдықтарға қазақ тілінде сәлемдесуді, санауды үйреттік, олар қызыға, балаларға қоса ата-аналары да қайталап отырды. Біздің қуанышымызға шек болмады. Елімізде Наурыз мейрамы қалай тойланатыны туралы да айттық, қазақтар көшпенділердің ұрпағы екенін түсіндіріп, киіз үйді, бесікті таныстырып өттік. Олар қайта-қайта «Сіздер әлі де киіз үйде тұрасыздар ма?» деп таңғалып сұрай берді.

Біз Астана мен Алматымыздың керемет суреттерін, еліміздің биік тауларын, әдемі көлдерін де көрсеттік. Олар үшін Қазақстан нағыз ғажайыпстан болды, меніңше.  Елім үшін мақтаныш сезімі кеудеме симай кетті.

Ең керемет тосынсыйды шараның соңына қалдырдық. Ол не десеңіздер, балаларға қазақтың киіз үйін қағаздан жасаттық. Ол үшін алдын-ала пішіндерді ақ қағаздан дайындадық, мұны ұйымдастыруға кітапхана жұмысшысы Анита (Anita Patel) мен Канзас университетінен осы шараға жауапты Меган (Megan Luttrell-Guss) көмектесті. Оларға ерекше ризашылығым мен алғысымды білдіремін.

Балаларға пішіндерді таратып, түрлі-түсті фломастерлер, жапсырма берді және қалай жасау керек екенін түсіндірді. Презентацияда киіз үй жасаудың қадамдары да көрсетілді. Балаларға өз киіз үйлерін әшекейлеуге еркіндік берілді, нәтижесінде неше түрлі креативті бұйымдар шықты. Бұл өте қызықты және шығармашылдық іс-әрекет болды. Мұндай шаралар барлық жағынан өте маңызды, Қазақстанға деген қызығушылықты да тудырады деп сенемін.

Әрине, АҚШ-та қазақтар бар ғой дейтіндер де табылады, мұнымен келісемін, бірақ олар көбінесе танымал ірі туристік штаттар мен қалаларда тұрады. Ал алыстағы консервативті штаттарда біздің еліміз туралы естімеген. Осындай шараға бізді қатыстырғаны үшін және оны ұймдастыруға көмектескені үшін Канзас университетінің CREES орталығына және Лоуренс қаласының Public Library қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Шараға қатысты барлық қажетті материалдар мен техниканы, жарнаманы, орынды осы мекемелер өздері қаржыландырды, біз тек ғана қатысып жүргіздік.

Динара Рахматуллаева

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<