Әдейі ұрған қоңыраудай

852

0

Қазақ өлеңінің ХІХ ғасырдағы көрнекті өкілі Бұдабай Қабылұлы есімі біздің заманымызға терең тартқан сыр, тебіреністі жыр болып жетті.

Біздің заманымыздағы белгілі ақындардың Бұдабайды өзіне ұстаз тұтуы соның бір дәлелі. Ақын өлеңі – өрнегі жағынан да, ішкі қуаты тұрғысынан да өзгеге ұқсамайтын дара шығармалар. Сондай-ақ, өз заманының мұңын айтып, мұратын биік қойған азаматтық тұлғасымен де тұғырлы.

Мәселен, оның тарихтан мәлім, Қоңырат биі Қалкөздің орнынан түсіп, Әйеке мен Әлмәмбеттің өзара дау-шары қабынатын кездерінде жазған  өлеңдерінде әділдік жоқ, заман азды, заң тозды деген сөздер айтылады. Аруақты билердің уақыт жаңалығынан таяқ жегеніне қорланады.

– «Мал жақсы болыстан да, биліктен де,

Әр істі ақша бұзар киліккенде.

Азғанын заманыңның білмейсің бе,

Жабы озды жалы сұйық жүйріктен де, – деген ақын өлеңі – қай жағынан да санаға сіңімді, туған жерге деген перзенттік парызды паш еткен дүние.

Ақын өлеңдері жанрлық мазмұны жағынан қасида, мәрсия (эллегия), сатира түрінде жазылған. Оның себебі, заманындағы бай-бағыландарға көңілі толмау, олардың елдің ардақтаған адамдарының билігін ақшаға сатуы, адамдық шекарадан аттап, пендешіліке алдану – осының бәрі ақын жүрегін сыздатады. Бұдабай шығармаларының халықтың аузында сақталып қалуы да оның халықшылдық сипаты.

Алайда, ақын өлеңдері әдеби айналымға кеш түскен. Ол жаңа айтқанымыздай тек ел аузында жүрген дүниелер. Ақынның алғашқы зерттеушілері – Ә.Қоңыратбаев, О.Шипин, М.Байділдаев, Р.Мәзқожаев, А.Қайнарбаев секілді ғалымдар мен халық қазынасының жанашырлары. Олар сонау 30-40 жылдардан бері ақын мұрасын әр жерден қолға түсіріп, қорға салып отырған. Солардың осы еңбегі арқасында Бұдабай өлеңдері 1989 жылы «Бес ғасыр жырлайды» жинағына енген.

Бұдабай ақын – Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса, Балқы Базар секілді өз дәуірінің белгілі тұлғалары, Сыр сүлейлері атанған ақындармен замандас болған. Бір деректерде Балқы Базар Бұдабайдың батасын алыпты деген де сөз бар. Қалай болғанда халықтың Базар жырауға «балқы» сөзін қосақтауы бұл ақынның алабөтен ақындық қуатын танытады. Ал, мұндай дара дүрлердің өзара шығармашылық байланыста болуы да заңды.

Бұдабай 1842 жылы қазіргі Шиелі ауданының Жөлек жерінде дүниеге келген.

Әуелде ол айтыс ақыны есебінде танылған. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскендей момын бала екен. Он бес жасында атты түсіп, жаяу жатып қарағандай сұлу Жадыра деген ақын қызға қызығып айтысқа шығып кетеді. Содан Құдай берген қабілеті ашылады. Өзін ақындыққа алып келген Жадыраға риза болғандықтан сол айтысын ақын алпыс жастан асқанша жатқа айтып жүріпті.

Ал, оның Қоңырат елінің атақты айтыс ақыны Қарлығаш қызбен айтысы бір жетіге созылған. Бұдабай сол ақын қыздың құрметіне өз қызына Қарлығаш деп ат қойған.

Кейіннен ол Қыпшақтан шыққан аға сұлтан Тұрманның қасында жүріп, толғау, қасидалар жаза бастайды. Сөйтіп, жазба әдебиетінде де алдына жан салмаған жүйрікке айналады.

– Қыпшақтан шыққан Бұдабай,

Әдейі ұрған қоңыраудай

Оятқан көпті гүрілі, – деп Тұрмағанбет шайырдың жырға қосуы – Бұдабайдың жазба ақындығына берілген бірегей баға. Әттең, бүгінге жеткен ақын шығармалары – «Әйекенің жоқтауы», «Әлмәмбетке», «Әжібай мен Торғайға», «Аппазға», «Әшірдің баласы Сыздықты жоқтау», «Өзім жайлы», «Көңіл туралы», «Өмір туралы» секілді санаулы ғана өлеңдері. Ауыл молдасы Палымбет деген кісі: «Өлең – шайтанның ісі, тәубе қылатын кезің жеткен жоқ па?» деп кезінде өлеңдерін өртетіп жіберген екен. Ақын негізінен өлеңдерінде бай-манаптар мен Қоқан әкімдерінің озбыр қылықтары өткір сынға алынып, қалың бұқара мүддесін көркем жырға қосқан.

Бұдабай ескіше сауатты, парсы әдебиетін жақсы білген. Оның осы қырларын бағалаған Кете Жүсіп «Ұстаз» деген өлеңінде:

 – Аттары мәлім дүрлер бар,

Алшаңдаған әр топта –

Бедеудей қойған тағалап.

Шәді менен Ерімбет,

Әзілкеш, Абай, Бұдабай, –

Олардың айтқан сөздері,

Әр жұртты кеткен аралап…», – деп дәріптейді.

Бұдабайдың бәйбішесі Балторыдан бір ұл, үш қыз туған. Кіші қызы, атын өзі айтысқан ақынның құрметімен атаған Қарлығаш қырқыншы жылдары Алматыда тұрыпты. Одан атақты «Мың бір түнді» аударған жазушы Қалмақан Әбдіқадыров өмірге келеді.

Жалпы, Бұдабай ақын туралы айтар сөз көп. Біз тек оның биылғы мерейлі жасын еске түсіруді мақсаттап отырмыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<