Білім: жылдар қойнауындағы құндылықтар

578

0

1938 жылы Қызылорда облысы құрылды. Тарихқа көз жүгіртсек, қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрыпты. ҰОС-дан кейінгі жылдары аяқ киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылған. Гагарин, Титов атындағы шет аймақтар қала көлемін арттыра түскен. Ал оқу орындары және мектептердің ашылуы өңірдегі білім саласының алғашқы баспалдағын қалаған еді.

Сыр білімінің бәйтерегі

Бүгінде Тәуелсіз мемлекет ретінде әлем танып отырған қазақстандық білім мен ғылымның да тамыры тереңде. Орта ғасырлардың өзінде қазақ топырағынан шығып, есімдері әлемге танылған әл Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, т.б. ғұламалар артына өшпес мұра қалдырды. Осындай ұлы тұлғалардың арасында әлемдік озық ойдың иесі, түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт атаның орны ерекше. Тұтас түркі халықтары үшін киелі мекен Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның, руханияттың терең тамырының бастауы Қорқыт баба өмір сүрген кезеңдермен тұспа-тұс келеді.

Өзінің бастау бұлағын осыдан мыңдаған жылдар бұрын Платон академиясы, Аристотель лицейі, Александрия мұражайы сияқты Еуропа жоғары оқу орындарының құрылуынан бастайтын университеттік білім берудің іргетасы Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қалана бастады.

Алғашқы жиырма жылға жуық уақыт ішінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны 12-ге жетті. Соның бірі корей халқын Қиыр Шығыстан жер аудару туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы қаулысы бойынша Қызылорда қаласына көшірілген Қиыр Шығыс Корей педагогикалық институтының негізінде құрылған Қызылорда педагогикалық институты болатын. Бүгінгі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің іргетасы осылайша қаланды. Көршілес Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын оқу орындары болмағандықтан, Сыр өңірінде педагогикалық жоғары оқу орнының ашылуы тарихи маңызы зор оқиға еді. Оқу орнының аймақтың білім мен ғылым саласын дамытудағы еңбегі сол үшін де ұшан-теңіз.

Көкжиегі кең колледж

Жоғарыда облыс құрылған шақта 12 оқу орны ашылғанын айтқанбыз. Бәрінің аймақ тарихындағы орны айрықша. Дегенмен, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің тарихы білім саласында елеулі үлеске ие.

Тоқсан бір жыл бұрын Қызылорда аудандық атқару комитетінің №33 шешіміне сәйкес педагогика техникумы болып ашылған оқу орны 5 жылдан кейін педагогика училищесі болды. Ал 1952 жылы ҚазКСР Ағарту ісі министрінің бұйрығымен М.Мәметова атындағы Қызылорда қазақ қыздар педагогикалық училищесі, 37 жыл бұрын педагогикалық училище, кейіннен заман талабына сай колледж атанды.

Аймақтағы алғашқы мектеп

Облыстағы ең алғашқы мектеп Қазалы қаласында ашылыпты. Ондағы №16 мектептің негізі 1860 жылы қаланған. Мектепті алғашқы рет патшалық Ресейдің офицері А.Алексеев және діндар Н.Евграфов 2 кластық орыс мектебі негізінде ашқан. «Төменгі» топ оқушыларын А.Алексеев, «жоғарғы» топ оқушыларын діндар Н.Евграфов оқытқан. Мектепте 4 пән оқытылған. (Бұл дерек уезд бастығы Глобовтың Түркістан генерал-губернаторына жазған хатынан алынды).

1872 жылы бұл мектеп қалалық училищеге, 1878 жылы 2 кластық ремесло училищесіне айналған.

Қазалы қаласындағы №16 А.Горький атындағы орта мектеп ғимараты 1912 жылы салынған. Мектепті Түркістан аймақтық оқу инспекциясының шешімімен Ташкент қаласынан С.Қасымқожаев басқарған құрылысшылар бригадасы келіп салған. Мектепті салуға қаржы түгелдей Қазалы қаласы тұрғындарының салығы есебінен жүзеге асқан. Мектеп 4 кластық орыс-түзем мектебі деп аталған. Мектептің алғашқы директоры болып сол кездегі Қазалы уезіне белгілі педагог Иван Васильевич Иванов бекітілген. Мектеп көп кезеңге дейін «Иванов мектебі» деп аталып келген.

1938 жылы мектепке атақты орыс жазушысы Алексей Максимович Горький аты және орта мектеп дәрежесі берілген.

Архив ақтарғанда…

Архив құжаттарын ақтара отырып, Сыр елі талай ұлтқа пана болғанына көзіміз жетеді. Патшалық Ресейдің кезінде-ақ саяси сенімсіз адамдар біздің территориямызға жер аударылып отырған.

Жер аударылып келген 8476 корей 1938 жылы 10 наурызда облыстық атқару комитетінің қаулысымен аудандарға бөлінген. Тағы 400 адам Қызылорда қаласында қалдырылған, 1430 адамды басқа облыстарға жіберу сұралған. Ал 1938 жылы Қызылордада корей балалары үшін 400 орындық жаңа мектеп салынған екен.

Қаланың бірінші мектебі

Қызылорда қаласындағы мектептердің қарашаңырағы – бұрынғы 1 Май, қазіргі Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының ашылғанына жүз жылдан асты. Тарихи мерекелер тоғысқан жылда бір ғасырлық тарихқа аз-кем шегініс жасағанды жөн көрдік.

№1 мектеп-гимназияның іргетасы 1918 жылы 5 қазанда қаланды. Сол кездегі ойлы, парасатты, зиялы қауым өкілдері, тағы басқа ойы ізгі кісілердің бастамасымен ұлдар мұсылман мектебі болып ашылып, оған қазақ, өзбек, татар балалары алынды. Мектептің алғашқы директоры болып Шах-Ахмет Валиуллин тағайындалды.

1920 жылдан бастап Герцен атындағы мұсылман мектебі татар және қырғыз (қазақ) мектебі болып бөлініп, мектепте 128 ер бала оқыды. 1922 жылы мектеп Абай атын иеленеді. Бастауыш қазақ мектебі болып, оқу мерзімі төрт жылға ұзартылды. 1927-1928 оқу жылдары мектепте ер балалармен қатар қыздар да қабылданды. 1934 жылы Абай атындағы бастауыш мектеп 7 жылдық мектеп болып өзгерді. 1936 жылы 1 қыркүйекте жергілікті атқару комитетінің ұйғарымымен 7 жылдық мектеп 1 Май аталды. 1946 жылы алыстағы қазақ балаларына мектеп жанынан арнайы интернат-пансион ашылды. 1989-1990 оқу жылынан бастап аралас мектеп атауынан арылып, қазақ орта мектебі болды. 1991 жылдан бастап 1 Май атындағы қазақ орта мектебі қала әкімшілігінің шешімі бойынша мектеп-лицей атанды. 2003 жылы Үкімет қаулысымен 1 Мамыр атындағы №1 мектеп-лицейі Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия болып қайта аталды.

Білім ошағының 100 жылдық тарихында өзгеше орны бар, нағыз ұстаз, іскер басшы, Отан қорғаушы жауынгер ретінде ел есінде қалған ерекше жан Ахмет Пірназаров 1939 жылы мектеп директоры болып тағайындалды.

Бірде Шиеліден Жорабек атты ақсақал келіп, 1 Май мектебі «үлгілі мектеп» деп естігенін айтып, екі бірдей баласын осында орналастырады. Оның бірі – қазақтың маңдайалды азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі академик Шахмардан Есенов болатын.

Тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жетістіктер

Жасырып жабатыны жоқ, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдарда білім саласына етене көңіл бөлінбей қалды. Қасіреттен ес жиып, қасиетке оралу жолында оқтын-оқтын шаралар мен шешімдер қабылданып жатты. Шығармашылыққа көңіл бөлініп, білім саласын аяққа тұрғызу үшін үлкен күш жұмсалды. Дегенмен, білім саласындағы жарқын жетістіктер тәуелсіз ел атанған соң барып көзге көріне бастады.

Осы уақытта білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық негізі, әлемдік білім кеңістігіне интеграцияланған қазақстандық білім беру жүйесі қалыптасты. Саланың соңғы 32 жылдық тарихына көз жіберер болсақ, оны бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Егер 1991-1994 жылдар білім беру саласының заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру кезеңі десек, 1995-1998 жылдары білім беру жүйесін және оның мазмұнын жаңартуға күш салынды. Ал 1999-2004 жылдары білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру мәселелеріне көңіл бөлінді, 2005-2010 жылдары білім беру жүйесі нарықтық экономикаға бейімделді. 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін жаңа кезеңде инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделі қалыптасты.

Білім беру саласы жүргізілген нәтижелі реформаларға сәйкес, бірқатар өзгерістерге қол жеткізді. Білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді.

Қазақстандық білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған Халықаралық стандарттық білім беру бағдарламасының классификация өлшемдеріне сәйкес келтірілген. ҚР Білім туралы заңының 8-бабына сәйкес, білім алу жүйесі жеті сатыдан тұрады:

Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Жоғары білім саласын халықаралық дәрежеге көтеру Қазақстанның халықаралық аренада бәсекеге қабілетті мемлекет болуына тікелей ықпал етеді. Оны жүзеге асыру үшін 2012 жылдан бастап Қазақстанда көптілді білім беру жүйесі енгізілуде. 2012-2013 оқу жылында Қазақстанның 35 мектебінде көптілді оқыту жүйесін енгізді, сонымен қатар, 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету жобасы қолға алынды. Осылайша орта мектептерінде үш тілде сабақ берудің жаңа стандарттары сынақтан өткізілді.

Еліміздің білім беру жүйесінің өркендеу көшінде Сыр өңірі де қалыс қалмады. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік: 1991 жылы, яғни Тәуелсіздік алған жылдары облыс бойынша 223 балабақша жұмыс жасап, онда 14543 бала тәрбиеленген. Ал қазір қанша есеге өскенін аңғаруға болады.

2015 жылы Қызылорда облысы балалар үйі жоқ аймаққа айналды. Облыста 80 орындық отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жұмыс жасауда. Республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін облыстың 19 педагогіне «Үздік педагог» атағы берілді. Жергілікті бюджет есебінен кейінгі 8 жыл ішінде «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылуда.

2017 жылдан бастап колледждерде 7 арнайы пән мен «Информатика» пәнін ағылшын тілінде оқыту жобасы басталды. 2019-2020 оқу жылынан бастап «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Республикалық физика-математика мектебі», «Білім-инновация лицейі», елорда лицейлерінің жетекші педагогтерінен қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика пәндері бойынша тереңдетіп оқыту жұмыстары жүргізілуде.

1991 жылдан бері кәсіптік білім беру саласы бойынша қабылданған «Білім туралы» заңның, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіптік білім беру саласына модернизациялау жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде талантты және дарынды жастарды қолдау мақсатында «Сыр дарыны білімділер академиясы» 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Дарынды балалар академияда әр оқу тоқсаны арасындағы демалыс уақытында білімдерін одан әрі шыңдап, пәндер бойынша озат ұстаздардан 2 тілде дайындық жұмыстарына қатысады.

Байлығы – білім, еңбегі – ғылым

Кез келген елдің әлемдік бәсекедегі қабілеттілігі өркендеп дамыған ғылымымен өлшенеді. Жаңа өнімдер, сапалы қызметтер, технологиялық үдерістер – барлығы ғылыми жаңалықтардың нәтижесінде жүзеге асады. Білім мен ғылымсыз әлемді мойындату, бәсекеде көріну, сондай-ақ елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту мүмкін емес. Қазіргі уақытта елімізде «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Аталған бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін 7 есе көбейтіп, ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу басты меже етіп қойылып отыр. Сонымен қатар бағдарламада отандық ғылымды дамытудың негізгі бағыттары мен міндеттері анықталып, соған сәйкес жұмыс жүргізілуде.

Республикада «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» отандық ғылымның дамуына барлық деңгейдегі білім беру мазмұнын жаңғыртудың әсері зор екендігі де айтылған.

Қазақстанда тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл өз кезегінде мектеп мұғалімдерінің материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне, моральдық тұрғыдан қорғалуына оң әсер етті.

Еліміздің білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуі, білім саласындағы жеткен жетістіктеріміз бен қазақ ғылымындағы тың жаңалықтар – ұстаздар мен ғалымдардың, білім, ғылым саласы менеджерлерінің нәтижелі еңбегі. Оған Сыр өңірі ұстаз-ғалымдарының да қосқан үлесі зор.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<