Күрішшілер мектебі

403

0

Ы.Жақаев атындағы күрішшілердің мамандығын арттыратын республикалық мектеп 1966 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті және Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде 1971 жылдың 30 маусымында Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің №536 бұйрығымен Шиелі ауданының Қызыл Ту колхозында құрылды.

1985 жылғы 11 қарашадағы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің №936 бұйрығымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қарамағына өтіп, Қызылорда қаласына көшірілді. Мектепке Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтынан екі кластық бөлме бөлініп, сол жылдары мектепте 4 адам қызмет етті. Мектепте күріш ғылыми-зерттеу институтының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының озық мамандары, жергілікті оқу орындарының оқытушылары сабақ жүргізді.

Мектептің негізгі міндеті – күріш егудегі жаңа жетістіктерді игеру, химияландыру, суландыру, механикаландыру, күріш өнімін өндірудің технологиясын ұйымдастыру. Тыңдаушылары күріш егуді ұйымдастыруда ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін оқып үйрену, жоспарлау мен жаңа тәжірибелерді жетілдіру барысында нәтижелі еңбек етті.

1981 жылдың 6 қарашасындағы республикалық күрішшілер мектебі педагогикалық кеңесінің №5 қаулысымен оған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың есімі берілді.

Ы.Жақаев атындағы күрішшілердің республикалық мектебі күріш егетін ұжымдардың агрономдарының, өндіріс бригадирлерінің, звено жетекшілерінің мамандықтарын жетілдірумен айналысты. Жылына 200-ге жуық маман оқыған. Негізінен күріш ғылыми-зерттеу институтының ғылыми мамандары дәріс берген.

Республикадағы жас диқандардың білімін көтеріп, күріш өсірудің озық тәжірибесін зерделеген мектеп тарихы туралы архив құжаттары осылай сыр шертеді.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<