М.Шоқай: деректер не дейді?

1079

1

Кейінгі кезде Мұстафа Шоқайдың туған жері мен туған жылы туралы қисынсыз әңгімелер көбейіп, түрлі пікір айтылуда. Әрине, тұтас ғұмырын туған халқының азаттығына арнаған М.Шоқайдың өмірі мен күрескерлік жолы туралы қызығушылық танытушылардың көбейгені бізді қуантады. Себебі, Алаш ардақтыларының ішінде Мұстафа Шоқай туған еліне кештеу, 1990-жылдары оралды. Кеңестік дәуірде оның атын атауға қорқатын кездер де болған.  «Жас Алаштың» 2022 жылы 10 ақпандағы санында журналист А.Сәулебектің мақаласындағы кейбір мәселелер көпшілік оқырмандарды толғандырды. Дегенмен, кез келген зерттеу тарихи дерекке негізделсе орынды болар еді. Қолда бар тарихи деректі талдап, сын елегнен өткізу – ғылым талабы. Онсыз жасалған пайымдау мен тұжырым абстрактілі пікір қалыптастыруға әкеліп соқтырады, тек зерттеушіні ғана емес оқырмандарды да үлкен қателіктерге ұрындырады. Екінші мәселе – негізге алынған деректердің ғылымилығы, нақтылығы. Мәселен, деректерді зерттеу жұмысында қолдануда бүгінде тарих ғылымында, тіпті студенттердің өзі курстық, дипломдық жұмыстарында ғаламтордағы уикипедия мәліметтерін дерек көзі ретінде қолданбайды. 

Рас, кезінде кеңестік идеология ықпалымен жазылған С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабы Мұстафа Шоқай туралы теріс пікір қалыптасырып, көпшілікті адастырды. Тіптен, 1980 жылдардың ортасында «Арал қорына» 100 мың сом саламын деп ақын М.Шахановты, жазушы Ә.Таразиді, Қызылорда облысының басшысы Н.Әуелбековті сендірген, өзін КГБ полковнигі, барлаушы деп таныстырған Байдрахман Садықовтың Мұстафа Шоқай туралы ойдан құрастырған аңызына да сеніп қалдық. Кейін оның кім екенін, М.Шоқай туралы айтқандарының жалғандығын КГБ ардагері, зерттеуші Әмірхан Бәкіров ашып берді. Өкініштісі, Б.Садықовтың айтқандарын негізге алып жазылған кейбір кітаптардағы М.Шоқайдың туған жері туралы мәліметтер «Ақмола» энциклопедиясына да еніп кеткен.

М.Шоқайға әділ баға беруге, оның саяси қызметін бағалауға сонау кеңес заманының өзінде-ақ алғаш түрен салған жазушы Әнуар Әлімжанов болатын. Ал, 1990 жылдары Сыр өңірінде алғаш рет С.Ибрашұлы, А.Бәкіров, Б.Атабаев елдегі ауызекі дерек көздері мен архивтік материалдарға сүйеніп арнайы кітап шығарды. Кейін белгілі мұстафатанушы ғалым, академик Д.Кішібеков, профессорлар М.Қойгелдиев, К.Есмағанбетов, Б.Садықова, М.Қыдырәлі, түркиялық ғалым Ә.Қара, сондай-ақ, белгілі ақын, публицист Қ.Бегманов  және т.б, қайраткерді әр қырынан қарап, кешенді түрде зерттеді.

2015 жылы Сыр өңірінде Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына арналған «Мұстафа Шоқай – Алаштың алып тұлғасы» атты алғаш республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жалпы конференция дегеніміз – белгілі бір өзекті тақырыпты талқылауға арналған ғалымдардың пікірталас алаңы. Онда әр ғалым өз зерттеулерін ұсынады, баяндама жасайды. Осы конференцияда Мұстафа Шоқай тұлғасын жаңа қырынан танытқан кәсіби тарихшылармен қатар кеңестік стреотиптік санада қатып қалған кейбір ғалымдардың болғанын да, ұлттық рухы тасыған, бірақ зерттеу жұмысында методологиялық қателерге бой алдырған жас магистрлер де баяндама жасағанын да жоққа шығармаймыз.

Тарихи сананы қалыптастыруда аталған конференцияның рөлі ерекше болды, қызу пікірталас нәтижесінде Алаштың алыбы М.Шоқай тұлғасын  халық толық таныды, сең бұзылды. Дегенмен, әлі де елімізде кейбір басшылардың Мұстафа Шоқай туралы көзқарастарында жалтақтылық, сыңаржақтылық та жоқ емес екенін мойындауымыз керек. Жоғарыда аталған конференцияда қабылданған қарардың нәтижесінде 2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде К.Есмағанбетовтың ғылыми жетекшілігімен «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығы құрылды. Бүгінде аталған орталық қазақстандық және шетелдік ғалымдардың басын біріктіріп қайраткердің мұрасын зерттеу ісімен айналысуда. 2016 жылдан бері орталықтың ұйымдастыруымен М.Шоқай мұраларын зерттеу мәселесіне байланысты бірнеше телехабарлар түсіріліп, 3 халықаралық, республикалық конференция өткізілді. Ғылыми мақалалар, монографиялар жарыққа шықты, бірнеше магистрлік диссертациялар қорғалды. Бүгінде орталықтың басшылығымен университет ғалымдары «Мұстафа Шоқай» тұлғалық энциклопедиясын даярлауда, қайраткердің төрт жүзден аса түрік шағатай, француз, поляк тілдерінде жазылып қазақ тіліне аударылмаған мақалалары аударылуда. Орталық төріне қайраткердің туғанына 130 жылдығына Мұстафа Шоқай қоғамдық қорының демеушілігімен қайраткердің жұбайы Мария Шоқаймен тұрған бюсті қойылды.

Мұстафа Шоқайды зерттеуге алғаш қалам тартқандардың бірі С.Ибрашұлының 1993 жылы жарық көрген, әлі күнге дейін құндылығын жоймаған «Мұстафа Шоқайұлы» атты кітабында (6 бет), 2006 жылы осы кітапқа сүйеніп жазылған Е.Қосжанов, Ә.Пірманов жазған «Киелі Сыр» кітабында (201 бет): «Мұстафа 1890 жылы 7 қаңтарда қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, «Бірінші мамыр» кеңшарына қарасты «Әулиетораңғыл» деген  жерде дүниеге келген деп жаза отырып, жақшаның ішінде («Наршоқы» деп те аталады) деп екіұдай пікір қалдырады. Бұл жерде авторлар нақты деректің жоқтығына байланысты осылай жазса керек. Осы пікірді негізге алған кейбір зерттеушілер бүгінде оны сан-саққа жүгіртіп, Мұстафа Шоқайдың туған жерін «Әулиетораңғыл» атымен аталған басқа да жерлермен шатастырады. Шын мәнінде, ертеден қазақ халқы тораңғыл ағашын өте киелі ағаш санаған, ол өсетін алқаптарды «әулиелі жер» деп есептеген. Мәселен, қазіргі Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылы тұсынан дариядан сағасы бастау алатын, кеңестік дәуірде  салынған «Жаңа Сұлутөбе»  каналы бойында Майлытоғай ауылына жақын жерде, бір жағы «Қызылкөл» деген жермен жалғасып жатқан тораңғыл өскен жер де, одан дария ағысымен сәл төмен, қазіргі Сұлутөбе бекетінен 18 шақырымдай жердегі көне жұрт орны да «Әулиетораңғыл» атауымен аталады.

Деректерге сүйенсек нақ осы  жерде Торғай датқаның үшінші ұлы Әліш төрт сыныптық мектеп салдырған. Нақ осы «Әулиетораңғыл» мекенінің  жұртынан оңтүстік шығысқа қарай «Көксудың» жаңа сағасының маңында Оразай ишан кесенесі, «Қызыл үй», «Итаяқ» атты жерлер дарияның жоғары ағысына қарай орналасып, 16-бекет, Майлытоғой, Тартоғай бағытында тораңғылды жерлер жалғасып кете береді. Ал, белгілі журналист Қ.Бегмановтың «Мұстафа жолымен» атты кітабында Мұстафаның ұлы атасы Торғай датқа көзі тірісінде үлкен ұлы Шоқайға еншісін бөліп беріп, қазіргі Сұлутөбе ауылы маңындағы «Наршоқы» алқабына қоныстандырады. Бүгінде «Наршоқы» деп Сұлутөбе бекетінен 14-15 шақырым жердегі үлкен құм төбені атайды. Он жыл болыс басқарған Шоқай елді диқаншылыққа баулу мақсатында Боқтыбай деген туысына басы «Көксудан» бастау алатын арық қаздырып, Сұлутөбе маңынан су тоғанын жасап, жергілікті халық оны «Әупілдеккөл», кейін орыс мұжықтарымен арадағы болған су таласына байланысты «Жанжалкөл» деп атап кеткен. Осы көлден сағасын алатын, теміржолдың көпірі астынан өтіп «Бірінші мамыр» ауылына дейін баратын  «Құмжарған» арығын да Боқтыбай мұрап қазса керек.

Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағанбетов зерттеулерінде де Мұстафа Шоқайдың  қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданының жеріндегі Сұлутөбе теміржол стансасынан он бес шақырым жердегі «Наршоқы» мекенінде 1890 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келгенін айта келіп: «1890 жылы көктемде Сырдария қатты тасып, «Әулиетораңғылдағы» мектеп үйі судың астында қалады. Шоқайдың да, оның басқа туыстарының да ауылы «Әулиетораңғылдан» «Көксу» өзенінің сағасындағы «Наршоқы» деген мекенге қоныс аударады. «Наршоқыда» Әліш мектеп ашу ісін қайтадан қолға алып, мектеп үйін салдыртуға Ташкенттен арнайы құрылыс маманын шақыртады. «Наршоқы» құмында орналасқан Шоқай қыстауының жанында бой көтерген жаңа мектеп үйі 1896 жылы шәкірттер қабылдайды. Алты жасар Мұстафа ағасы Сыздық, немере ағасы Бәкірмен бірге алғашқылардың бірі болып осы мектеп табалдырығын аттайды. Күйдірген қыштан салған екі бөлмелі мектептің құлаған орны, қора-қопсылардың ізі әлі күнге дейін сақталған. Шоқай би де, Әліш және Мұстафаның басқа туыстары да осы маңнан 300-400 метрдей жердегі қорымда жерленіпті» делінген (Мұстафа Шоқай шығармаларының 12 томдық  жинағының 1-томы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. 30, 33-беттер). Ендеше көктемгі су тасқынанан Шоқай ауылы «Әулиетораңғылдан» «Наршоқыға» көшкен десек, 1890 жылы желтоқсанда Мұстафаның «Наршоқыда» дүниеге келгені айдан анық. Оған ешкімнің дауы болмауы тиіс. «Наршоқы» мен «Әулие тораңғылдың» арасы өте жақын. Деректерде «айқайлаған адамның дауысы жетеді» деп айтылады. Түркиялық тарихшы-ғалым Абдуақап Қара да өз еңбегінде де Мұстафа Шоқайдың «Наршоқы» ауылында дүниеге келгенін жазады («Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығармашылығы. Арыс баспасы, 2004 ж. 12-бет). Бір ескеретін жайт Ә.Әлімжанов, Д.Кішібеков, М.Қойгелдиев, К.Есмағанбетов зерттеу жұмыстары барысында әрқайсысы Сыр өңіріне арнайы келіп, «Наршоқыда», «Әулиетораңғылда» болып, қалған жұрттың орнын өз көздерімен көрген. 1990 жылдардағы елдегі экономикалық қиындыққа қарамастан сол кезде құрылған «Мұстафа Шоқай» қоғамдық қорының президенті Б.Атабаевтың бастамасымен ағайындары өз мүмкіндіктеріне қарай Мұстафаның туған жері «Наршоқыға» арнайы уақытша белгі қойылған. Ендеше Мұстафа Шоқайдың осы жерде дүниеге келгені айдан анық дәлелденген.

Бірақ мақаланы жазудағы басты мақсат бұл емес. «Жас Алаштағы» Мұстафа Шоқайдың туған жеріне ескерткіш салу туралы көтерілген мәселені мұстафатанушы ғалымдардың барлығы қолдайды. 1917 жылы Торғай қазақтарының Орынбордағы съезіне барғанда Мұстафа Шоқайға Аманкелді Имановтың атынан қыпшақ руының кісілері келіп, төре Әлихан Бөкейхан, арғындар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына қарсы күресте саяси жетекші болуын өтінген. Мұстафа Шоқай: «…Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлініп, қыпшақтың көсемі, арғынның көсемі, үйсіннің көсемі болып жатсақ, біздің халық азады» деген екен.

Мұстафа Шоқай – тек қазақ ғана емес күллі түркі халықтарына ортақ тұлға! Ендеше Түркістанның азаттығы үшін күрескен, азаттық күрестің стратегиясын жасаған, Түркістан мұхтариятының басшысы, мемлекет қайраткеріне арнап ескерткіштердің еліміздің әр қаласында, әр ауылында тұруы халқымыздың ұлттық рухын көтереді. Көшелерде Мұстафаның тәуелсіздік, атамекен, ұлттық рух, тіл, ұлттық мүдде жайындағы нақыл сөздері жазылып, суреті, әр білім беру ұйымдарында, әр мекеме басшысының кабинетінде, әр қазақтың төрінде  ілініп тұрса, ұлттық мүддені өз мүддесінен жоғары қоятын, кеудесінде намысы бар ұлтжанды жастарымыздың  көп болуына септігін тигізері сөзсіз.  Азаттық үшін күрескен Алаш қайраткерлерін, олардың мұраларын зерттеуге, насихаттауға ғылыми ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдау болып тұрса, тарихымызда әлі талай алтын көмбелердің ашылатыны сөзсіз.

Профессор Көшім Лекерұлы еңбегінде мынадай деректер де келтіреді: «Мұстафаның немере ағасы Әліштің (Әлмұхамед) қыстауы кезінде «Наршоқыда» болғанымен, күздеуді қазіргі «Бірінші мамыр» ауылыңдағы Ғани ақсақалдың осы кездегі үйі маңайында өткізеді. Ол жерден жарты шақырымдай жерде Әліштің кірпіштен салған үйі болады. Онда Мұстафаның інісі Нұртаза, кейін Палымбеттің ұлы Кенжеғұл тұрады. 1927 жылғы күз айларының бірінде Әліштің үйіне Мұстафаның хабарын білгелі М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов келеді. Шай ішіліп болғаннан кейін Палымбетұлы Кенжеғұлды, Нұртаза Шоқайды ертіп көлге құс атуға барады (бұл да сонда, 253-бет). Бірақ Әліштің күздеудегі үйінің қашан салынғаны, Мұстафаның ол үйде туғаны немесе тұрғаны туралы дерек жоқ. 

Ендігі бір даулы мәселе – Мұстафаның туған жылы. Кей деректерде 1889 немесе 1891 жыл деп көрсетіледі. Мұны 1918 жылы 26 қаңтарда Халком Кеңесі шешімімен большевиктердің григориандық күнтізбені енгізілуімен байланыстырып пайымдауға болады. О.Сәрсенбаев М.Шоқайдың туған жылы 1886 жыл деп есептейді (503 бет) (Мұстафа Шоқай. Таңдамалы.-Алматы, «Қайнар» 1.1, 1998). Әрине бұл пікірдің нақты емесін кейінгі табылған құжаттар дәлелдеп шықты. Мәселен, Мұстафаның туған жылы туралы оның жары Мария Шоқай естеліктерінде «1916 жылы танысқанда Мұстафа 26 жаста болатын деп жазады (Мария Чокай. Я пишу Вам из Ножана. Алматы, 2001.) Ал, М.Шоқайдың жақын серіктері А.Оқтай, Т.Шағатай, М.Делил, т.б. 1890 жылдың 7 қаңтарында туған дейді. (M.Delil. Türkistan türklerinin büyük milliyetçi ve yurtseverlerinden Mustafa Çokay albümü. Istambul, 1942). Оған  себеп авторлар Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің мәліметтеріне (50-қ. 1-т. 387-іс, 199-п.) сүйенсе керек. Осы қордағы енді бір құжат М.Шоқайға 1910 жылы 2 маусымда берілген кәмелеттік аттестатта ол 1890 жылы желтоқсан айында туды делінсе, Санкт-Петербург университетін бітіргеннен кейін оған Ресейде берілген паспортта «1890 жылы туған», 1924 жылы 8 қыркүйекте Парижде алған анықтамалық (тіркеу) куәлігінде және 1925 жылы 24 наурызда Англияға сапармен келгенде толтырған тіркеу куәлігінде де «1890 жылы 25 желтоқсанда туған» деп жазылған. Тіпті, Ресей мемлекеттік әскери архивінен табылған М.Шоқай қайтыс болғаннан кейін толтырылған неміс құжатында да «1890 жылғы 25 желтоқсан» деп көрсетіледі (РГВА. Ф.1358к. Оп.3. д.45б). Профессор Көшім Лекерұлының көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде М.Шоқайдың 1890 жылы 25 желтоқсанда (ескі жыл санау бойынша) туғаны анықталған. Ресейдің мемлекеттік тарих архивінен М.Шоқайдың туу туралы куәлігінің табылуы бұл мәселеге соңғы нүкте қойылған еді. Онда былай делінген: «1902 года 10 марта. Мы, нижеподписавшиеся киргизы №3 Гродековской волости, сим свидетельствуем, что от законной жены одноаульца нашего Чокая Тургаева – Бахтыбике в 1890 году в декабре месяце родился сын, которому дано было имя Мустафа. В чем удостоверяем: Алиш Тургаев, Абубакир Алишев, Шаймухамед Дуйсеманов, Палмухаммед Айтмухаммедов расписались. Мулла, давший имя ребенку, Абубакир Алишев расписался. Настоящее удостоверение явлено мне, народному судье Осману Тургаеву. Записано в актовую книгу под №3, что удостоверяю приложением должностной печати. Осман Тургаев. Перевел письменный переводчик губернский секретарь Ир. Касымов» (РГИА. Ф.14. Оп.3. Д.281. Л.17).

Табылған және ғылыми айналымға енгізілген деректер негізінде Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда (ескіше) «Наршоқы»  мекенінде дүниеге келген деген тұжырым жасауымызға болады. Ғылыми, тарихи деректер негізінде дәлелденген мәселеге сыңаржақ пікір білдіру ұлттық тарихымызға, тұлғаларымызға деген немқұрайлылық болуымен қатар, көпшілікті адастыруы мүмкін.  

С.ТАЙМАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

 «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының жетекшісі,

 тарих ғылымдарының кандидаты, доцент 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<