Сапалай айтқан Самалтау

605

0

«Әннің де естісі бар, есері бар». Бұл – Абайдың сөзі. Әннің адам жанын жадырататын да, жабырқататын да жерлері жетерлік. Әсем әннің жаныңды емдейтін тылсым сыры бар. Мұны ғалымдар да айтады. Әндер топтамасын алып қарасаңыз әрқайсысының шығу тарихы әртүрлі. Оны өңдеп, көркемдеп, тыңдарманға тарту еткенде тәнті болмайтындар кемде-кем. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген дана Абайдың көрегендігіне тағы бір мәрте бас иесің.

Әлқисса…

«Самалтау» әнін тыңдап көрдіңіз бе? Сөздік құрылымы, ұйқас шымырлығы еріксіз таңдай қақтырады. «Самалтау» әнінің шығу тарихы қай өңірге байланысты? Қай заманда шығарылған? Алғаш кім орындады?

«Ана тілі» газетінің өткен жылғы санында «Самалтау» кімнің әні?» деген тақырыпта Сәулембай Әбсадықұлының мақаласы жарық көрді. Сол мақалада Қаратаудың соңғы сілемі «Самалтау» аталатыны айтылады. Жақында Көкшетау қаласындағы бұрынғы Зеренді ауылының аты «Самалтау» деп өзгертілді. Бұл қай «Самалтау»? Ал Батыс Қазақстан жақта Ақтаумен қатар Қаратау деген тау бар деп айтылады. Әннің шығу тарихы сол тауға орайластырылып «Самалтау» деп шығарылған емес пе? Осы мақсатта жазылған деректерді зерделеп, ғалымдар пікірін сұрап білдік.

Алдымен «Ана тілі» газетінде жарияланған Сәулембай Әбсадықұлының мақаласына назар аударайық.            

«Сендердің Қаратау деп жүргендерің – Самалтау»

«Шу қағанның есімімен аталатын өзен Мойын қағанның жалжал құмдарының солтүстігін ала ағып, су аяғы құрдымға кетеді. Өзеннің солтүстігін Бетпақдала әрі қарай Арқа деп атайды жұрт. Есте жоқ ескі заманда ақселеулі далаға айналған кең дала теңіздің түбі болыпты дейді ғалымдар. Жер кіндігі саналатын Ұлытау, Іргетау оңтүстікке қарай созылып Қаратаудың соңғы сілемі Қызылорданың Шиелісіндегі Дәуітқожа тауымен жалғасып жатады екен. Қарағанды өңіріндегі Жаңаарқа ауданындағы Сарысу және Атасу өзендері жарыса ағып Шу өзеніне келіп қосылып, осы күнгі Қызылорда өңірін басып өтіп, Аралға құйыпты. Туу ғарыштан қарағанда арналардың сілемдері әлі күнге дейін көрінеді екен. Кеңес өкіметі орнар тұста Сарысу мен Атасу бойын кіші жүз тайпалары мекендеген. Жері құйқалы, табиғаты көркем, суы бал, шөбі шүйгін, шалғынды өлкеде Жетіқоңыр деген жер бар. Жаңаарқа ауданына қарасты Қаражал қаласына қарайтын Жәйрам поселкесінде тұратын Сүлейменұлы Жақсыбай көкем Жетіқоңырды жіктеп береді. Өсімдігіне қарай, жер бедеріне қарай аталады бәрі. Жиделі, Тобылғылы, Қызыл жыңғыл, Байғана, Қотыр шеңгел, Атансор, Керуен деп келеді. Мұңлы мен Қулы деген атауларының өзі неге тұрады.

Жақсыбай көкемді тыңдасам, адам нанғысыз аңыздар айтады:

– Сендердің Қаратау деп атап жүргендерің – Самалтау, – дейді ол кісі. – Сайын далада самал жел соғып тұрғандықтан, біздің елдің жұрты Қаратаудың соңғы сілемін «Самалтау» деп атаған. Жаңағы жазиралы, көкмайсалы, қараса жұрттың көзі тоятын Сарыарқа жері әу бастан сал-серілердің мекені. Жеті болыстың ұл-қыздары да шетінен өнерлі еді. Бұл өңірден ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы, ғажайып әнші Сапалай Исатайұлы шыққан. Еті тірілері ерте бастан Сібір асып, орысша оқыды. Содан ба, бұл төңіректің жігіттері өнер, білімге құмар болды. Сапалай да жастайынан өнерлі болып өсті. Той-томалақта домбырамен әуелете ән салып, елдің аузына ілікті. Сымбатты, насаты болып өсті. Сапалайдың бабалары Бектұрсын, Байбосындар болыс, би болып елге әмірін жүргізген жандар еді. Осы күнге дейін Сарысу өзенінің бойындағы Ақбастау деген жерде Байбосынның тұзы, Байбосынның бұлағы деген жерлер бар. Байбосынның ұлы Исатай би, алдына едәуір мал біткен шаруа кісі еді. Жалпы қазақ даласының, оның ішінде жеті болыстың бейжай өмірін, сән-салтанатын Бірінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айналған Ресей патшасының 1916 жылғы 16 маусымдағы жарлығы бұзды. Онда қазақ балаларын окоп қазуға, әскер қатарына алуға шешім қабылданған еді. Патша ағзамның қазақтарды әскерге алмаймыз деген уәдесін бұзғанына қазақтың намысы келді. «Әскерге бармаймыз» деп Торғай өңірінің жігіттері атқа мініп, орыс әскерлерінің бекіністеріне шабуыл жасады. Қанды қырғыннан қорыққан ел балаларын амал жоқтығынан әскерге жіберді. Солардың бірі – Сапалай еді. Олар қатарластарымен ең әуелі Ресейдің Омбы деген қаласының маңайына барады. Сол жақтан әскер жасақталып, батысқа соғысқа аттанайын деп тұрғандарында 1917 жылы Ақпан төңкерісі басталып, Сапалайлар еліне қайтады. Сапалайдың өзін көрмесем де көз көргендерін көріп, әлгі әнді естіп өстім. Жақсыбай аға даусының қырылдағанына қарамастан «Самалтауды» жайлап орындап берді» деп жазылған мақалада.

Халық әніне айналып кеткен Сапалайдың «Самалтауын» көкпар етудің қажеті жоқ. Әні де, сөзі де сол кісінікі. Ал таудың атына келетін болсақ, Арқа өңірінде ондай тау кездеспейді. Соған қарағанда, Сапалай Сарыарқаның сайын даласын, самал желін сағынып, содан образ жасаған ба деймін. Ақынның да, әншінің де сезімге берілетіні ақиқат дүние, – деді Ілия ағамыз…»

Димаш орындаған «Самалтау» кімнің әні?

Журналист Серікбол Хасан «Димаш орындаған «Самалтау» кімнің әні?» деген мақаласында («Жас Алаш» 2021 жыл 28 қаңтар, №8) былай жазады.

«Самалтау» әнін 1918-1919 жылдардағы Колчак бүлігі кезінде Анненковтың азап вагонында бір кездері Сапалайдан үйренген Бәкен Серікбаевтың әуелете айтатынын Жақсыбай аға айта отырып, оған риза болған Сәкен Сейфуллин мен Байсейіт Әділов қалжыңдап, «Бәкеннің зары» дейді екен. Сапалай Исатайұлы әнші ғана емес, билікке де араласқан азамат. Тіпті бір деректе Сарысу болысы құрылғанда болыстық атқару комитетінің орынбасары болған деген де әңгіме бар. Атамекенінен ажырай, аңырай көшкен қандастарының қырғынын көрген Исатайдың Сапалайы Кеңес өкіметін өлердей жек көрген. Халқы үшін әділетсіздікке төзбей айқасқан есіл азамат аудан орталығы Кеңтаралда қолға түсіп: «Кеңес өкіметіне қарсы шыққан жау» ретінде сотсыз, тергеусіз атылып кетті. Бір аңызда Сапалайды итжеккенге айдапты деп айтылады. Біз құрастырған «Талас – Сарысу» деп аталатын жинақта оны 1901 жылы туып, 1930 жылы 25 мамырда ату жазасына кесілген дейді. Бірақ өз әнінде айтылғандай, Сапалай 1916 жылы 2 мүшел жасқа толғаны анық сияқты. Оған «Самалтау» әніндегі «Жасым бар екі мүшел, жылым – сиыр» деген сөзі айғақ.

Ендеше әннің сөзіне назар салып көрейік:

Самалтау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар, солдат болып, айнам,

көрген күнім-ай.

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен айнам,

туған жерім-ай.

Қайырмасы:

Атты емеспіз, жаяумыз,

Жаяудан да баяумыз.

Он бес тәулік жүргенде,

Омбы жаққа-ей, таяумыз.

Жасым бар, қос мүшелдей

жылым – сиыр,

Тағдырдың айдауымен, айнам,

кеттім қиыр-ай.

Самалтау, қайран елім, артта қалдың,

Адасқан өрісінен, айнам,

біздің үйір-ай.

Қайырмасы:

Әке-шешем бар еді,

Жасы келген кәрі еді.

Осынау әнге салдырған

Он алтының-ей зары еді!

Айдын-шалқар көлім-ай,

Сауықшыл, сайран елім-ай.

Көремін бе тірі өзіңді,

Самалы ескен жерім-ай.

Ән мәтінін оқи отырып, сол заманғы сұрапыл кезеңнің көрінісін көруге болады. Азаматтың туған елін, жерін сағынып, шығарған сезімге толы лирикалық әуезді әні бұл. Жас жігіт жан толқынысынан туған туынды арқылы туған жерінің қадір қасиетін сезініп, қайта келуді аңсайды.

Жұрт көңілін күпті етіп, жорғасынан жаңылдырған осы түйткіл

Осы орайда, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіповтің пікірін білген болатынбыз.

– Ән мәтіні белгілі, айтушы «солдат болып» еріксіз жаяу айдалып бара жатқанын жеткізеді. Ән өнеріне байланысты қандай мәселенің болсын тізгіні музыкатанушы мамандардың қолында болуы керек екенін бүгінде біраз адам ұмыта бастаған. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, теледидардың тетігін қосып қалсаң да, «алыстан сермеп, қиядан тербеп» жатқан өңшең бір дилетанттардан аяқ алып жүре алмайсың. Ол әрекеттің ақыры қайда, неге апарып соғарымен әзірге ешкімнің шаруасы шамалы болып тұр. Міне, әркім өз күлшесіне қарай шоқ тартудың зардапты салдары.

Жалпы мәтін танылмай, ақын танылмайтынын бұрыннан да айтып келе жатырмыз. Енді, мына дауға айналған әннің төңірегіндегі түйткілді мәселеге орай, ойымызды жандандыра түсуге тура келіп тұр. Халық арасында «Самалтау» атанып кеткен қырықбойдақ Сапалай Исатайұлының әні бұл күнде екінің бірі жарыса «жырлап» жатқан мәселе болып тұр. Осы бір жанға жайлы қоңыр әнді әрі тартып, бері жұлқып, ақыры былайғы жұрттың Сапалайға қиғысы келмейтіндей түрі бар екен. Олай болса, бірнеше түйіннің тінін тарқатып көруге тырысайық.

Біріншіден, бүгінгі өнертану ғылымы шерлеп бара жатқан бәкене бойлы саланың біріне айналып тұр. Оның мінәйі себептерін айтып өту үшін де бір арба жан керек. Өңірлік ерекшеліктерден шығатын этникалық сипатты қатаң сақтай отырып, ән әуездері, олардың көпнұсқалы мәтіндерін салыстырып, салғастыра зерттейтін сауатты ғылым жүйесін айтпағанда, бізде ғылыми мекемелер жүйелеуге тиіс ең қарапайым жинау жұмысының өзі (компиляция) жеріне жеткізілген жоқ. Бүгінде аталған саланы зерттеген мамандар басын бағып, күнкөріс қамын күйттеп кетті. Озық ойлы оқымыстыларына қоңыз тергізіп жіберген шебер жүйеге не дерсіз. Сондықтан да бұл салада «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген дәуір шеру тартып келеді. «Ай дейтін Ажасы, қой дейтін Қожасы» жоқ қоғамда ешкімге өкпелей алмайтыныңыздың себебі сол.

Екіншіден, өнертану ғылымының бастауында тұрған мамандар осы салаға қатысты жасаған іргелі зерттеулерінің материалдарын әуелде халық арасындағы дерек беруші, сөзінің жалғаны жоқ қариялардың аузынан жинады. Бұл үдеріс рухани мұрасы ауыз әдебиеті үлгісінде қалыптасып, дамыған халықтардың бәрінде тегіс осы жүйе негізінде іске асырылды. Қарағанды өңірінде сөз дерегін мүдделерге тарта сөйлеуді білмейтін Жақсыбай есімді қария тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жақаңмен жүздесіп, «Самалтау» әнінің тарихы мен оның иесі жайында талай сырға қанығып, естігенімізді дыбыс таспасына жазып алған едік. Арқаның жоны мен Бетпақтың белін тең жайлаған қалың Арғын мен Алшын жұрты жасаған көл-көсір рухани қазынаның ақиқаты керек болса, сол көнекөздің сөзіне жүгінсе де, бүгінде әлеуметтік желіні жайлап алған көбігі көп пікірлерді іркуге жарар еді. Әй, бірақ, біздің қазақтың жөн сөзге құлақ асудан алыстап кеткені қашшан.

Үшіншіден, біз 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің зарын шерткен осы қасіретті қоңыр әнді Сапалай Исатайұлына еншілеуден неге сонша үрке береміз? Сонда біздің көңілімізді көншітпей тұрғаны Сапалайдың биографиясы ма, әлде географиясы ма? Мұндай тұрпайы бөліністі кейінгі, көзі тірілерге қолдана берсе де шығатын мүйіз қарағайдай бола бермей ме? Әулиеата жерінің көне тарихын бір кісідей білген халық батыры Бауыржан Момышұлының «Анаштың әңгімесі» деген шығармасында оның әкесі Исатай таманың белгілі биі, өзі орысша сауатты, замана көшіне ерте ілескен, көзі ашық жанның қатарында дәріптелетін Сапалайға келгенде осыншама тарылуымыздың, әнді Шығыс Қазақстанның пентатоникалық әуендеріне қарай алып қашып, «Самалтау» деген жұмыр жердің бетіндегі жоқ атауды іздеп, сандал күйге түсе беруіміздің түпкі сыры неде? Әрине, Сапалай жайында қағазға түскен дерек көп емес. Десе де, П.Дүйсенбин құрастырған «Үркердей болып көшкен жұрт» атты тарихи, танымдық, деректі кітапқа енген Абылай Шуланбаевтың мақаласындағы «…Сапалай кереметтей әнші, домбырашы… Оның әншілік шеберлігіне С.Сейфуллин де ерекше тәнті болған. Ал әні М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Еңліктің әні ретінде пайдаланылған» деген деректің өзі көзі ашық адамға көп жайттан хабар беріп тұрған жоқ па? Талас ауданының 85 жылдық тарихына арналған «Талас – Сарысу» тарихи, танымдық, әдеби анықтамалықтың мәліметі бойынша, «…атақты әнші, сазгер 1930 жылы 25 мамырда ату жазасына кесіліпті». Е, жалған дүние-ай десеңші, ату жазасына іліккен арыстардың рухани қазынасына да күмән мен күдік араластырып, артында қалған екі-үш әнін күлбілтеге салатын күнге жеткізетінін Сапалай сияқты боздақтар, сірә, білді ме екен? Әй, қайдам, білмеген шығар-ау. Қазақтың даңқын әлемге паш еткен аталған ән иесінің қасіретті тағдырын әдейі білгіміз келмей, олай-бұлай сөз қашыртып жүргендерден не үміт, ұлт үшін қандай қайыр?..

Төртіншіден, кейінгі орындаушы-айтушылар тарапынан әнге желімдей жабысқан, әуелде бас әріппен жазылуға тиіс емес «самал тау» – жер атауы емес, әндегі типтендірілген бейненің «самал таулы, шалқар көлді қайран елі» еді ғой. Міне, мәтінтанудан кеткен елеусіз ғана қателік, бұл күнде елдің аузындағы елеулі мәселеге ұласып отыр. Иә, оның алғашқы орындаушысы Бекболат Тілеухан, әнді әлемге әйгілі еткен Димаш Құдайберген. Бірақ кілтипан онда емес, мүлдем басқада. Жалпы, Сапалайдан қалған «Самалтау» (шартты атау), «Мұхида-Шайбан», «Екі айна», «Сәулем-ай» сияқты әндердің айтылып, зерттеушілер тарапынан хатқа түсірілген жері Арқа-Сарысу аймақтары. Сол үшін де әнге және оның тарихына қатысты барлық ақиқатты осы өңірлерден іздеу шарт.

Бесіншіден, «Халық әні» дегеніміз ілкі шығарушысы ұмытылуы себепті ортақ атауға біріктіріліп, амалсыздан ойлап табылған шартты ұғым. Оған қоса, «Самалтауға» сауатты мәтінтанымдық зерттеу жүргізілуі шарт. Сонда елдің құлағын түріп, бітпес дауға ұласқан бұл далабаға мәңгілік нүкте қойылады. Мысалы, «Самалтау» мен «Мұхида-Шайбан» бір кісінің қолынан шыққан ән екенін дәлелдеу үшін асқан білім мен көп ақылдың қажеті шамалы. Екі қазақтың бірі ыңылдаса жетіп жатыр, көздің ағы мен қарасындай қос қоңыр ән сізді Сапалайдың сүрлеуіне жетектеп ала жөнеледі.

Алтыншыдан, бұл әннен Сапалай ғұмырбаянына негізделген жеке бастың уақиғасын емес, 1916 жылғы дүрбелеңнің тарихи аясын (фонын) іздеу керек. Мәтінге зер салған адам үшінші жақтан, яғни ән кейіпкерінің атынан айтылған өскен ел, туған жерге деген сағынышты сезінеді. Бұл әннің бірнеше мәтін нұсқаларынан біздің малданып жүргеніміз, кейінгі құбылтудың (интерпретация) жемісі болуы бек мүмкін. Сөз жоқ, кейінгі нұсқа елеулі өзгерістерге түсіп, персонификацияланған. Осыдан келіп, түрлі орындаушылық ерекшеліктерге орай, әнде тұрақты және тұрақсыз формулдар тізбегі түзілген. Мысалы, көпшілікке белгілі «Самал тау, қайран елім, шалқар көлім, /Не болар солдат болып көрген күнім?/ Есіме қайта-қайта түсе бердің, / Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім» (Сапалай. «Самал тау») деген көпшілікке белгілі мәтінді «Сарыарқа, қаламысың өскен жерім, /Кір жуып, кіндігімді кескен жерім./ Бұрынғы қан төгісіп атам қонған, /Жеті жұрт бізден бұрын көшкен жерім» (Төлеу ақын. «Сарыарқаның сарыны») деген 1940 жылы жарық көрген мәтінмен, сондай-ақ Б.Момышұлының әңгімесінде ұшырасатын, Шу өңіріне тараған «Сарыарқа, ауаң салқын, көлің айдын…» деп басталатын, авторы аталмайтын ән мәтінімен салыстырса, көпшіліктің көзі мен көңілі көп жайтқа жете түсері анық. Ал әннің қайырмасында жағдайынан хабар-ошар берілетін кейіпкердің «Аттылы емес, жаяу екені… жүрісі жаяудан да баяу екені… он бес күндей жол жүргенде Омбы жаққа таяу екені» лирикалық кейіпкердің және орындаушының көңіл-күйіне қарай өзгеріске түсе беретін, алайда уақыт, мезгіл, мекеннің өлшемі бола алмайтын деталь. Бұл жердегі негізгі түйін: мәтінде айтылатын әуелгі жер атауы Сарыарқа, «Самалтау» емес. Жұрттың көңілін күпті етіп, жорғасынан жаңылдырып жүрген де осы түйткіл. Мәтін атаулының айнымалы, көпнұсқалы болуы халықтың ауыз әдебиетіне тән заңдылық. Ал ән иесі Сапалайдың өз дәуірінен ән оздырған әнші-сазгер болғанына айғақ көп, – дейді Берік Жүсіпов бізбен әңгімесінде.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әрбір ән негізгі бір оқиғаға орайластырылып шығарылады. 

– Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй, – деп Абай айтқан сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр. Ән жайлы әңгімемізді осы жерден түйіндедік. Өзінше ой түю оқырманның еншісінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<