Сығанақтың сәулетін арттырған

847

0

Қазақ халқының тарихында Сығанақ қалашығының алар орны ерекше. Себебі, бұл ˗ қыпшақ хандығының, Ақ орданың, Қазақ хандығының астанасы. Ұлы Жібек жолы бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан стратегиялық маңызы бар, саудасы мен қолөнер кәсібі қатар дамыған атақты қалалардың бірі.

Көне шаһарға 2019 жылы Орта Азиялық зерттеулердің халықаралық институты мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Археология ғылыми-зерттеу институты жүргізген археологиялық экспедиция нәтижесінде ою-өрнектері бөлек күрделі терракоталар, үшбұрышты және алтыбұрышты өрнектелген тақтайшалар, тіпті мозайка фрагменттері табылды. Өзбекстанның археологиялық сәулет өнерінен кем түспейтін қыш қаптамалар музей қызметкерлерінің қызығушылығын тудырғаны анық.

Терракоталар Х-ХVІІІ ғасырлармен мерзімделеді. Саз балшықты күйдіру арқылы жасалатын сәулеттік қыш қаптамалар. Терракоталардың басқа қаптамалардан ерекшелігі – глазурленбейді, яғни жылтыр жалатпа жағылмайды. Бұл ˗ өсімдіктектес ою-өрнегі ортасынан жан-жағына пальметта стилінде тараған, ашық қызыл түсті плиткалар. Аталған  қаптамалар тегіс күйдірілген, сәулет өнерінде кесенелерді сәндеу-әрлеу мақсатында пайдаланылған.

Мозайка – түрлі-түсті қыш тақталардан, шыны сынықтарынан құрастырылған ою-өрнек, сурет-бейне (инкрустация). Байырғы өнер саласынан жеткен мозайкалар ертеден-ақ мәнерлілігімен, көз жауын алар көркемдігімен сарайлардың сән-салтанатын асқақтатқан. Алтын ғасыр тұсында бұл өнер Рим, Византия империялары көлемінде кең танылып, зәулім ғимараттардың еден, төбе, қабырғаларын безендіру үшін қолданылған. Ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған мозайка археологтардың қызығушылығын тудырғаны анық.

Жылтыр көгілдір плитка, үшбұрышты қаптамалар алтыбұрышты қаптамалармен үндесіп, әдемі композиция береді.  Алтыбұрышты тақтайшаның ортасында дөңгелек ойығы бар. Рельефтің тереңдігі 1-ден 1,5 сантиметрге дейін, ашық қызыл түске боялған. Алдыңғы бетіндегі ою-өрнегінде өсімдік мотиві бар. Ортасында ойықпен шектесетін және параллельдің жоғарғы жиегімен бұрыштың шетіне дейін өрілген алты үшжапырақ түрінде аяқталған екі параллель сызықтармен жиектелген.

Алтын Орданың орталығы болған Сығанақ қаласынан табылған артефактілер зерттеліп, зерделеніп, ғылыми айналымға шығуда. 2020 жылы  Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері аясында ауқымды көрме ұйымдастырылып, Сығанақ қаласынан табылған дүниелер қонақтарды таңғалдырды. Қазір қыш қаптамалар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология» залы экспозициясында орналасқан.

Г.Оразалиева,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<