Сығанақтың саф алтындары

1022

0

Алтын қайдан табылған? Ертедегі адамдар алтынды құмнан, тау жыныстарынан, өзен, теңіз және мұхит түбінен тапқан. Жарқыраған сары түсті затты алғаш көргеннен олардың ерекше қасиетті екенін түсінген. Оны отқа салып, қыздырмай-ақ түрліше  майыстыруға  болатындықтан, ұста-шеберлер әшекей бұйымдарын жасай бастаған.

Мемлекеттік тұрғыда маңыз беріп, жаппай өндіруді ең алғаш Мысыр елі бастаған.  Сондай-ақ, табиғатта  таза күйінде де кездеседі. Алтынмен басқа металдардың бетін жалатады, әшекей бұйымдар жасайды. Тауар өндіруде, сауда-саттықта басқа заттардың бәрінің нарқы алтынмен бағаланады.

Қазақ әйелдері ежелден киімнің тәуірін киіп, әшекейдің асылын тағынған. Әйел әшекейлері тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан, кез келген әлеуметтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әртүрлі әшекейлер тағуға тырысқан. Соның дәлелі – ортағасырлық Сығанақ қалашығының кіреберісіндегі көне қорымынан 2019 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған алтын әшекей бұйымдар. Олар – бойтұмар, сырғалар, түймелер, маржан моншақтар.

Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда және қолөнер орталығы  1469-1511 жылдары Қазақ хандығының астанасы, ал оған дейін қыпшақ мемлекеті мен Ақ Орданың бас қаласы ретінде белгілі.

2019 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ  археология ғылыми-зерттеу орталығының мамандарымен бірлесе отырып, Орталық Азиялық халықаралық зерттеулер институтының жетекшілігімен ортағасырлық Сығанақ  қалашығына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде музей қоры баға жетпес дүниелермен толықты.

Бұл жәдігерлер алтыннан жасалуымен ерек. Бойтұмар – әйел қорымынан табылған, цилиндр тәріздес, екі жағында екі ілгегі бар, ілгектің бекітілген бөлігі бесжапырақты майда гүлдермен бедерленген, сары металл – алтыннан жасалған, ортасына жасыл түсті тасты көз (бирюза)  орнатылған. Бір ғажабы, бұл бойтұмар сол қалпында таза сақталған.

Сонымен қатар, көздің жауын алардай сәнді сырғалар да сол әйел қорымынан табылған. Әшекей бұйым сары металл – алтыннан жасалып, көз ретінде ақ маржан тас орнатылған. Жұбымен табылған алтын сырғаны бір үлкен маржан таспен әсемдесе, екінші жұпсыз сырға дәл сол маржан тастың екі данасымен безендірілген. Ал, үшінші жұпсыз сырға алтыннан иіліп, ілмекке орнатылған.

Ертеде қазақ әйелдерінің киім-кешегін сәнді, жарасымды еткен алуан түрлі әшекейлер, үлкенді-кішілі түймелер. Бұл түймелер киімнің алдын, өңірін айқастырып жабу үшін ромб пішінінде, жұқа алтын сымды тамшы ретінде иіліп, бір-біріне біріктіріліп жасалған. Қайталанбас әшекей бұйымдар ХІІІ-ХІV ғасырлармен мерзімделеді.

Келесі әшекей қазақ әйелдерінің мойнына, омырауына тағылатын, сәнді бұйым – моншақ. Ақ түсті інжу-маржан тастардан жалпы көлемі әртүрлі пішіннен құралған. Моншақтардың ұсақ шар тәрізді, сопақша, қырлы, т.б. түрлері көптеп кездеседі. Бұл моншақтар тізбесі – XIII-XIV ғасырлардың мұрасы.

Алғашында моншақтар дөңгелек әшекей ретінде тағылғанымен, бертін келе оның түр-сипаты өзгеріп, тұмарша түрінде, әртүрлі үзбелі салпыншақты кейіпке ауысқан. Ал қазіргі меруерт, маржан, үзбелі моншақтар тізбегі тігілген асыл тастардан, кейде алтын, күмістен соғылып, бетіне асыл тас қондырылып, көздің жауын алардай ою-өрнектеліп, салпыншақты етіп жасалған түрлері де көп кездеседі.

Ойланып қарасақ, ұлттық  құндылық байлықпен  не болмаса экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ұлттық құндылық – біздің рухани құндылығымыз, адами қасиеттеріміз, қазақи таным-түсінігіміз бен болмысымыздан, салт-дәстүрімізден бастау алатыны сөзсіз. Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі. Көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор.

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<