Әлеуметтік кодекс: Салымшылар құқығы кеңейтілмек

296

0

Бүгін Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақы жүйесі саласындағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі туралы айта келе, бұл тұрғыда азаматтарды 3 санатқа бөлуге болатынын атап өтті.

«Бірінші аға буын – 1998 жылғы дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер. Олардың саны 300 мыңнан астам адам. Сонымен қатар, олар базалық және еңбек зейнетқыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақысы 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. Екінші санаты қазіргі буынды қамтып отыр. Зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Қазір осы топтағы зейнеткерлер саны 1,9 млн-нан асты. Олардың саны 2030 жылға қарай 2,6 млн-ға дейін жетеді деп межелеп отырмыз», – деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, үшінші буын – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, мемлекеттен базалық зейнетақы, ал қалғанын БЖЗҚ-дан жинақталған зейнетақысы ретінде алатын болады.

«Қазіргі және болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау. Бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін өсіру, сондай-ақ еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс көлемі 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70%-на дейін арттыру қарастырылды. Өздеріңіз жақында қолдаған бұл қадамдар биылғы 1 қаңтардан бастау алды және келесі 5 жылда жалғасады. Бұл қазіргі буын зейнеткерлерінің толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі. Бұл норма да былтыр қабылданған заң аясында мақұлданып, 2024-2028 жылдар аралығында 1,5 пайыздан 5 пайызға дейін жеткізілетін болды.

«Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осы орайда бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер секілді зейнетақының 3 түрін алатын болады. Яғни, мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, ал өз жинақтары есебінен – қордан берілетін зейнетақы», – деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді белгіленген жеткіліктілік шектен жоғары зейнетақы жинақтарын азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын болады. Сондай-ақ, салымшылар бар зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек Ұлттық банк басқаратын жинақ бөлігіне ғана беріледі.

«Ал жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеруге тиіс», – деді ведомство басшысы.