Бес облыста 6 мыңнан астам үй суда тұр – ҚР ТЖМ

254

0

Фото: ТЖМ

Су басу қаупі бар аймақтарда тұрғындар мен жануарлар алдын ала эвакуацияланып жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтып берді, деп хабарлады Қазақпарат.

«Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 800 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралар арқасында 19 071 адам өз үйлеріне оралды. 113 852 мал қауіпсіз жерге айдалды. 8 914 адам, оның ішінде 4 019 бала эвакуациялау пункттерінде», – деді Е.Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 4 237 тұрғын үй мен 2 698 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 10,2 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,2 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді.

Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 046 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағын су басқан. Су тасқыны қауіпті өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Оған 44 121 адам, 4 610 техника, 858 су сору құралы, 339 жүзу құралы, 16 әуе кемесі жұмылдырылды. Сондай-ақ волонтерлер де белсенді қатысып жатыр.

«Су басу қаупіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауылдарынан, Қызылжар ауданының Соколовка, Барневка, Долматов ауылдарынан, Петропавл қаласының Подгора, Кожевенный шағын аудандарынан, Заречный кентінен, Ақмола облысы Жарқайың ауданының Львовское ауылынан, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Кұйлыс және Нұра ауылдарынан, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе және Казталов аудандарының Қаратөбе және Жалпақтал ауылдарынан, Қостанай облысы Жангелді ауданының Байтұрсынов ауылынан 2 475 тұрғын алдын ала эвакуацияланды және жөнелтілді», – деді спикер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<