Биыл көктемде 1815 киік лағы тәлімбаққа алынады

842

0

Фото: ашық дереккөз

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мамандары киіктерді ғылыми мақсатқа пайдалану шарасы қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы Асқар Абдрахмановтың брифинг алдында айтқан мәліметі бойынша, ғылыми мақсатқа киік алу кезінде бір де бір жануар атылмайды.

«Киікті ғылыми мақсатта алып қою туралы айтсақ, аң аулау обьектілері болып есептелетін жануарларды алып қою лимиті бекітіліп жатыр. Сонда ғылыми-зерттеу институттарының, мекемелерінің өтінімдері бойынша биыл 1815 бас киікті алу көзделіп отыр. Киіктер ғылыми зерттеу мақсатымен ғана алынады. Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетінде 2012 жылдан бері тәлімбақ жұмыс істеп тұр. Соның базасында киіктерді қолдан өсіру және жартылай еркіндікте ұстау жұмыстарын жүргізеді», – деді ол.

Сарапшының айтуына қарағанда, киікті асыраудағы басты мақсат – оларға тірідей зерттеу жұмыстарын жүргізу.

«Көктемде лақтарын аламыз. Одан кейін тәлімбақта өсіреді. Өсіру кезінде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жас кезінен бастап азық беру, талдамаларын алып отыру, жай-күйін тексеру сол мақсатта алынады», – деді Асқар Абдрахманов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<