Диқан дән себуге дайын

307

0

«Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қармақшы ауданындағы ғана емес, аймақтағы іргелі ұжым. Ауданға барған сапарымызда көктемгі егістің жауапты науқаны қарсаңындағы дайындық барысы туралы серіктестік төрағасы Орынбасар Төлеповпен аз-кем сұхбаттастық. 

– Қазір дән себуге толық дайынбыз. «Егінші жылда арманда» дегендей, 3200 гектар жерге күріш егіп, бұйыртқан ырыздығымызды теріп жеуге қарекет жасап жатырмыз. Оған қоса 428 гектар жоңышқа, 100 гектар бидай, 10 гектар картоп, 3 гектар бақша өнімдерін егеміз. Былтыр 2 гектардай алма бағын еккенбіз, қазір 70 проценттейі шығып тұр. Биыл соған 4 гектар қосамыз, – деді серіктестік басшысы.

Мұнда бірнеше жылдан бері күріштің «Лидер» сорты егіліп келеді. Биыл «Янтарь» сорты да қосылады. Серіктестікте жұмыс істейтін 400 адам жер айдау мен тегістеуге жұмыла кірісіп кеткен. Әр бригаданың жауапкершілігіне ауыл көшелерін абаттандыру, көркейту, тазалық жұмыстары да жүктелген.

Былтыр ауылда көкөніс базасы салынды. Өйткені жиналған көкөністі сақтайтын орын тапшы болды. 60 тонна картоп, маринадталған көкөністі, жеміс тоспасын сол базаға  сақтап, қазір дүкенде сатылуда. Бұл бағаны тұрақтандыруға оң әсер етті. Тәжірибе жинақталған соң бақша өнімдерінің көлемін ұлғайтуға, тағы бір база салуға, оған қоса 2 қойма мен диірменді жаңалауға  әзірлік жүріп жатыр.

Көктемгі егіске жаңадан әкелінген  2 «Класс» тракторы соқасымен бірге дайын тұр. Қалған техникалар да сақадай сай.

– Бірыңғай егінді ойлай бермей, ауылды көркейтуге де назар аудармасақ болмайды. Қазір қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қоюға азаматтар ниет білдіріп отыр. Ауыл орталығындағы саябақта соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш бар еді. Енді жазықсыз қудаланған азаматтардың аты ардақталмақ. Тағы бір қанатына Ауған соғысының құрбаны болған ауыл азаматына, басқа да осы соғыстың ардагерлеріне арналған тақта орнатпақ ойымыз бар, – дейді серіктестік төрағасы.

Сәті түсіп, біткен жұмыстың бірі – қараусыз қалған ауыл музейінің қайтадан жаңғыртылуы. Онда ауылдың, жер-су аттарының тарихы туралы мол мағлұматтар жинақталған. Қазір музей қызметкеріне серіктестік есебінен жалақы төленіп отыр. Оған қоса, күрішшілер мен жұмысшыларға Жаңақорған санаторийіне демалуға, ақсақалдар мен ауыл тұрғындарын Астанаға ЕХРО көрмесіне апаруға да демеушілік жасаған. Қыс бойы бригадалар, ауыл мекемелеріне арналған ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Мұндай жауапты кезде іс адамының уақытын алып, қолын байламайық деп сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Алқаптардағы тынымсыз тірлік осыдан қара күзге дейін тоқтамайтыны анық. Маңдай тер өтеліп, дән шығымды болғай!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.