Дихандарға тегін кеңес беру қызметі іске қосылмақ

262

0

Қызылордада көктемді егіс науқаны қарсаңында Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін «Тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және күріш өнімділігін арттыру» тақырыбында семинар өтті.
Шараға күріш өсірудегі жаңалықтар бойынша ТМД-да белгілі ғалым, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Хаси Жамантиков, Күріш зерттеу институтының ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Қанағат Бегалиев, зейнеткер-агроном Кенжебек Әнәпияұлы және басқа облыстардан келген минералды тыңайтқыштарды шығаратын компания өкілдері қатысып, баяндама жасады. Кездесу барысында шаруа қожалық төрағалары күріштің өнімділігін арттыруға байланысты өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап ала алды.
– Бұл кездесуде уақыт күттірмейтін шешімге келдік. Күріш алқаптарынан жоғары өнім алу үшін «тегін кеңес беру қызметін» бастамақшымыз. Сырдария ауданында зейнетке шыққан тәжірибелі агрономды жұмысқа алу жоспарлануда. Нәтижесінде кез-келген күрішші аптасына екі күн кеңсеге барып кеңес алуға және маманды егіс алқабына шақыртып қажетті пайдалы нұсқама-кеңестерін алу мүмкіндіктеріне ие болмақ. Бұл маңызды бастамаға «Абай Дәулет» ЖШС-і қолдау көрсетуге дайындығын мәлімдеді. Айта кетейік, мұндай «кеңес беру қызметтері» Еуропа елдерінде жақсы жолға қойылған. Шаруашылықтар көп орналасқан өңірлерде ашылып, зейнет жасындағы тәжірибесі мол ауылшаруашылық мамандарды жұмысқа алып, жас шаруашылықтарға сүйемелдеу жасайды. Қазіргі таңда агроном-маманның тұрақты отыратын орнын ұйымдастыру шараларын жүргізудеміз. Осындай қызметке басқа аудандарда қажеттілік анықталған жағдайда, жыл көлемінде басқа бағыттарда да жалғастыратын боламыз», – деді семинар жұмысына қатысты кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков.
Айта кету керек, Қызылорда облысы республикада бірінші болып – кәсіпкерлерге арналған толық форматты Кәсіпкерлер үйін қалыптастыра алған өңір.
Кәсіпкерлер үйіне келген азамат Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілерінен кеңес алып, «Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысу арқылы біліктіліктерін көтере алады. Әрі қарай Палата кеңесшілері бизнес-жоспарды тегін жасап беріп, қай қаржы институтынан, қандай мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы ала алуға болатындығы туралы толық ақпарат береді. Мұнан өзге, Палата мамандары жобаңызды жүзеге асырылып, аяғына тұрып кеткенше сүйемелдейтін болады.

Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<