Домбыра — асыл мұра

412

0

Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ұлттық домбыра күні мерекесіне орай ұйымдастырылған кешке қатысып, сырдариялықтарды мерекемен құттықтады.

— Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше.

Ұлттық рухты күмбірлеген күйден артық көтеретін дүние кемде кем.Халқымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі жырлағандай: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген.

Біз ұлттық аспабымыздың бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз.

Жылдан жылға домбыра тартатын жастардың да қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша аудан өнерпаздарына алғыс айтамын, — аудан басшысы өз құттықтауында.

Салтанатты іс-шара мәдениет бөлімінің көркем өнерпаздары дайындаған концерттік кешке ұласты. Ұлттық өнердің ұлы қойылымдары сахналанып, ән мен күйден шашу шашылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<