Экономика әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр – Президент

1099

0

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тартып, салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр, яғни ел экономикасының құрылымы қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан, осы саланы одан әрі дамыта беру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында.

«Бірақ, жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қордаланған проблемалар аз емес. Геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне, қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастады», – дейді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажеттігін айтты.

«Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<