МАМАНДАР ДАЯРЛАУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

475

0

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жуырда 18 кітап қазақ тіліне аударылып, қолданысқа ұсынылды.
Өңірлік коммуникация­лар қыз­метінде өткен бас­па­­сөз конфе­ренциясында М.Мәметова атын­дағы Қы­зылорда педа­гогикалық жо­ғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев, «Абылай хан» атындағы жоғары колледждің басшысы Руслан Дүлдүл жоба жайлы тарата айтты.
Бақытжан Әбдіхалықұлы атал­ған жоба әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарты екенін атап өтті.
– Жаңа гуманитарлық білім дегенде, Елбасы философия, әлеу­меттану, психология, мәде­ниеттану, тарих, филология және саясаттану секілді жеті бағытты атады. Бұлардың қай-қайсысы да адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал ететін білім салалары. Өздеріңізге белгілі, таяуда ғана жоба аясында таңдалған 800 кітаптың 18 данасы  қазақ тіліне аударылып, 10 000 таралыммен баспадан шықты. Айта кетейік, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 милионнан асқан екен. Демек, мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – әлемдегі баламасы жоқ тәжірибе.
Жаңа оқулықтар арқылы жалпы гуманитарлық білімнің маз­мұны мен сапасы жаңа деңгейге шығуы тиіс, – дейді Б.Сайлыбаев.
«Абылай хан» жоғары кол­­­­­­­леджі­нің директоры Руслан Кажденбекұлы бү­гін­де қазақ тіліне аударылып жат­қан оқулықтар дү­ние­­жү­зіндегі алдыңғы қатар­лы 100 университеттің оқу бағ­дарламасында бар екендігін атап өтті. Демек, болашақ мамандар жаңа оқулықтар арқылы гу­манитарлық саладағы әлемдік тұжырымдар мен тәжірибелерді ойына түйіп, заманауи та­лаптарға бейімделетін болса, бәсекеге қабілеттілік те арта түсері сөзсіз.
Оқулықтарды қазақ тілі­не аудару өз алдына, бұл теория­лық материалдарды  осы сала­ның мамандары еркін игеріп, кең ауқымда насихаттауы тиіс. Сол үшін де қолданысқа ұсы­нылған оқулықтар кітап тү­рінде, онлайн нұсқасында жә­не үздік лекторлардың ашық дәріс­терінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жобаның гуманитарлық сала мамандарын даярлауда тиімділігі зор .
Баспасөз конференциясының барысында БАҚ өкілдері тақырып төңірегіндегі түрлі сауалдарына жауап алды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<