МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕГЕН

217

0

Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.

     Онда жерге орналастыру қызметі мен жолаушы тасымалына қатысты кәсіпкерлердің өтініштері қаралып, талқыланды. Кеңес мүшелері мәселені қарау барысында бірнеше фактімен танысты. Соның бірі- Палатаға кәсіпкерлерден келіп түскен жерге орналастыру қызметін бәсекелестік ортада жүзеге асырудағы  проблемалық мәселелер туралы ұжымдық  арыз. Арызда ашық бәсекелестік ортада белгіленген жерге орналастыру қызметтерін бірқатар тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелердің жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментімен бір көзден шарттар жасау арқылы алып, осы салада қызмет көрсететін өзге кәсіпкерлердің құқығы шектеліп отырғаны айтылды. Мұндай жағдай, жалпы құны 65млн. 317 мың теңгені құрайтын қызметті ұсынған Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, сондай-ақ 52млн. 232 мың теңгеге қызмет ұсынған Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан орын алған. Негізі жерге орналастыру қызметін тиісті рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектілері көрсете алады. Алайда, мемлкеттік органдар қызметті ұсыну барысында тек монополиялық компаниялар ғана көрсете алады деген желеумен 1 ғана мекемеге беруді шешіп, тиісті құжаттарын тапсырған 20-ға жуық кәсіпкердің құқығы шектелген. Атап айтқанда, бәсекелестік нарықтық жұмысты, яғни кәсіпкер көрсете алатын қызметті мемлекеттік органға берген. Кеңес отырысында облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Марат Егембердиев: «Электронды конкурс өткізуді тоқтату бұл мәселеге қатысты емес, өзге жіберген қателіктері үшін тоқтатылды. Ал бұл ұсынысымызды аталмыш мемлекеттік органдар өзге мақсатта пайдаланды»,- деді. Жалпы Палатаға кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің   басым бөлігі жер қатынастары саласындағы  жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне келетіндігін, маңыздылығы бойынша екінші кезекте тұрған мемлекеттік сатып алу екендігін көрсетті. Жиын соңында аталған мәселеге қатысты аймақ бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне Сырдария және Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы бөлімдерінің жерге орналастыру жұмыстары негізінде сатып алудың заңдылығына тексеру жүргізу аталған мемлекеттік сатып алудың қорытындысының күшін жою шараларын ұйымдастыру, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаментіне орналастыру жұмыстары арқылы мемлекеттік сатып алуларды заң талаптарын бұза отырып өткізген заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарау ұсынылды.

 

Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА,

Қорқыт АТА атындағы ҚМУ-дың 1-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<