МУЗЫКА МАЙТАЛМАНЫНА АРНАЛҒАН КЕШ

540

0

  Филармония ұжымының ұйымдастыруымен Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында мәдениет саласының майталманы, дирижёр  Кеулімжай Ботабаевтың 60 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық училищесінің дирек­торы, Тұрмағамбет атын­дағы ұлт аспаптар оркестрінің дирижёрі әрі көркемдік жетекшісі, дарын­ды өнер иесі  Кеулімжай Ботабаев­тың мерейтойына арналған шы­ғар­машылық кеште облыстық мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқар­масының басшысы Мира Әбуова сөз сөйлеп, тілектестігін жеткізді. Сырдың талантты перзентіне облыстың «Құрмет грамотасын» табысталды.  
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік акаде­миялық симфониялық оркестрдің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этногра­фиялық «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрінің дирижёрі Мүсілім Әмзе, «Құрмет орденінің» иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филар­мониясының  Дәулет­керей атын­дағы оркестрдің бас дири­жёрі, мем­лекеттік «Дарын» жастар сый­­лығының лауреаты Еркін Нұрымбетов, халық­аралық пианис­тер конкурсының дип­ломанты Жания Ботабаева кешке қонақ ретінде қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.  
Сондай-ақ, халықаралық, респу­б­лика­лық байқаулардың лауреат­тары Мақсат Мақұлбеков, Сымбат Тасбергенова және Қазанғап атын­дағы Қызылорда музыкалық кол­леджінің өнерлі студенттері концерттік бағдарлама ұсынды. Бұған қоса, солист М.Мақұлбеков А.Лараның  «Гранада» шығар­масын орындап,  Тұрмағамбет  атындағы  халық аспаптар оркестрі сүйе­мелдеді.
Концертте Л.Боккерини, Г.Форе, К.Сен-Санс, П.Чайковский, А.Лара, Ш.Гуно сынды шетел ком­по­зиторларының туынды­ларымен қатар, Құрманғазының, А.Жұбанов пен Е.Брусиловскийдің шығармалары және ха­лық әндері орындалды. Бірқатар күрделі шығармаларға мерейтой иесі К.Ботабаевтың өзі дирижёрлық етті. Мәселен, К.Ботабаевтың дирижёрлығымен орындалған  А.Жұбанов­тың  «Романс», Л.Бок­керини  «Рондо», Г.Форе «Про­буж­дение» және К.Сен-Санс «Ал­легро аппассионато» сынды шығармаларды көрермен қауым ыс­тық ықыласпен тыңдады.
Камералық оркестр орындаған П.Чай­ковс­кийдің «Ноктюрн» шығар­масына Мүсілім Әмзе дири­жёрлік етсе, виолон­челис­тер ансамблі (дирижёрі Е.Нұрымбетов) А.Арутюнянның  «Экспромт» шығармасын ұсынды.  
Осылайша, Сыр халқы рухани мерекенің қуанышына ортақтасты.
Айта кетейік, Сыр елінен Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлепберген Әбдірәшев, бүкіл өмірін оркестрге арнаған Қарасай Сайжанов секілді тамаша дирижёрлер шыққан. Белгілі музыка мамандары осы қатарға Кеулімжай Ботабаевты да қосады. Талантты жерлесіміз осы саладағы еңбегі үшін «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<