Қостанайлық мұғалім «ақылды» киіз үй жасады

432

0

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы Александр Шерцер эко-туризмді дамытудың жаңа жобаларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Информатика пәнінің оқытушысы, робот техникасы бойынша Қазақстан құрамасының бапкері Александр Шерцер жақында Қостанайда өткен робот техникасы фестивалінде өзі жасаған «ақылды» киіз үйін таныстырды. Ол кәдімгі қазақы киіз үйлерге күн батареяларын орналастырып, шалғай ауылдарға электр жүйесін жеткізуді ұсынады. Тіпті, қазіргі уақытта бағдарламаны облыс орталығынан алыс аудандарға жүргізудің жоспары дайын тұр. Мұндағы басты ерекшелік – киіз үйге кіріктірілген күн батареялары бұлтты күні де, қыс мезгілінде де жұмыс істей береді. Қаржы мәселесі шешілсе, жаңа жобаны әрі қарай өрістетуге болады дейді ол.

«Ақылды» киіз үйдің алғашқы нұсқасы дайын. Мұны жасауға аз уақыт кеткен жоқ. Алдымен, киіз үйге күн батареялары орнатылады. Сол арқылы киіз үйге электр желісі тартылады. Ал тоқ күшін ұялы телефондағы Bluetooth қондырғы арқылы азайтып-көбейтуге болады. Мұның бәрі компьютер «тілінде» Arduino IDE (C++), AppInventor деп аталатын бағдарламалар арқылы жасалды. Киіз үйді мобильді қосымшаға кіріп, басқаруға болады. Оның «ақылды» есігі бар. Ол арнайы датчиктер арқылы ашылады», – деп түсіндірді туынды авторы. Мұғалімнің сөзінше, бұл киіз үйлерді Науырзым қорығына қойып, облыс эко-туризмінің дамуына үлес қосуға болады. Айтпақшы, А. Шерцер бірер жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап «ақылды» бас киімнің үлгісін жасады. Қазір бұл бұйым қолдануға әзір. Көзі нашар көретіндер «ақылды» бас киім арқылы алдында кездесер кедергілерді біліп отырады. Бас киімдегі арнайы тетіктер белгілі бір қашықтықта дабыл белгісін береді.

Александрдың қамкөңіл жандарға ұсынған көмегі тек бұл емес. Ол жақында оқушыларымен бірігіп, мүгедектер арбасын жүргізетін «ақылды» робот ойлап тапты. Роботтың бір артықшылығы – сөйлей алмайтын жандардың ымдағанын сол сәтінде арнайы мониторға жазып алады. «Ақылды» роботты кез келген қалта телефонымен басқаруға болады.

inform.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<