Отан қорғаушылар күні және 9-мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара ұйымдастырды

295

0

Фото: Полиция департаменті

Іс-шара Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласының Орталық алаңында, халықтың алдында ашық аспан аясында өтті. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы, Ішкі істер органдарының ардагерлері және орталық алаңда серуендеп жүрген адамдар қатысты.

Отан қорғаушылар күні және 9-мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара ұйымдастырды

Шараға қатысушылар фашизммен соғысқан ІІО ардагерлерінің және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сонан соң салтанатты шара бастау алды. Қазақстан Республикасының Туы шығарылып, Әнұран орындалды.

Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы антына адал қызмет етіп жүрген қызметкерлерді 7 мамыр мерекесі мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Өскелең ұрпақ аға буын – ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді.

Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Теңдессіз ерліктің күшімен келер ұрпаққа бейбітшілік әкелген Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір, игілік және ең бастысы – аспанымыз ашық, бейбіт өмір болсын деп тілеймін!» деді департамент бастығы.

Отан қорғаушылар күні және 9-мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара ұйымдастырды

«Баталы ел – арымас, батасыз ер – жарымас» деп білетін халқымыз үшін ақ батаның орны ерекше. Осыны көңілге түйген облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы полиция қызметкерлерін құттықтады.

Айтулы мерекелерге орай, Қызылорда облысы Полиция департаментінің 300 ге жуық қызметкері және 36 ардагер марапатталды.

Әрі қарай дәстүр бойынша іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік концертте тәртіп сақшылары «Байтақ елім қазағым», «День победы», «Мен қазақтың баласы», «Парад победы», «Атамекен» әндерін орындап, шеберліктерімен таңдандырды.