Қызылордалық зияткерлердің IT-жобалары республикалық байқауда үздік деп танылды

442

0

Астанадағы IT университетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары І және ІІ орындарды иеленді.

Еліміздегі жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің жүздеген білім алушыларынан озып шыққан Жұлдызай Мұңайтбасова Arduino платформасында жасап шыққан медициналық құрылғысын ұсынды. Ол әзірлеген электрокардиограф үй жағдайында жүрек жұмысының ауытқуын және ауруларын анықтауға мүмкіндік береді. Жас өнертапқыштың бұл идеясы үздік деп танылып, Astana IT University-нің толық оқу грантын жеңіп алды.

Ал екінші орынды иеленген Назгүл Ыдырыс пен Еңлік Мұратбек егін алқаптарын бақылау және өнім көлемін болжау технологиясын ойлап тапты. Бұл автоматты жүйе егіншілердің жұмысын оңтайландырып, арттыруға мүмкіндік береді.

– Автоматты қондырғымыз топырақ пен ауа температурасын анықтап, судың мөлшері бойынша ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер радио арқылы қабылдағышқа жеткізіліп, ауылшаруашылық саласын жандандыруға септігін тигізеді, – дейді жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науан.

Республикалық IT жобалар додасына «Smart City технологиялары» тақырыбында 100-ге жуық инновациялық жұмыстар ұсынылып, 28 өнертабыс ақтық кезеңде таныстырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<