Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы ауданының «Жеңіс» саябағында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты мәдени шара өтті.
Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және облыстың зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – төл тарихымыздағы орны ерекше, қасиетті күн!
Бүгінде майдангер аталарымыз қазалылық Тілеуберген Тобабергенов, сырдариялық Яхия Тасыров Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтуде. Ел басына күн туғанда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранға үн қосқан тыл еңбеккерлерінің ерлігі мәңгі есімізде. Қазіргі уақытта 1700 тыл еңбеккері ортамызда. Халқымыздың даңқты ұл-қыздарының қан майдан мен тылдағы өшпес ерлігі, ерен еңбегі ешқашан да ұмытылмайды, – деді облыс әкімі.
Майданға Қазалы ауданынан 11 мыңға жуық азамат аттанса, 6 мыңнан астамы ғана елге оралған.
Үрмәш Түктібаев, Михайлюк Яков, Мақаш Балмағамбетов, Геннадий Шляпин, Біліс Нұрпейісов, Владимир Счастнов Кеңес Одағының батыры атанды.
Салтанатты шарада тыл ардагерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі табысталды. Іс-шараға қатысушылар қан майданда қаза тапқандар мен ардагерлерге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі қайта жаңғыртылып, абаттандырылған «Жеңіс» саябағын көріп шықты.
Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағы осыдан 40 жыл бұрын Ұлы Жеңістің 40 жылдығында пайдалануға берілген. Жеңістің 80 жылдығына орай мұнда абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналуда. Кешен алдағы уақытта аудан халқымен қатар көршілес аудан тұрғындары үшін де жайлы демалыс орнына айналмақ.
Аумағы 20 гектар болатын, яғни облыстағы ең үлкен саябақтың біріне мердігер мекеме «Каз Элит Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеяларын және отбасылық мейрамханалар мен тамақтану, демалыс орындарын салды. Сондай-ақ спорт және балалар ойын алаңдары, аквапарк, жасанды көлшік орналастырған.