«Шолпаннан» «Жұлдызға» дейін…

1292

0

«Шолпаннан» «Жұлдызға» дейін... Таяуда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ әдебиетінің даму жолында айрықша ізі бар, бағасы биік басылым «Жұлдыз» журналының 90 жылдығына орай танымдық шара өткізілді.

Сонау 1922 жылы «Шолпан», 1924 жылы «Таң» деген атаумен танылған әдеби көркем журналдардың ізімен 1928 жылы алғашқы саны жарыққа шыққан бұл журнал, сол кезеңдердің басты тақырыбын арқау етіп, 1928-1932 жылдары «Жаңа әдебиет», «Жыл құсы», «Әдебиет майданы», 1941-1945 жылдары «Майдан», 1945-1957 жылдары «Әдебиет және искусство», ал 1957 жылдан күні бүгінге дейін «Жұлдыз» деген атау­мен таралып келеді.

Журналдың қалыптасуына Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов сынды қазақ әде­биетінің классиктері көп еңбек сіңірді. Ал журналдың алғашқы редакторы Алаш­­тың көрнекті қайраткері, ақын С.Сейфуллин болса,  одан бері Ғ.Мүсірепов, З.Қабдолов, Ә.Нұр­пейісов, С.Мәуленов, Ш.Мұр­таза, М.Мағауин сияқты қа­зақ әдебиетінің тұғыры биік тұл­ғалары басқарған. 

Ғасырға таяу ғұмыр жасаған «Жұлдыз» журналы күні бүгінге дейін әдебиет көшіне ілескен  талай таланттардың жұлдызын жа­ғып, қалың оқырманға танылуына қол­дау көрсетіп келеді. Сонымен бірге, әдебиет, мәдениет, жалпы ру­ханият айналасындағы  өзекті  та­­қырыптарды көтеріп, қо­ғам­да шынайы шығармашыл ор­та­ның қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Айталық, журналдың «Проза», «Поэзия», «Ислам тағы­лы­мы», «Әдеби мұра», «Зерде» деп аталатын бөлімдерінде қазақ ақын-жазушыларының жаңа шы­ғар­малары, өнер туындылары, хал­қымыздың тарихы мен мә­дениетіне қатысты танымдық дү­ние­лер тұрақты жарияланып отырады.

Кітапханадағы шарада «Жұл­дыз» журналының кешегісі мен бү­гіні,  қазақ әдебиетінің қа­лып­­тасуындағы рөлі жайында қа­ламгерлер мен қарапайым оқыр­­мандар тарапынан кең кө­лем­ді ой-пікірлер ортаға салынып, жалпы шығармашылық са­ла­­­сындағы жаңалықтар жайлы әңгіме өрбіді. Бұл орайда ҚМУ-дың профессоры, Қ.Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі Қазыбай Құдайбергенов журналға М.Мағауин редакторлық еткен уақыттары әр санын қалт жібермей оқығанын айтып, әр дәуірдің әдебиетіндегі өзіндік өрнек пен өзгешелік жайында өз ойын білдірді. Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев сонау 1982-1983 жылдары «Жұлдыз» журналының бетінде алғашқы өлеңдері жарияланып, ауыл арасына енді таныла бастаған шағында шабытын шыңдап, шы­ғармашылығына қолдау бол­ғанын ерекше тебіреніспен еске алды.  Сондай-ақ, сол кезеңдерде таралымы 300 мыңға жуықтаған журнал қарапайым балықшының қайығында, жүргізушінің көлігінде жүретін көркем дүниеге айналғаны – бағыты бөлек басылымның айқын бет-бейнесі екенін айтты. Ақын өз ойын журналдың соңғы санында шыққан өлеңімен түйіндеді.

Шараға қатысқан кітапхананың тұрақты оқырмандары А.Сайлау­баев, К.Сейітов, И.Әбдікәрімов атын­дағы агроколледж мұғалімі К.Ілиясова да журналдың тарихына, мазмұнына қатысты түрлі пікірлерін білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<