Әскери полиция бөлімшесі ашылды

401

0

Әскери полиция бөлімшесі ашылды Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өңірде орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімдер мен мекемелер командирлеріне  арналған ауқымды жиналыс өткізілді.
Аталған жиында Шымкент гарнизоны Әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Е. Мамбетов және Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры әділет майоры Қ. Рахматулин облысымызда алғаш ашылған әскери полиция бөлімшесінің бастығы әділет майоры Нұрмұхамед Еділбекұлы Сейдуалиевті таныстырды.
Шараға жиналған әскери бөлім мен мекемелердің басшылық құрамы атынан Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Е. Байболов құттықтау тілегін жеткізді.
Әскери қызметшілердің атқаратын лауазымдық міндеттері әртүрлі болғанымен, қойылатын талап пен міндет бір. Ол Отанның тыныштығы мен татулығы жолында қас қақпай күзету болып табылады.
Әскерилердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау жолында қызмет атқаратын әділет майоры Нұрмұхамед Еділбекұлының жаңа қызметіне сәттілік тілейміз! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік жолында қызмет атқарамыз деген ойдамыз – деді полковник Еркінбек Серғалиұлы.  
Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 22-сі ҚР ҚК мекемелері мен әскери бөлімдерінде құқық бұзушылық пен әскери қылмыстың алдын-алу, анықтау және жолын кесу мақсатында құрылған әскери полиция жасағына 21 жыл толды.
Алғаш рет ҚР Президентінің «Құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» 1997 жылдың 22 сәуіріндегі  3465-ші Жарлығына сәйкес, Қорғаныс және Ішкі Істер министрліктерінде әскери полицияның жеке құрылымдары құрылды.
Сонымен қатар, ҚР Президентінің Жарлығы негізінде «ҚР ҚК әскери полициясы жөніндегі ережені жүзеге асыру туралы» Қорғаныс министрлігі бұйрық шығарып, ҚР ҚК әскери полициясы қызметкерлерінің, міндеттері мен құқықтары, мәртебесі мен мақсаты айқындалды.

                                         Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі  департаментінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<