Жалағаш ауданында 23 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады

482

0

Фото: ашық дереккөз

Бүгін – кезектен тыс ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы. Жалағаш ауданында 23 сайлау учаскелері мен 20 434 дауыс беруге құқығы бар сайлаушы бар.

Сайлау учаскерлерінің жұмысы таңғы сағат 7.00-ден бастап 20.00-ге дейін жалғасады.

Қаракеткен ауылының тұрғындары еліміздің баянды болашағы, бақытты өмірі үшін саяси науқанда бір кісідей дауыс беруде. №134 сайлау учаскесіне дауыс беруге келіп жатқан сайлаушылардың арасынан ең алдымен көзімізге түскені қаракеткендік жас Данияр Есқали. Данияр биыл кәмелет жасына толып, маңызды саяси науқанда өзінің азаматтық позициясын танытып, ел болашағы үшін таңдауын жасауды жөн көріпті. Жас сайлаушы Қызылорда қаласындағы «Қызылорда Ашық» университетінде «заңгер» мамандығы бойынша жоғары білім алады.

– Ел болашағы – жастардың қолында» деп Президентіміз айтқандай, әрбір жастың дауыс беруі маңызды. Сол себепті 1 күн демалыста оқудан арнайы дауыс беруге ауылыма келдім. Саяси науқанда белсенділік таныту мен үшін өте маңызды қадам. Бала күнімде ата-анам мені ылғи сайлауға ертіп баратын. Сондықтан тез 18-ге толып, ата-анам секілді мен де сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасауға асығатынмын. Міне, кәмелет жасқа толып, саяси науқанда ауылдағы ағайындармен бірге туған жерімнің болашағы үшін таңдауымды жасадым. Әрине, қуаныштымын. Саяси шарадағы ауылдастарымның ауызбіршілігін көріп, бойымда мақтаныш сезімі оянды. Елімізде амандық, бейбітшілік болсын, – дейді Данияр Елеусінұлы.

Отбасында 3 ағайынды, Данияр – үлкені. Келешекте оқуын үздік бітіріп, туған жері үшін еңбек етуді өзіне мақсат етіп те қойыпты.

Айта кетейік, аудан бойынша саяси шарада алғаш дауыс беретін 18 жасқа толған 155 жас сайлаушы тіркелген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<