Еліме туған 60 жыл!

788

0

Ауылым – алтын бесігім,

Шайырдың қойған есімін.

Жасаған ием жаратқан,

Алтын дән етіп нәсібін.

Рұқсат болса ағайын,

Өтейін айтып асылын.

Елім деп өткен ерлерді,

Ойлаған қамын халқының.

Тұлпарын ерттеп майданға,

Аттандырса ерлерін.

Қақыратып дұшпанның,

Қабырғасын сөккен ел.

Ел діңгегін нықтаған,

Намысын елдің жықпаған.

Желеп-жебеп ұрпағын,

Әруағы Бабам жатқан ел.

Кетенің Текей батыры,

Асыл туған қайратты ер.

Арқасын кеңге салатын,

Талқандап қамал,

тарқап шер.

Бас сардары Әз-Тәукенің,

Күйреткен Текей жау шебін.

Яссауийдің мазары,

Әруағы бабам жатқан жер.

Бабаның рухын көтерген,

Мырқыдай мықты ұрпағы.

Туған, текті кетеден,

Сырдың сұлу сұңқары.

Ешнияз, Омар, Жүсіптер,

Сырдың жырлы орамы.

Жырға теңеп Сыр елін,

Жыр толқынын ескендер.

Тұрмағамбет асылым,

Жыр болып селдей тасыдың.

Үкіметтен де қаймықпай,

Шындықты бетке айтқан ер.

Болмаған қаза намазы,

Үбісұлтандай сабазы.

Үш күн, үш түн көз ілмей,

Шахнама жырлап өткен ер.

Әлиакбар  мен Мұзарап,

Жырымен құрған мәртебе.

Ағайынды Тілеу, Қабақ,

Әрқайсысы бір төбе.

Татулықтың үлгісі,

Әнтәй менен Жалғасбай.

Арадан қыл өткізбес,

Өткір қылыш алмастай.

Жүз шайырдың тобынан,

Игерген өнер, сан алуан.

Иығы жерге тимеген,

Рахметолла палуан.

Биедей жырды иітіп,

Саумал жыр –

Разақ татқан ер.

Жырдан күмбез тұрғызып,

Саялап жырды жатқан ел.

Зайыр, Запа, Бөрібай,

Маржан сөзге тілі бай.

Кәжденбек мінген торыдай,

Шу десе жүйткіп шапқан ел.

Маржандай асыл сөздері,

Ботадай қара көздері.

Үрліхан елдің айнасы,

Ой түйіп халқым, салған зер.

Қуандық, Берман,

Жаппарым,

Өсиет жырлап өткендер.

Сыр елін, қылып – Жыр елі,

Атандырып кеткендер.

     

Сыр сүлейі Сүйінбай,

Сырдың жырын төккен ел,

Алпыс жыл елге толғанда,

Жүзге жасы жеткен ер.

Жетпіс жыл қалған елеусіз,

Түп тамырың көктеді.

Ашылды бүгін Тасберген,

Жиенбай – жыр мектебі.

Бүлдіршінді қаптаған,

Зәуре дүл дүл баптаған.

Арайдай асыл қыз туып,

Арайлап ақ таң, атқан ел.

Кілтін ұстап Оңғарбай,

Мәдениет үйдің заңғардай.

Өсиет жырын жаңғыртқанын,

Халқым қалмас аңғармай.

Киелі Ораз ахунның,

Іргеге нары шөккен ел,

Күміс көмей Көшенейдің,

Балалық шағы өткен ел.

Ұмытпақ емес ел, халқым,

Майданға кеткен ұлдарды.

Оралмай қалды сан боздақ,

Қорғауға кеткен Отанды.

Ұлы Отан соғыс батыры,

Тәйімбеттей шыққан ер.

Жаудың құтын қашырып,

Көріне қуып тыққан ер.

Батыр ана Сәлима,

Жайқалтып күріш еккен бел.

Еңбек ері атандырды,

Маңдайдан сел боп

аққан тер.

Ардақты батыр аналар,

Құрмет боп елде саналар.

Жанай, Сақып, Мағужан,

Алтыннан жұлдыз таққан ел.

Ұшақпенен Қылышбек,

Әуеге елді самғатқан.

Бүгінде көпке елес тек,

Ақ  дөңіміз шаңдатқан.

Иемденген көліктің,

Ең алғашқы шыққанын.

Автокөлік маманы,

Өмірзақ, Қалжан, Ақтаным.

Қаражан, Жұпар, Асанхан,

Білімді биік шыңдаған.

Ұстаздық етіп жалықпай,

Өсірді шәкірт мыңдаған.

Түп-тамырын тарихтың,

Ұрпағы жүрер  қорғаштай,

Мәлік, Сәруар, Әліптер,

Тарихым қалған шаң баспай.

Жас балуанды Бердібек,

Танитұғын тұлғадан.

Баптаған ағай шәкірттері,

Күресте сағы сынбаған.

Ағаштан түйіп түйінді,

Салып ед халқым үйіңді

Еліне адал қызмет қып,

Ұсталық Жаппар еткен ел.

Темірден түйген түйінді,

Еңбекпен жеңген қиынды.

Пісіріп отқа темірді,

Жәрімбет кетпен соққан ел.

Оза туған қатардан,

Ыбырайдан бата алған,

Бірінші «жахаевшы» атанған,

Әбендей диқан туған жер.

Жаңбырбай, Байдан,

Жақсылық,

Жерге дақыл сепкендер.

Ұзақбай, Айтжан, Кәнәлбек,

Дақылды баптап еккендер.

Сейдахмет, Марха ағам,

Бау-бақшасын еккен ел.

Тракторға Ердіғұл,

Майбөшкені жеккен ер.

Дөкейдің баптап тұлпарын,

Елінің шолған Ұлтанын,

Жанын жайсаң Жанұзақтың,

Басшылар терең ұққан ер.

Әшімбек, Тәсілім, Жәнібек,

Ой-өріс жетік, қабілет.

Жоқтан бар ойлап шығарар,

Саусақтан бал тамған ер.

Аманжол, Райыс, Күзембай,

Техника бабын тапқан ер.

Қатардан биік көрінген,

Республикаға мақтан ер.

Заманның бір белесі.

«Дауылкөл ауыл кеңесі»,

Басқарып Қаппар,

Шайқыслам,

Түйінін сөздің шешкендер.

Кіріс пенен шығыстың,

Нүктесін қойған асылым.

Мұхамбетқали, Мүсілім,

Жаңғақша есеп шаққан ер.

Тәңірберген, Жанұзақ,

Ақ бас сиыр баққан ел.

Іргесін елдің паналап,

Елеусін қойын баққан жер

Нұралбек, Телеубай, Есіркеп,

Түлігін Қамбар атаның,

Көбейтіп жылқы қатарын,

Сәйгүлік баптап, баққан ер.

Келтіріп түннің ажарын,

Жарқыратқан Базарым.

Арқасында шебердің,

Болмаған кенде тоқтан ел.

Қаппар, Айсұлу, Шәрікүл

Дөп айтар сөздің ашығын.

Шыңдалған шындық елімде,

Тұншығып қалмас жасырын.

Пайғамбардың үмбеті,

Уағыз айту міндеті.

Алдашбай Ахун ұрпағы,

Мінуар – елдің құрметі.

Аллам өзі жарылқасын,

Өмірбек, Парахат,

Әбілқасым.

Сырқатын емдеп халқымның,

Аурудың бабын тапқан ер.

Көшер менен Бақберген,

Нұртілеу, Сержан, Ырзақұл.

Еңбегі ерен бағалы,

Халқына қызмет еткендер.

Жас, бозбала шағынан,

Жарылып жүрек ағынан.

Ата Заңнан нәр алған,

Генерал ағам – Бағыбан.

Ерландай елім ер туған,

Ел басына күн туса,

Қол қусырып отырмас,

Арыстай асыл, нар тұлғам.

Мәскеуде шыңдап білімін,

Биікке қолы жеткен ер,

Зайырдың алтын сынығы,

Ғалым боп Сәтбай

шыққан ел.

Елінің қорғап мүддесін,

Халқына қызмет еткен ер.

Жерімнің асыл киелі,

Қыр-сырын Қайрат,

ұққан ер.

Ел басқарып Нұржаны,

Қамбаға құйып олжаны.

Еңбек етіп табысын,

Маңдай термен тапқан ел.

Ұққан жайын шәкірттің,

Зәрипа апай қадірлім.

Жас буынның бойына,

Құясың нәрін білімнің.

Елде көп айтсам әрине,

Биікке қолы жеткендер.

Атамай кеттің мені деп,

Асыл халқым сөкпеңдер.

Еліме туған, алпыс жыл,

Толып жатыр бүгінде.

Бел буған мен де балаң ем,

Ақтарып жырды төгуге.

Асылын елдің ардақтап,

Айтып өттім тармақтап.

Құрмет тұтып жас буын,

Естеріңе, ал сақтап.

Түйсігі терең елімнің.

Жырлары – хошы көңілдің.

Өсиетпен бойы шыңдалып,

Астарын сөздің ұққан ел.

Жақсыдан үзбей күдерін,

Жастардың қайрап жігерін,

Елжіретіп жүрегін,

Үміттің отын жаққан ел.

Жырауы жырлап жырларын,

Келтірер мақам ырғағын.

Қоздырып елдің арқасын,

Көңілдің кілтін тапқан ел.

Қазына болып қарттары,

Саналы болып жастары,

Қырандай көкте самғаған,

Ұрпаққа сенім артқан ел.

Ұлдары текті, иманды,

Қыздары көркем, ибалы.

Шуағын төккен күн көзі,

Қызарып қимай батқан ел.

     

Қызын алып ардақты,

Күйеу болып салмақты,

Құда қылып жан-жақты,

Араласып жатқан ел.

Бағындағы саялы,

Ұрпағы өсіп аялы.

Немере сүйіп, шөбере,

Қызығына батқан ел.

Жүз шайыр шыққан елінен,

Көмеймен жыр қатқан ел.

Сырдың бұрып сағасын,

Аю жарма аққан ел.

«Сыр» менен «Қуаң» арасы,

Кетелер туын тіккен жер.

Ұзақ болсын ғұмырың,

Алпыс жас тойлап жатқан ел.

Құрдастармен, ардақты,

Алтыннан да қымбатты.

Тай құлындай тебісіп,

Ойнап күліп өскен ел.

Қабыл ал алтын бесігім,

Кіндік қаным тамған жер.

Қатайтып қанат өмірге,

Белімді бекем буған ел.

Бақыты едім Әбудің

Жырыммен шашып шашуды.

Алпыс жылдық тойыңа,

Алпыс шумақ тартқан ер.

Бақыт Әбуов. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<