Ерлік ұмытылмайды

680

0

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Атаулы дата аясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеу барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу митингісіне қатысты.

Шараға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен жастар ұйымының белсенділері шақырылды.

Еске алу жиыны бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Аймақ басшысы тарихтағы аса қасіретті кезеңнің бірі, жастық шағын туған жерден тыс майдан даласында өткізген азаматтардың ерлігін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың парызы екенін еске салды.

– Кеңестік кезеңде интернационалдық борышын өтеу мақсатында қаншама жүздеген жалынды жас Ауған жерінде әскерде болды. Еліміз бейбіт күнде тыныстап жатқанда, жастарымыз сырт жерде от пен оқтың ортасында жүрді, кейбірі елге оралмады.

Ауған соғысы ардагерлері, шейіт болған сарбаздарымыз азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсетті. Отан алдындағы парызын адал өтеді. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сіздердің ерліктеріңіз ел есінде мәңгі сақталады, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң «Ауғанстан соғысының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов сөз алып, естеліктерін бөлісті.

Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, майданда қаза болған сарбаздардың рухына құран бағышталды. 

Айта кетейік, әскери қақтығыстарға Сыр өңірінен 857 адам қатысып, 18 адам қаза тапты. Облыс көлемінде 667 Ауған соғысының ардагері бар. Оның ішінде 52-сі – мүгедек. Сонымен қатар, Ауған соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 2012 жылдан бастап аудандық, қалалық мәслихаттардың шешімімен жылына бір рет 30 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Биыл мамыр айында 568 адамға 52,2 млн теңге төленбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<