Электрондық қылмыстық істің артықшылығы қандай?

1173

0

Қылмыстық істердің тарихи қалыптасуы бойынша қағаз ақпараттың негізгі тасушысы болып саналады. Әртүрлі тергеу әрекеттері, тергеушінің, прокурордың және соттың шешімдері жазбаша процесуалдық құжаттарда бекітіледі.

Қылмыстық істің күрделілігі мен көп эпизодтылығы, сот сараптамасының көптігі, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және куәгерлердің едәуір саны тергеп-тексеру материалдарының көбейуіне әкеп соқтырады, бұл өз қатарында көлемді томдардың пайда болуына ықпал етеді.

Бүгінгі таңда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аса ауырланған, бұған көптеген қаржы, адам және уақыт ресурстары шығындалады.

Тергеушілер қағазбастылықта және кабинеттерге барумен шаршайды, тергеу әрекеттерді прокурормен келісуге, санкцияларды алуға, тілден тілге аударуға, процес қатысушыларға материалдармен таныстыруға, сот сараптамаларына және т.б. уақыт жоғалтады.

Сондай-ақ, процеске қатысушылардың қылмыстық істің процесуалдық материалдарына уақытылы қолжетімділік мүмкіндігінің жоқтығы материалдардың бұрмалау тәуекелін сақтайды, құқық қорғау органдары мен халық қарым-қатынастарының айқындылығын толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің 20.05.2015 жылғы «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасын орындау бағытында, оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметін күшейту және олардың қызметін заманауи қондырғылармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру туралы тапсырмасын және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Бас прокуратурамен «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінің негізінде «Төрелік» сот ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» модулі әзірленіп,құқық қорғау органдарымен жүзеге асырылуда.

Сәйкесінше, Мемлекет басшысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында қылмыстық сот өндірісін электрондық форматқа кезең-кезеңмен көшіру айқындалған.

Бұл қылмыстық сот өндірісінің барлық кезеңдерін (құқық бұзушылықты тіркеуден бастап сот үкімінің шығарылуына дейін) цифрлауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдардың дерек қорларымен үйлестіру жұмыстары қылмыстық сот өндірісін оңтайландыруда үлкен рөл ойнайды.

Электрондық қылмыстық іс аясында тергеп жатқан қызметкерге мемлекеттік органдардан іс бойынша өтіп жатқан тұлғаларға, меншікке қатысты мәлімет сұраудың қажеті жоқ. Оның бәрін үйлестірілген жүйелер арқылы тергеуші кабинеттен шықпай-ақ электрондық форматта ала алады.

Электрондық қылмыстық істің тағы бір артықшылығы қашықтықтан санкциялау болып саналады.

Енді қамаққа алынған тұлғаға қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау үшін біршама ара-қашықтыққа апармай-ақ санкциялау үрдісі бейне-конференц байланыс режимінде өтуде.

Бұл өз кезегінде уақыт шығындарын қысқартуға, қашу тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді, сонымен қатар, жанармайға кететін шығынды, жүргізушінің жалақысын және автокөліктің тозуын қысқарту жолымен бюджеттік қаражаттың үнемделуіне оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, аталған «Электрондық қылмыстық іс» модулі қазіргі пандемия кезеңінде азаматтармен қарым қатынаста ара қашықтықты сақтап, карантин талаптарын сақтауда өз тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар, қылмыстық процес қатысушылар сайтта өтініштерді, өтінішхаттарды және шағымдарды бере алады, істің материалдарымен таныса алады, «Бұқаралықсектор» веб-порталынан процессуалдық құжаттардың көшірмелерін ала алады.

Қорыта айтқанда «Электрондық қылмыстық іс» модулі қылмыстық істің қозғалуынан бастап сотқа жолдануына дейінгі барша қылмыстық процестің айқындылығын қамтамасыз етуге негізделген, сол арқылы қылмыспен күресуде және орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты жүргізілетін қылмыстық процесті оңтайландыру үшін жасалған.

Ә.ҚАЛЫБЕКОВ,

ҚР ҚСжАЕК-нің облыс бойынша басқармасы бөлімінің

аға прокуроры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<