Күн түспейтін көңілге күлкі шашқан

338

0

Шиелі ауданы орталығындағы «Салтанат сарайында» Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы-сатирик, Шиелі ауданының құрметті азаматы Нұрмахан Елтайдың 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Сатираның сұр жебесі – ойы мәнді, сөзі нәрлі Нұрмахан» атты бенефис шоу өтті.

Думанды кешті аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып, қарымды қаламгерді мерейтойымен құттықтап, аудан әкімінің сый-сияпатын табыстады.

 Табиғи дарыны мен ерен еңбегінің арқасында кәсіби біліктілікке қол жеткізген тұлғаны көпке үлгі ету, беймәлім қырларын баршаға таныту, жанға жайлы сұхбат құруды мақсат еткен бұл кешке жазушының оқырмандары мен алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар қатысты.

Сұрақ-жауап негізінде өрбіген бенефис шоуға Қожа Ахмет Яссауи университетінің аға оқытушысы, профессор Оңал Дүйсенов, белгілі сатирик Ермахан Шайқыұлы, Жаңақорған ауданынан еңбек ардагері Алмасбек Нәлібаев, ақындар Қаршыға Есімсейітова, Дүйсенбек Аяшұлы қатысып, мерейтой иесіне байланысты қызықты оқиғаларды әңгімеледі.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қ.Есімсейітова Н.Елтайға Қазақстан Жазушылар одағының құрмет грамотасын тапсырды. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжәлі Ерімбет серіктестік басшысының құттықтауын жеткізіп, жазушының кеудесіне «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.

Сондай-ақ, «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмаханов және Жаңақорған ауданы мен жазушының туған жері «Қандөз» ауылынан келген әріптестері, туыс, дос-жарандары құттықтап, сый-сияпат жасады.

Кеште Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы өнерпаздары – Мәдениет саласының үздігі, әнші Ақмарал Ноғайбаева, «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы мен жаңақорғандық өнерпаздар Әбсұлтан Өтепбергенов, Қалтай Архабаев сатирик шығармаларынан интермедиялар орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңы Гүлнұр Әбілованың орындауындағы «Сатираның сұр жебесі – Нұрмахан» әнімен қорытындыланды.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің  ұйымдастыруымен өткен ерекше кеш күн түспейтін көңілге күлкі нұрын төгіп, барша көрерменді қуанышқа бөледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<