Күрішке орақ түсер уақыт жақын

606

0

Биыл Шиеліде барлығы 30 мың гектардан астам жерге егін егілді. Соның ішінде 11 мың гектарға жуық күріш өсірілуде. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1000 гектарға қысқартылған. Басты себеп белгілі. Су тапшылығы қазір қай ауданда да қиындық туғызып тұр. Дегенмен өңір диқандары барлық амалдарды жасап, шешуші науқанға да таяп қалды.

Әу бастан Сырдың суы тапшы болады деп болжанды. Соған сәйкес күріш көлемі аймақта 5 мың гектарға қысқартылғаны белгілі. Енді оның орнына суды аз қажет ететін 9 мың гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Бұл – әртараптандыру мақсатындағы әрекет.

Қазір қай жерде болмасын, еңбеккерлер дала қосының шаруасын қыздырып жатыр. Шиелі де солай. Ауданда күздік әрі жаздық бидай, онымен қоса тары, арпа, жүгері, мақсары, соя, жоңышқа және асқабақ жылдағыдай мол егілген. Сондай-ақ биыл 5 мың гектардан астам жерге көкөніс пен бақша дақылдарын өсіруде. Мойындау керек, Шиелі ауданы көкөніс пен дәмді қауын-қарбыз егуге әбден бейімделген.

Көктем айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен әр ауыл маңынан жер дайындалып, ең қажетті деген дақылдарды егу жұмысы өңірдегі аудан басшыларына жүктелген еді. Осылайша аймақта 1500 гектарға жуық жер дайындалып, 6802 отбасы бақша дақылдарын егуде. Нәтижесінде әртараптандыру ісі алға басып келеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, мұндағы әр отбасы дайындалған жерге егін салып, оны да жинау қамында отыр. Осылайша биыл аймақта 461 гектарға картоп, 385 гектарға көкөніс, 587 гектар бақша дақылдары егіліп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізбек.

Ал Шиелі ауданында бұл жұмыстар бойынша қосымша жер дайындалған. Барлығы 81 гектардан асатын жерге 350 отбасы картоп, көкөніс, бақша егіпті. Бұдан бөлек, көп жылдан бері бақша өсіріп, пайдасын көріп келген ауыл тұрғындары сол кәсібін жалғастыруда. Мысалы, ауданға қарасты «Ақмая» ауылының тұрғындары 450 гектардан астам жерге қызанақ, қияр, қауын-қарбыз және картоп өсірген.

– Бұл ауыл – ілгеріден диқаншылыққа жақын ел. Қарап жатқан жұрт көрмейсің мұнда. Үлкен автобан бойында қауын-қарбызын, көкөнісін сатып отырған да сол біздің елдің адамдары. Ауылда ең үлкен шаруашылық – «Ақмая» ЖШС. Былтыр 1400 гектар күріш егіп едік, биыл оны су тапшылығына байланысты 200 гектарға азайттық. Құдай қаласа, осы тамыз айында суды жабамыз. Айдың аяғында күрішке орақ түседі. Одан бөлек бидай, жоңышқа егеміз. Қосымша мал шаруашылығымен де айналысамыз, – дейді серіктестіктегі бірінші күріш бригадасының бригадирі Гүлсім Дәрібаева.

Айта кету керек, «Ақмая» шаруашылығында 120 адам жұмыс істейді. Серіктестік есебінен үлескерлерге жоңышқа рулоны тегін беріліп, сондай-ақ ақталған күріш те таратылады. Асыраушысынан айырылған жандарға тұрғын үй салып беріп, үздік қызметкерлеріне автокөлік мінгізіп келеді.

Ауданда су тапшылығын болдырмауда бірқатар жұмыс атқарылған. Мысалы, былтыр облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы төрт ауылдық округке 6 су айдайтын дизельді насос алыныпты. Бұлар «Ақмая» және «Керделі» ауылдық округіне екеуден берілсе, «Тартоғайға» біреу, «Талаптан» елді мекеніне бір су айдайтын насос бұйырыпты.

Ал биыл тағы да дәл осы салалық басқарма арқылы «Қоғалы» ауылына бір насос қойылған. Сонымен қатар, аудандағы «Шиелі су шаруашылығы» мекемесіне 8 электрлі насос жеткізілген. Бұл «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның облыстық филиалы арқылы беріліпті.

– Су үнемдеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Тамшылатып суару әдісімен 265 гектар жерге көкөніс, бақша егілсе, «Тартоғай» ауылдық округіне қарасты «Ұлытау Агро» ЖШС 40 гектар жерге жоңышқа дақылын арнайы технология арқылы жаңбырлатып суару әдісімен өсірді. Жалпы күріштен бөлек, аудан бойынша 1201 гектар картоп, 1701 гектар көкөніс және 2387 гектар бақша дақылдарын орналастырып, оның алды өнім беруде. Бұған қоса шаруалар жүгері, тары, күнбағыс, жемдік асқабақ, соя сияқты дақылдарын да егіп отыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов.

Жалпы, биыл жыл басынан бері Шиелі ауданы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 4 млрд 258 млн теңгенің өнімі өндірілген. Мұның ішінде 40 млн теңгеден астамы егін шаруашылығына, қалған өнімнің қаржысы мал және орман мен балық шаруашылығына қатысты болып отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<