Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы

471

0

Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға «Адвокаттық қызмет және заң көмегі» Заңныңда (бұдан әрі-Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі Мемлекет кепілдік беретін заң көмегі (бұдан әрі-МКБЗК)  деп танылады.

        Өздеріңізге белгілі, әр адам қорғануға құқылы. Бірақ, егер оның өзіне адвокат, нотариус немесе құқықтық қорғаудың өзге субъектісін жалдауға мүмкіндігі болмаса, оған бюджет қаражаты есебінен мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілетінін бәрі біле бермейді. Осы мақалада біз Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы, МКБЗК кім ала алатындығы, МКБЗК қайдан алуға болатындығы, осы заң көмегін кім ұсына алатындығы туралы түсіндіруге тырысамыз.

       Мемлекет кепілдік берген заң көмегін:

      1) мемлекеттік органдар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз;

       2) адвокаттар осы Заңда белгіленген тәртіппен;

      3) нотариустар «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтеусіз;

     4) жеке сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекет кепілдік берген заң көмегін өзге тұлғалар өтеусіз көрсете алады.

     Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар :

      1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.

      2. Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

      1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

     3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;

      4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.

      3. Заның 26 бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.

      4. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.

 Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның құқықтары  мен міндеттері:

      1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның:

      1) мемлекет кепілдік берген заң көмегіне теңдей қол жеткізуге;

     2) өз құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттары туралы ақпарат алуға;

     3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға тегін заң көмегін көрсету үшін өтініш жасауға;

    4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен алуға немесе оны алудан бас тартуға;

   5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға;

    6) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялығына құқығы бар.

      2. Өзіне Заңның 15-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген тұлға:

      1) өзінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;

      2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;

      3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту:

      1. Егер өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.

      2. Мынадай негіздердің бірі болған кезде:

      1) өтініш иесі Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санатына жатпаса;

      2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.

      3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Ғалия САРИЕВА,

облыстық әділет департаменті бөлімінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<