Өнегесімен өркен жайған әулет

698

0

«Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Жуырда Астана қаласында, «Қазмедиа» орталығында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева, Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытынды іс-шарасы өтті. Конкурс жеңімпаздары қатарында Қызылорда облысынан барған Бектаевтар отбасы лауреат атанып, құрмет төрінен көрінді.

Жалағаш ауданының тұрғыны, еңбек ардагері Төлеміс атай мен тәңір қосқан жары Сәнімкүл әжейдің шаңырағынан 11 перзент өсіп-өніп, олардан 40-тан астам немере, 60-тан аса шөбере көріп, шөпшек сүйіп, бүгінде саялы бәйтерекке айналған іргелі әулет. Әулет атасы Төлеміс ақсақалдың балалық шағы соғыс жылдарына тура келді. Орта білім алған соң жоғары оқу орнына түсіп, арнайы мамандық алуға талпынды. Алдына қойған арман-мақсаты көп еді. Алайда ата-анасына қарайлап, алысқа ұзай алмады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуді ұйғарды. Ес білген шағынан еңбекке араласты.  Күн-түн демей, қолынан кетпен-күрегі түспей, колхоз жұмысында жүрді. Түрлі техниканың тізгінін ұстап, майталман механизатор атанды. Топыраққа дән сеуіп, одан тонна-тонна астық жинап, ел ырысын еселеуге бар күш-жігерін жұмсады.

Ол уақытта мектеп аз, жасы шамалас балалар бір класта оқитын. Айтпағымыз, кешегі күні өмірден өткенше бір шаңырақ астында 67 жыл ғұмыр кешкен ардақты жары Сәнімкүлмен мектепте бірге оқыған еді. Тағдыр табыстырып, отбасылық тұрмыстың қызығы мен қиындығын бірге өткерді. Дүниеге келген перзенттерін қатарынан қалдырмай оқытып, әрқайсысының қалаған мамандығына қол жеткізуіне қолдау көрсетті.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін Төлеміс Бектаев Жалағаш ауданының Құрметті азаматы атанды. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Ұлы Отан соғысының 60, 65, 70 жылдық, және Қызылорда облысының 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Қазыналы қария зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық ортадан қол үзбей, ауылдық ардагерлер кеңесін басқарып, ағайын арасының ынтымағын, береке-бірлігін сақтауға барынша қызмет етті.

Батыр ана, «Алтын алқа» иегері Сәнімкүл Әшірбекова апамыз да ер-азаматтармен қатар колхоз жұмысын атқарысты. Адал еңбегімен алғысқа кенеліп, абыройға бөленді. Айталық, 1982-1985 жылдары Халық депутаттары ауылдық, аудандық, облыстық кеңесіне депутат болып сайланған, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы» бүкілодақтық орталық кеңесінің пленум мүшесі болған. Осы саладағы қажырлы еңбегі үшін «Халықтар достығы» орденін иеленген.

Әке жолын үлгі тұтқан ұл-қыздары өмірден өз жолдарын тауып,  мұғалім, дәрігер, құқық қорғаушы, теміржолшы, кәсіпкер ретінде қоғамның сан түрлі саласында қызмет етіп жүр. Олардың алды қазір зейнеткерлік демалыста. Бүгінде Төлеміс атайдың шаңырағына алғашқы келіннің түскеніне 45 жыл болса, кіші келіннің де келгеніне 30 жылға таяу уақыт болыпты. Қазір қарашаңырақта үш келін бар. Дәлірек айтсақ, ақсақалдың кенже ұлы Жарастың өзі екі келін түсірді. Ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі осы болса керек. Айта кетейік, кенже ұлы әке жолымен, егін саласында еңбек етеді. Ал келіншегі ауылдық емханада акушер болып қызмет атқарады.

Әулеттің тірегі Төлеміс атай тоқсан жастан асып, үбірлі-шүбірлі ұрпағының шексіз ықыласы мен құрметіне бөленіп, дүниеден өтті. Бұл күнде Сәнімкүл әжейдің қолында өзінің кенже келіні мен екі немере келіні бар. Бәрі де қарт ананың қас-қабағына қарап, көңіліне қылау түсірмей, қызмет көрсетіп келеді.

Бектаевтар әулетінің қызы, білім саласында ұзақ жыл қызмет атқарған Ғалия Бектаева апайымыз да – жолдасы Назарбаймен бес бала тәрбиелеп, өсірген, адал пейілімен ата-ененің алғысын алған жан. Жолдасы еңбек адамы, механизатор, ауыл шаруашылығы саласының маманы. Ғалия Төлемісқызы өзінің өмірлік мақсат-мүддесін табуда, қоғамға, елге қызмет етуде әрдайым ата-ана өнегесін жанына жақын тұтқанын айтады.

– Ата-анамыз бізді ұлттық құндылықты қадір тұтуға, үлкенді сыйлауға,  кішіге қамқор болуға, ел, халыққа адал еңбек етуге тәрбиеледі. Анамыз дала жұмысынан бөлек үйдегі тірлігін де үйлестіріп отыратын. Үйден қонақ арылмайтын. Қай кезде де дастарқаннан бауырсағы, айран-сүті, құрт-майы үзілмейтін. Оған қоса, қойдың жүнін қырқып, бояп, жіп иіріп, қолынан ұршығы түспейтін. Ал жазғы каникул кезінде біз, үйдегі әпке-сіңлілерімізбен кілем, алаша тоқитынбыз. Отбасындағы он бір бала бір-бірімізге жақын әрі жанашыр болып ержеттік.  Мектепте оқыған шағымызда, қызметте жүрген кезімізде барынша әке атына кір келтірмеуге тырыстық. Әсіресе, қыз балалар анамыздың ақылын алып, отбасы, үй шаруасына қатысты ұстанымдарын бойымызға сіңіріп өстік, – дейді ол.

Иә, Бектай әулетінің үлкен-кішісі адал еңбектің қадірін біліп, өз мақсатына сай өмірлік мұратын айқындай алған жандар. Бес немересі кәсіпкер. Олардың барлығы да Сыр өңірінің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпінді үлес қосып, өңірдегі маңызды іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Олардың бірқатары өз саласындағы үздік еңбектеріне орай облыстық, республикалық деңгейде марапаттар иеленіп жүр.

Баршаңызға белгілі, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде Бектаевтар отбасы бас жүлде иеленген болатын. Бұл мерейлі сәтте ауылдастары да айрықша қуанышқа кенелді. Төлеміс қарттың шаңырағына тілектес екендіктерін білдірді. Соның айғағы, туып-өскен жері Т.Жүргенов атындағы ауылдың айтулы азаматы, ауыл шаруашылығы саласының белді өкілі, кәсіпкер, «Ер Әлі» және «Құрманбай Ата» шаруашылықтарының құрылтайшысы және төрағасы Әліби Бекжанов қарапайым еңбек адамына деген құрметтің үлгісін танытып, Бектаевтар отбасына шетелдік автокөлік сыйлап, ауылдастарының алғысына бөленді. Аудан әкімі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ел ағалары да Астанадан абыроймен оралған Бектаевтар отбасының қуанышына ортақтасып,  құттықтау лебіздерін білдірді.

Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын айтты. Президент бұл орайда техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың өзекті екенін, қарапайым жұмысшы мамандығын даярлауды әлемдік стандарттарға сай дамыту қажеттігін атап өтті.

Өнегесімен өркен жайған Бектаевтар әулеті де бұл бастаманы қуаттайды. Қазір қоғамда жұмысшы мамандарға сұраныс өте жоғары. Сол себепті мемлекет қолдауымен кәсіби білім берудің көкжиегі кеңейе түсіп, қарапайым еңбек адамына деген құрметтің қалыптасары сөзсіз.

    Ғазиза ӘБІЛДА,

        «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<