Өрт өршіп тұр

759

0

Өкінішке орай, күні кеше тағы бір суыт хабар жетті. Жантүршігерлік жағдай түс әлетінде, сағат 12 жарымдар шамасында Қармақшы ауданының орталығында болды. Жосалыдағы жер үй әп-сәтте қызыл жалынға оранып, отбасы мүшелерінің демі үзілді.

– Аудандық бөлімнің 14 қыз­меткері 3 көлікпен оқиға орнына барды. Газ баллонының жарылуынан сол кезде баспананың бір қабырғасы құлап, толығымен жанып жатқан. 4 адамның денесі үйінділер астында қалып қойған. Көршісінің миына зақым келіп, аудандық ауруханаға түскені анықталды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев.

Марқұмдардың туған-туыс­тары­ның қайғысына ортақтасып, Сыр елі жұрт­шылығы атынан облыс әкімі көңіл айтты. «Бұл бәрімізге оңай тиген жоқ. Осыған байланысты мәселе менің тікелей бақылауымда. Өрттен, судан, басқа да апаттан аман болайық, жерлестер!» – деді Гүлшара Әбдіқалықова Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Осы сияқты оқиға 9 нау­рыз күні түнде Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» сая­жайында тіркелді. Құтқару­­шылар оған пештегі ақау әсер етуі мүмкін деп отыр. Анық-қанығын сараптама қорытындысы көрсетеді. Әйтеуір, адам аман. Үйді паналап келген отбасының «далада қаламыз ба?» деген қорқынышын жергілікті билік бас­ты. Қолдан келген көмекті жасап, жарымжан көңілге жалау болды.

Қыс – өрт өршитін уақыт. Жұрт жаппай пеш жағып, газ қолданғасын қайғылы жағдайлар жиі кездесіп жатады. Сондайда қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларын ескермейтіні өкінішті-ақ. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алғашқы екі айда 69 дерек тіркелді. Соның 47-сі – тұрғын үйлерде, 14-і – көліктерде, 6-ы – өзге объектілерде. 9 адам зардап шегіп, 5 адам көмірқышқыл газына уланды. 5 адамнан айырылдық. Өткен жылдың есепті кезеңінде 43 өрт болып, одан 1 адам қаза тапса, 2 адам зардап шеккен еді.

Жаңа жылдың алғашқы аптасы қызылордалық құт­қарушылар үшін қауырт болды. 1 қаңтарда қаланың «СПМК-70» шағын ауданында аулада тұрған темір тұлпар өртенді. Сонымен қатар, «Сәулет» шағын ауданында үй отқа оранды. Қызыл жалын сол маңда ішімдікке сылқия тойып алған екеудің ерегесінен туған көрінеді. Дәл сол күні түн жарымында облыс орталығының саяжай бөлігінде газ баллоны жарылып, уақытша құрылыс нысанын шарпыды. Төтеншеліктер оқи­ға орнынан 3 адамның мәйі­тін тапты. Олардың 2-і – жас­өспірім, туыстарына қонаққа келсе керек. Үшіншісі – 53 жастағы қара жұмысшы.

– Үй егелері газ баллонын шамадан тыс толтырған. Оны даладан жылы жерге кіргізгесін қысымы көтерілген. Қайғылы жағдайға осы әсер етуі мүмкін. Оның үстіне, бізге хабар кеш түсті. Барған кезімізде уақытша тұрғын үй толық жанып кеткен еді, – дейді департаменттің өрт сөндіру және авариялық құт­қару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Әбділда Баякеев.

Адам шығынымен аяқтал­ған жағдай 18 ақпанға қараған түні де тіркелді. Қаланың әл Фараби шағын ауданындағы «времянкада» тұтанған тілсіз жау бесіктегі сәбидің өмірін жалмады. Үйде онымен бірге төрт әпкесі және анасы болыпты. Әкесі жол жүріп кеткен. Анасы төртеуін құтқарып үлгерді. Айдың-күннің аманында сә­биінен айырылған отбасы қайырымды жандардың қолдауымен жаңа қонысқа жайғасты. Қара жамылған оларға көңіл айта барған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: «Қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Бұл – Сыр елі үшін ауыр қаза», – деді.

Қасіреттің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ құтқарушылар сақтанғанды Құдай сақтайтынын қаперге салды.

– Тұрғындар қауіпсіздік талап­тарын көбіне-көп елеп­-­ес­кермейді. Мұндай оқыс оқиғалар пеш мұржасын дұрыс тазалатпағаннан, электр желілерінің қысқаша тұйық­талуынан, газ қондыр­ғыларындағы ақаудан жиі кез­деседі. Кейде ауладағы қоқысты немесе қураған шөпті бақылаусыз өртеп, жел күшейгенде ол сарайға, кө­лікке, гаражға, ең әрісі үйге тиіп жатады. Сондай-ақ халықтан баланы үйде қараусыз қалдырмауды сұраймын. Ол отпен ойнап, бүтін бір отбасы опық жеген жағдайлар бар, – дейді Ә.Баякеев.

Құрылым қызметкерле­рі­нің үй-үйді аралап, осының бәрін құлаққа құюының кемі жоқ. Көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғыны орнату жұмысын да қарқынды жүргізіп жатыр. Күні бүгінге дейін сатып алынған 3838 датчиктің 3723-і көпбалалы және қалтасы көтермейтін отбасылардың үйлеріне орнатылды. Соның арқасында 3 отбасы қайғылы жағдайдан аман қалғанын айтуға тиіспіз. Төтеншеліктердің аяғына ора­тылатын кедергі аз емес. Мы­салы, кейбір аулалар мен үй­лердің кіреберістерінде темір плита, бетон қоршау тұр. Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үйлердің аулаларында су көздері жоқ. Көше бойында өрт гидранттары болғанымен, іске алғысыз.

Жылу беру маусымының тоқтауына әлі бір ай бар. Жер үйлерде пеш жағу жалғаса береді. Сондықтан оның мұржасын бір сүзіп өткеннің артықтығы жоқ. Өрт сөндірушілер айтқан өзге де сақтық шараларына бейжай қарамасақ екен. Өйткені адам өмірі бәрінен маңызды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<