Қала әкімі ардагерлерді құттықтады

552

0

Ардақты ардагерлер!

Сіздерді Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. «Жасы үлкенді қадірлесе – құт болар» демекші, біз ертеден үлкенді сыйлаудың озық үлгілерін ұрпағының бойына сіңіріп, қариясын құрметтеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Заман алға жылжып, дүние дидары өзгергенімен осы жазылмаған заңдылық негізімізден адастырмай келеді.

Кезінде еселі еңбек етіп, ел мерейін өсірген, ізгілікті ісімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиеттерімен елге танылған Сыр еліндегі ардақты аға-апаларымыз зейнетке шықса да, қоғамның ұйытқысы болып жүргенін ерекше айта кеткен жөн.Расында, «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады». Ел арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда алауыздық орын алмайды, жастарымыз жөнсіз кетпейді.

Бұл ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған ел тағдыры үшін айрықша мәні бар көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруда, ұлтты ұйыстырудағы іргелі істерде өмірден түйгені көп ақсақалдарымыздың орны бөлек болары анық.

Қадірлі ардагерлер!

Өңіріміздің өрістеп, көшіміздің өрге басып, өркен жаюы жолындағы әрқайсыларыңыздың ерен еңбектеріңіз ел жадында. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз Сіздердің тыным таппай, тыныс алмай атқарған жұмыстарыңыздың жемісі. Сіздердің ел болашағы үшін атқарған бар игі істеріңізге алғыс білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<