Сұлулығын сөзбен жеткізе алдым ба?

785

1

Төрт көз түгел көк жайлауға көшіп-қонып, төрт түлік мал өрісіне еркін жайылған осынау мезгіл – ауылдағылардың көңілдерін кеңге, кежімдерін керге салып, үй-үйді аралап ақ ішетін шарапатты шағы еді. Күшәла немесе аютұяқ (тау өсімдігі) қосып сапырылған сары қымыз буындарын босатып, масаңдатып, маужыратып жіберсе, қойын-қонышын аралаған тау самалы қайта сергітіп ала қоятын. Жүрісті атқа мінген келісті азаматтар қымыз ішіп,  үйден үйге шұбап бара жатқанда сұлулығын сөзбен сипаттап жеткізе алмас сайын сахараға тіпті де сән қоса түсетін…

Таң атар-атпастан әйелдер қауымы шелектерін қолына алып, әр үйдің маңында сиыр са­уылып жататын. Содан соң бала-шаға ­сиырларды бөлек, бұ­зау­ларды бөлек өріске айдап жі­беріп, бір күндік үлкен міндетіне (бұзауларды уақ-уақ түгендеп, енесіне қосылып еміп қоюдың алдын алуға) кірісетін. Қойшылар да қойларын өріске қарай санап шығарып салып жататын. Ауыл жігіттері жылқыны жиып келіп, құлындарды байлап үлгереді.

«Алаш Алаш болғалы, алаша таққа қонғалы…» саптаяғындағы қымыздан қылғыта жұтып жіберіп, құсжастығын қолтығына қыса қисайған әкем әңгімесін бастаушы еді…

«Біздің қазақ қазанына ас сал­ғанда бір-екі адамдық сыбағаны артық салады. Сонымен тамақ да­йын боларда үйдегі кішкене баланы маңайға жүгіртіп жіберіп, жоқ іздеп, жол жүріп бара жатқандар болса шақыртып алып асқа отырады. Дарқан көңіл қазағым, міне, осылай тіпті шақырылмаған қо­нақтың өзінің сыбағасын дайындап отыратын болған…». Бүгілуі мен үңілуі табиғатында қатар бар ауызы дуалы ақсақалдардың дастарқан басында таусылмайтын тағылымды әңгімелеріне бір қанып қалатынбыз. 

Кешкілік күн ұясына қарай еңкейгенде  күні бойы сауында болып аңқасы кепкен биелер бір күндік міндетін аяқтап желіден босатылысымен әуелі өзенге қарай құйылатын. Осыдан көп ұзамай бұзаулар мөңіреп, сиырлар аңырап, әр үйдің маңы азан-қазан болып кететін. Кезекте – сиырдың кешкі сауымы. Қарағайлардың тамырынан тартып, тақап байланған бұзауларын жалап-жұқтап маңғаз Зеңгі баба тұқымы таң атқанша алысқа кетпейтін еді…

Сиырлардың кешкі сауымынан кейін ауылдың жастар жағы «Ақсүйек» ойнауға жиналатын. Әппақ жоңқасын шығарып жонып алған ағашты айдың жарығында сайға қарай лақтырып жіберіп, артынша солай қарай төгіле кетеміз. Сондай түндерде ойын орайынан пайдаланып,  сырттай ұнатып жүрген, көңіл ауып жүрген сылқымдардың тамырын басып қалушы едік…

Қырқа-жоталарға бытырай қоныстанған киіз үйлерден будақ-будақ түтін шығып, есіктерінен жылтиып сәуле көрініп қана тұратын. Малдар да маңырауды қойған. Балалардың да шуылы сая­бырлап барып тоқтайтын. Тау іші мүлгіп кететін…

Осынау табиғаты таңғажа­йыпқа толы, тау-тасының, сай-сала­сының бәрінен қазақтың исі аңқып тұратын қасиетті мекен – менің туған жерім – Қытай Халық Республикасындағы Шың­жан Іле аймағы, Қас бойы жайлауы еді. Ол жерде ғасырлар бойы салт-дәстүрінің, ана тілі мен ата дінінің қаймағын бұзбай, берекесі айрандай ұйып келген орта жүз Найманнан тарайтын Матай ішіндегі Қызай деген ел жайлайды.

Ер жетісімен атажұртқа жол алып, сол бір құтты мекеніме кіндік қаным тамғанымен, маңдай терімді тамыза алмадым. Анашымның ақ жаулығы желбіреп қара жолға шығарып салғанына да біраз жыл аунады. Бұл күнде Алаштың анасы атанған Сыр елінде оқуда жүріп сонау дүниенің бір түкпірінде қалып бара жатқан ауылымды, бауырымды сағынып жүрген жайым бар…

Жамбыл БАҚЫТӘЛІҰЛЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<