Сығанақтың сыры

297

0

Қазақ хандығының жауһары, Ұлы Жібек жолының негізгі саяси әрі сауда орталығы болған – Сығанақтың сыры ашылып болған жоқ. Иә, Сыр еліндегі ірі тарихи нысан мемлекетке астана, елге пана, қоғамға рухани орталық болды. Ғасырлар куәсі болған ұлы қорғанның тасы әлі күнге дейін бояуы бұзылмай сақтаулы тұр.

«Сығанақ тарихы» қоғамдық музейі, Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ежелгі қалашықта өткізілген пресс-турға келген журналистер мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерін сол қалпы бұзылмай тұрған кірпіштер ерекше қызықтырды.

Бағыт алған нысанамыз Жаңақорған кентінен батысқа қарай 45 шақырымда, «Түркістан-Қызылорда» тасжолының оң жағында орналасқан. Қала орнына ең жақын елді мекен – екі шақырым қашықтағы «Сунақата» ауылы. Мұндағы маңызды шараны ашып берген аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов игі істің мақсатына тоқтала келе, көне Сығанақ қаласының қазақ тарихындағы алатын орны ерекше екенін атап өтті.

– Бүгінгі Сығанақ қалашығында ұйымдастырылып жатқан игі шараға Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, облыс орталығынан да арнайы делегациялар мен қонақтарымыз қатысуда. Бірнеше жыл бойы мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, тарихи нысанға «Казреставрация» мекемесінің мамандары реставрация және қазба жұмыстарын жүргізді, қаланың бұрынғы кейпін қайта қалпына келтіру үшін біраз еңбектенді. Қазақ хандығының астанасы атанған, тоғыз жолдың торабындағы сауда орталығының бірі болған қалашықтың қазақ тарихындағы алар орны ерекше.

 Бұл жерден ислам дінінің таралуына дәнекер болып, кеңінен жол ашқан небір дана бабаларымыз өтті. Тарихымызды бүгінгі буынға, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында маңдай терін төгіп жүрген баба ұрпағы, «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы Рысбек Асқарұлына, қаржылай қолдау көрсетіп, белсене қызмет етіп жүрген басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз. Осындай игі шаралардың ұйытқысы болып, жастарға үлгі көрсетуді жалғастырайық, – деді Бектас Балғабайұлы.

Режиссер Дінмұхаммед Әбжаппаров дайындаған «Сығанақ сыры» атты ашық аспан астындағы театрландырылған қойылымға жиылған көрермен мен тұрғындардың қарасы қалың. «Мирас» антреприза театры  көпшілік назарына ұсынған жаңа дүние халықтың рухын оята түскені айқын. Айта кетейік, шарада ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы әрі осы шараны ұйымдастырушы Рысбек Асқарұлына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табыс етілді.

Әрі қарай қонақтар мен делегация «Орда Сығанақ» шипажайында орналасқан «Сығанақ тарихы» қоғамдық музейіне жол тартып, мұндағы тарихи-мәдени ескерткіштермен, қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған мұралармен, музей тарихымен танысты.

– 2014 жылдан бері қалашықтың тарихын зерттей бастадым да, тұтас Қазақ хандығының астанасы болған орынға арналған музейдің жоқтығын түсіндім. 2003 жылдан қазба жұмыстары жүргізілуде. Сонда бұл жерден табылған дүниелер қайда кетіп жатыр? Неге сырбойылықтар осынау тарихи құнды жәдігерлерді өз көзімен көріп, сырын ұға алмайды? Неге бүгінгі ұрпаққа соны ұсынбасқа? Осындай сұрақтар санамды сілкіп, жан-жаққа хат жазып, іздене бастадым. Мемлекеттен тікелей қолдау болмағандықтан, «Сығанақ тарихы» деген атаумен қоғамдық қор ашып, кейіннен 2018 жылы Халықаралық музей күнінде жергілікті музейдің тұсауы кесілді.

Мұндағы экспонаттардың көбі археологтардың қазба жұмыстарынан қалған қалдықтардан бастау алды. Қаншама дүние табылды. Қазір жан-жақтан іздеу жұмыстары жүргізіліп, қалашықтың өз заттарымен толықтырудамыз, – дейді музейдің негізін қалаушы.

Айта кетейік, облыстық тарихи-өлкетану музейі сый ретінде төртқұлақ геометриялық ою-өрнегімен мозайка тәріздес глазурлі, алтыжапырақ гүл оюлы қыш қаптамалар, қошқармүйізді ою түскен декоративті қыш бекіткіш тарту етті. Жәдігерлер қатарына қосылған қалашықтың қыш қаптамалары келушілерді қызықтыра түсетіні сөзсіз.

Игі шара М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен белгілі драматург Сая Қасымбектің «Нұрнама» атты премьерасымен тәмамдалды. Кеште аудан әкімінің орынбасары пьеса авторы, белгілі драматург, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбекті, «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы Рысбек Асқарұлын, пьесаның қоюшы режиссері Дінмұхаммед Әбжаппаровты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, арнайы сый-сияпат табыс етті.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<