Тақта үстіндегі тартыс

589

0

Жарық дүниені көрмесе де, он екі мүшесі сау адамнан қабілеті кем түспейтін жандар бар. Ертай Әбимолда дойбы ойнағанда төңірегін түгел көріп отырған адамды да кейде шаң қаптырып, жеңімпаз атанатын. 13 қараша – Халық­аралық зағиптар күніне орай қалалық соқырлар қоғамында Ертай Әбимолда атындағы дойбыдан ашық турнир өткізілді.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткізілген ақыл-ой жарысына 30-ға жуық адам қатысты. Көру мүмкіндігі шектеулі жандар бір-бірімен кездесіп, ойын барысында ой бөлісті.

– Дойбыда жеңіске жету үшін ақылыңа жүгінесің, ал зағип жандар санадан бөлек, саусақпен сезу арқылы ойнауға дағдыланған. Олар бір сәтке болса да ойын бөліп, бар назарын дойбыға аударады. Қалалық соқырлар қоғамында 2005 жылдан бері тіркеуде тұрамын. 2011 жылы Ертай ағаның бастамасымен көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дойбы федерациясы ашылған болатын. Бізге өзі ойын тактикасын үйрететін. Аға өмірден өткеннен кейін де бас қосып, дойбы ойнауды дәстүрге айналдырдық, – деді Айнұр Бекжанова.

Дүниеге келгеннен көру мүмкіндігінен айырылған Ертай Әбимолданың «өзі секілді жандарға жанашырлығы тым бөлек, есте сақтау қабілеті мықты болатын. Есімізге түспеген дүниені ағамнан сұрасам, лезде айтып беретін. Республикалық жарыстардан жүлделі оралатын» дейді інісі. Бұл шараның демеушілері де – туған-туыстары. Шарада ерлер арасында І орынды Жетес Тәжібаев иеленсе, ІІ және ІІІ орынды Тілепбай Алиев пен Алмас Ескендіров еншіледі. Әйелдер арасында І орын Айнұр Бекжановаға, ІІ және ІІІ орын Күлімкөз Дүзбай мен Валентина Калменоваға бұ­йырды. Сондай-ақ, қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<